Жаңалықтар

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Керей руы

Керей руының шығу тарихы
29.12.2015 11:31 20584

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Керей руы

Керей (карайлар)  – қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі – Керей елінің де тарих көшінде белгілі бола бастаған кездеріндегі ғұмыр кешкен ата жұрты – сонау замандарда бірсыпыра түрік халықтарының қасиетті қонысы атанып, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз мәңгілікке қашалып, жазылып қалған, қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан байтақ аймақты қамтитын құтты мекеннің бір тұсы – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы еді. Керей атауының шығуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ солардың арасында Орхон-енесай жазуларының білгір зерттеушісі, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының апталығымызға ұсынған қолжазбасындағы Керлін (Керулен) өзені және ол өз басын алатын Кентау тауына қатысты пікір көңілге қонымды көрінеді. Онда қазақ ғалымы көне түрік жазуларында (Мойыншор ескерткіші, VIII ғ) бұл қоныс жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айтады. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі Тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен.

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Керей руы

М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы кәміл дегенді айтады. Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейінгі аймақты мекендегенін де көреміз. Тарихтан жоңғарлардың XV ғасырдың басынан қуатты күшке айнала бастағаны белгілі. Осы шамада олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді қатты бір соққыға душар етіп, жан-жаққа тағы ыдыратып жібергенге ұқсайды. Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен 16-ғасырдың басында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысқан. Өз тарихында қилы-қилы дәуірлер мен аласапыран замандарды бастан өткерген көне Керей елі кейіннен қазақ халқын құрауға атсалысқан белді тайпалардың біріне айналды. Керейлер сондай-ақ өзбек халқының құрамында да бар. Кенегес тайпасының екі рулы Абақлы мен Ашамайлы деп аталады. Ол Қарақалпақтың Қоңырат деген үлкен арысына енетін рулардың да бірінің аты. Керей рулары тубалардың, Қырым татарларының, башқұрттардың да құрамында кездеседі. Дені қазақ ішінде қалған Керей елі қария сөздер бойынша Абақ және Ашамайлы болып екіге бөлінеді. Қазақ шежіресіндегі бұл ру аттарының шығу тегін тергеген тұстарына үңілсек, Абақты Керейдің Ақылбай атты ұрпағының бәйбішесінің аты еді деген түсіндірмеге жолығамыз. Оның есімі әуелі Аппақ екен, келе-келе Абаққа айналған. Қазір «12 ата Абақ» деп жүрген бірлестік әу баста сол Абақ бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді. Ал Ашамайлының әуелгі аты Ғали екен (енді бір шежіреде Ақберді), әкесі ашамайға мінгізіп барып келіншек алып бергендіктен Ашамайлы атаныпты делінеді. Шежіреде Абақты Ашамайлыдан әкеліп тарқататын нұсқалар да бар. Зерттеушілер бұл ру аттарын олардың таңбаларына қатысты өрбіген атау болуы керек деген пікірге ден қояды. Ашамай – қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша «балаға арналып, екі қасының жоғарғы ұшы айқастырылып жасалған ер». Ру таңбасындағы «Х» әрпіне ұқсас белгі соны көрсетеді. Ал «абақ» - қасқыр, түлкі секілді аңдарды ұстауға арналған көне құралдың аты. Ол аң сиятындай екі бөліктен тұрады. Аң ішкі бөлікте жатқан етке ұмтылып кірген кезде, жоғары қарай көтеріліп тұрған сырғыма есік сарт етіп төмен түсіп жабылып қалады (Қ.Салғарұлы). осы «абақ» сөзінен түрме мағынасын білдіретін «абақты» сөзі шыққан. Сондай-ақ ғалымдар арасында «ашамай» таңбаны керейлердің баяғыдан несториан дінін ұстанған кезінен қалған бір белгі деп – «крест» таңбасынан, ал «абақ» сөзін түрк-моңғол тілдеріндегі «қандас туыстар одағы» деген мағынаны білдіретін – «обақ», «обох» сөздерінен тарқататын топшылаулар да бар. Керей еліне қатысты ата-тек мәліметтерінің бірсыпырасы Сегіз сері Баһрамұлының шежіресінде жинақталған. Бүгіндері Қазақстан Республикасы ғылым академиясының қолжазба қорында сақталған бұл шежірені әу баста XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында ғұмыр кешкен көшебе Дәулен батыр Таузарұлы жинастырған екен. Одан кейін оны баласы Толыбай, немере туысы Шәукер мырза, ұрпақтары Шақшақ би сияқты біраз сауатты кісілер толықтырған. Олардан Сегіз сері жазып алып, кейінгі ізбасарларының дамытуымен бізге жеткен Абақ керейдің қоныстанған мекен тұрағы Алтай айналасы, Моңғолияда Қобда өлкесі, Баян-Өлке аймағы, Қытайда Қаба өзені, Қара Ертістің басы, Сауыр тауының күңгейі, Үліңгір көлі маңайы. Олардың қалың ұйысқан жерлері шетте болғандықтан, біз Абақ керей туралы толық шежірелік мәліметтерде ілкіде мұқтаждық көріп отырған едік. Алайда Моңғолияда тұратын авторымыз Қ.Сартқожаұлы Баян-Өлкеде 1991 жылы басылып шыққан Абақ керей шежіресін ала келіп, біраз жыртығымызды жамап кетті. Бүгінгі тізбе-кесте де Р.Шынай деген азамат құрастырған осы жинақтағы және бұрыннан да қолда бар моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлының «Керейлер керуені» атты кітабындағы мәліметтер негізінде жасалды. Абақ шежіресін кестеге түсіру үстінде біз Шәкерім қажаның он екі ата Абақты – Жәнтекей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ деп бөлгені дұрыс болуы керек деген ойға келдік. Біраз мәліметтерде он екі атаның бірі – Шимойын руы деп аталып жатады. Алайда тізбелеу үстінде біз Шимойын Абақтан емес, Ашамайлының Сибанынан тарайтын деп айтуының да бекер еместігіне ден қойған едік. Сегіз сеті шежіресі оны Балғанның Сибаына жатқызады. Осы соңғы шежіреде 19-ғасырдың басында Керей, Уақтың басым көпшілігі орыстан үркіп Алтай, Шәуешекке көшкенде, Шимойын керейлердің едәуір бөлігі солармен бірге өткені айтылады. Демек, Шимойынның Абаққа, Ашамайлыға да қатысы бар болуының бір төркіні осында. Қалың Абақтың арасында тұрғаннан кейін ол бірте-бірте сол қауымдастықтың бір баласы секілді болып кеткен. Алайда ата-текті тарқатқан шежіре желісіне сыналап кіре алмаған. Абақ керейдің қрамындағы Меркіт руы – ілгерідегі көне Меркіт тайпасынан жеткен бір сынық.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға