Жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштер!

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әр облыста ескерткіштер ашылып жатыр. Соның ішінде ең ауқымдысы Тараз қаласында болмақ.
30.07.2015 06:17 10621

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әр облыста ескерткіштер ашылып жатыр. Соның ішінде ең ауқымдысы Тараз қаласында болмақ. Қазақ хандығына байланысты ауқымды шаралар Таразда өтетін болады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштер!

Мерейтойлық шара аясында қазан айында Таразда «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі ашылады. 30 метрлік монумент қаланың батыс бөлігінде «Тараз-Арена» Спорт сарайына қарама-қарсы орналасады. Жақында Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Қазақ хандығы» монументі тұрғызылатын орында болып, эскиздік жұмыстармен танысты.

Өскеменде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ескерткіш орнатылады деген болатын. Мүсіннің қандай болатыны әзірше белгісіз. Ескерткіш облыс басшылығының бастамасымен орнатылмақ. Ол Ушанов алаңында немесе амфитеатр ауданында қойылуы мүмкін. Байқау сәуір айында аяқталған еді, әзірге ескерткіштің ашылу рәсімі өткен жоқ. 

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштер!

Сондай-ақ, Қостанай облысы Қарабалық ауданының орталығында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш орнатылды. 

Бұған дейін Қарабалық өңірінде ұлттық нышандағы, ұлттың тарихынан хабар беретін ескерткіш болмаған еді. Қолына қылышын қысып ұстаған, аттың үстінде кең далаға қарап, жауына қарсы ұмтылған батырдың бейнесі нағыз Отанды қорғаудың, патриотизмнің символы тәріздес. Мүсінші Ертуған Шаймағамбетовтің талантынан туған ескерткіш аудан тұрғындары жинаған қаржы есебінен тұрғызылды.

Қарабалық ауданының әкімі Алмат Ысмағұлов: «Бұл ескерткіш Қазақ хандығының 550 жылдығы және кең даламыздың тәуелсіздік үшін күрескен даңқты ұлдарының құрметіне қойылды. Батыр ескерткіші жиынтық образ болып саналады. Ол қазақ мемлекеттігінің, қазақ хандығының бастауында тұрған, Қазақстанның егемендігі үшін күрескен қазақ халқының барлық батыр ұлдарының бейнесі тәрізді. Сонымен қатар бұл ескерткіш біздің еліміздегі барлық ұлт-ұлыстар достығын, бірлігін көрсетеді. Бұрынғы өткен бабалар рухына, дәстүрімізге тағзым», – дейді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіштер!

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Орал қаласындағы Достық даңғылының бойында қазақ батырының ағаштан жасалған мүсіні ашылды. 

Мұның ерекшелігі – ағаш түбірінен ойылып жасалғандығында. Оған әуесқой мүсінші Болатбек Баймағамбетовтің бір айдай уақыты кеткен. Осы жерде қураған ағаштың түбірі тұрғанын байқаған ол көмекшісі Азамат Алагөзовпен бірге жергілікті тұрғындардың қолдауымен қазақ батырының бейнесін сомдап  шыққан.  


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға