Жаңалықтар

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Алшын руы

Алшын құрамындағы ру-тайпалардың аттары, Байұлы (Байырку, Байегу) этнонимдері көне қытай жазбаларында (5 ғ.), Орхон-Енисей ескеркіштерінде (8 ғ.) жиі кездеседі.
29.12.2015 11:04 21427

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.

Алшын руы

Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Алшын руы

Алшын сөзінің этимологиясы, түп мағынасы жөнінде отандық және шетелдік ғалымдар әр алуан, бір-біріне қайшы пікірлер айтып келеді. Соңғы кездері алшын атауының шығу тегін «алаш» сөзімен байланыстырып, оның көпше түрде тұлғалану нұсқасы ретінде қарастыратын жорамал пайда болды.

Алшын құрамындағы ру-тайпалардың аттары, Байұлы (Байырку, Байегу) этнонимдері көне қытай жазбаларында (5 ғ.), Орхон-Енисей ескеркіштерінде (8 ғ.) жиі кездеседі. Мысалы, қытай жылнамашылары Байұлы бірлестігі Канганьхэ (ш. Селенганың жоғары сағасы) өзенінің бойын мекендеғенін айта келіп, «бәрі де ауқатты, 60 мың адамы бар, 10 000 әскер шығара алады» деп жазады.

Орта ғасырлық авторлар алшын ру-тайпаларының Еуразия кеңістігінде салтанат құрған алғашқы түркі мемлекеттері — Батыс Түрік қағанатын, Хазар хандығын, Ноғай ордасын, Астрахан, Қазан хандығы мен Қазақ ордасын құруға белсене қатысқанын жазады. Алшын ұлысы қазақ халқының тарихында жауынгерлігімен даңқы шыққан.

Халық аузындағы «... Кіші жүзді найза бер де, жауға қой» деген темсіл алшынның тарихи-этно-мәдени, геосаяси сипатын, менталдық болмысын аңғартады. Қазақ елінің бірлігіне, жерінің тұтастығына қауіп бұлты төнген шақта Әбілқайыр баһадүр бас қолбасшысы сайланып, Жалаңтөс батырқол бастап келгені белгілі. «Сөз атасы» Майқы би «Бектен туған Алшынды, Біз үшін қанға малшынды, Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза қамшыңды» дейді.

Атақты ақын-жырау Сүйінбай Аронұлы «...Алшын ата баласы — Сұлтансиық, Бақсиық, Хан қызы екен анасы, Қаннан кеуіп көрген жоқ, Найзасының сағасы, 12 ата Байұлы, 7 аталы Жетіру, Әлім менен Шөмекей, Халқымның еді жағасы» деп толғаған. Алшын тайпаларының атамекені Алтай баурайы екендігі, 10 ғ-да олардың Арал (Кердері) және Каспий теңіздеріне қарай ойысқандығы айтылады.

Бір бөлігі Батыс Еуропаға (Атилла, 400-453) жорыққа шығып, Мысырға дейін барған. Мысалы, орта ғасырлық Египетке мәмлүктер үстемдігін орнатқан әскери әрі мемлекеттік қайраткер Бейбарыс алшын құрамындағы беріш руының ұланы. Сондай-ақ найзаның ұшы, қылыштың жүзімен ел шетін жаудан қорғауда шешуші рөл атқарған алшындар әр кезеңде әскери жорықтарға шығып, Еуразия мен Еуропа кеңістігінің саяси-этникалық бедерін өзгертуге есер еткені белгілі. Алшын ұрпақтары қазір башқұрт, татар, тыва және т.б. түркі халықтарының құрамында бар.


Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар. 

Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға