Жаңалықтар

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Қазақ мемлекеттілігінің 550-жылдығы
05.12.2014 04:00 7338
Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Бүгін Астанада «Қазақ Хандығына 550 жыл: тарихи, идеологиялық өлшемдері» атты тақырыппен «Аманат» интеллектуалды пікір сайыс клубының отырысы өтті. Күн тәртібінде "Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?" мәселесі басты сұрақ ретінде қаралды. Осыған орай отырыста ғалымдар мен қоғам қайраткерлері түрлі ұсыныстарын ортаға салды. Назарларыңызға клуб отырысынан арнайы фоторепортаж ұсынамыз.

Аталған тақырып қоғамда қызу талқыланып, тарихи мерекені қалай тойлау керектігін айтып, ұсыныстар жасалуда. «Елбасының ұсынысын мемлекеттік идеология тұрғысында қалай жүзеге асыруымыз керек?» деген сұраққа жауап іздеген клуб мүшелері еліміздің белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізді. 
«Аманат» клубында 2008 жылдан бері қоғамда болып жатқан әр түрлі мәселелер талқыланды. Көбінесе, Алаш қайраткерлері мен олардың мұраларына қатысты Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында жиындар өткіздік. Енді міне, Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту туралы бастамаға үн қосайық деп қоғамдық талқылауға ұсынғанды жөн көрдік», - деді Берік Уәли. 
Отырыстың ашылуы кезінде «Аманат» пікір сайыс клубына осы уақытқа дейін жетекшілік еткен Берік Уәли клубтың жетекшілігін жастарға табыстағысы келетінін де айтты.

«Кейінгі келе жатқан буынға сабақтастық болсын деп, талантты журналист, саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлына клуб жұмысын жүргізуді сенім артып, тапсырдық. Бұдан былай ай сайын өтіп тұратын түрлі отырыстардың тізгінін Жарқын Түсіпбекұлына берсек дейміз», - деп клуб жетекшілігін ресми түрде Жарқын Түсіпбекұлына табыстады.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Клуб жетекшілігін қолға алған Жарқын Түсіпбекұлы: «Сіздермен алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтындығым қуантады. Алдыңғы буын ағаларымыздың сенімінен шығуға тырысамыз», - деп ризашылығын білдірді.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Клуб отрысының ашылуынан соң сөз кезегі елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне берілді. 
«Клуб отырысына өте орынды тақырып таңдалған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығы мерейтойын өткізетінін жариялады. Осыған байланысты өткен 4 қарашада осы тақырып бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысы тыңдалды. Жұмыс жоспары жасалып, мерейтой өз деңгейінде өтеді деп сенемін. Ал, клубтың таңдаған тақырыбына оралатын болсақ, өзекті мәселе көтеріліп отыр. Кезінде біздің революцияға дейінгі тарихымызға көп көңіл бөлінбеді. Кеңес тұсында қазақ хандығына қатысты дәуір зерттелінбейтін. Қазіргі кезде мүмкіндік мол. Осыны біз тиімді пайдалануымыз керек», - деді тарихшы Бүркітбай Аяған. 
Ол өз баяндамасында неліктен ғалымдар қазақ хандығының құрылуын 1465 жылмен байланыстыратынын да тілге тиек етті.
«Сондай-ақ, Қазақ Хандығының 1465 жылы құрылғандығын Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектері дәлелдеп отыр. Оның сөзін парсы тарихшылары жазып қалдырған еңбектер де дәлелдей түседі», - дей келе өз зерттеулерінде қазақ хандығының мемлекеттік басқару құрылымдары өте жақсы дамығанын айтты. Ғалымның түсіндіруінше, Қазақ Хандығында мемлекетті басқарудың тиімді жүйесі болған. 
«Қазақ Хандығы белгілі бір жүйесі бар орнықты мемлекет болды. Жәнібек пен Керейдің құрған мемлекетінің Ақсақ Темір құрған мемлекеттен айырмашылығы осы да еді. Ақсақ Темір құрған мемлекет өзі дүниеден өткен соң ыдырап кетті. Ал, Жәнібек пен Керей құрған мемлекет жүйелі түрде атадан балаға мирас болып келді. Қазақ Хандығының мемлекеттік құрылымы жағынан тағы бір айырмашылығы – орталықтандырылған мемлекет болды. Айталық, Орта Азиядағы өзбектердің мемлекеттік жүйесімен салыстырсаңыз, олар бірнеше хандықтарға бөлінеді. Біздің Қазақ Хандығының жүйесіндегі тағы бір ерекшелік, елдің билеуші хан болса, оның бақылаушы билер мен батырлар болды. Ал, таптық тұрғысынан Қазақ Хандығында басыбайлылық деген болған жоқ. Дәл осы уақытта басыбайлылық Ресейде белең алып тұрғанын тарих өзі көрсетіп берді. Құқықтық жүйесінде жазалаудың түрлері бола тұра түрме салынбады. Оның орнына «құн салығы» айып ретінде қарастырылды. Заманына сәйкес экономикалық жүйесі де болды. Осы жүйемен салық ісі де реттелді», - Б. Аяған.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Тарихшы ғалымның сөзін жалғастырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов Қазақ Хандығына қатысты ақпараттарды БАҚ өкілдері дұрыс жеткізбей отыр деген пікірін білдірді. 

«Бұқаралық ақпарат құралдарында қазір «Қазақ Мемлекеттілігінің 550 жылдығы» деп жазып жүр. Бұл мүлдем қате. Дұрысы Қазақ Хандығының 550 жылдығы. Ал, қазақтың мемлекеттілігінің түп-тамыры тереңде жатыр. Осыны ойлауымыз керек», - деді ол өз сөзінде.
Отырысқа қатысушылар да депутаттың пікірін қуаттап, «БАҚ өкілдері бұл ескертуді назарда ұстауы керек» деген тоқтамға келді.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Әріптесінен соң сөз алған депутат Алмас Тұртаев Қазақ Хандығының 550 жылдығын атап өту үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізетін шаралармен шектеліп қалмауымыз керек деген пікірде екендігін жіткізді. 
«Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған шаралар үшін қоғам тарапынан түрлі ұсыныстар бар. Жасыратыны жоқ, ұсыныстардың арасында рушылдық пен жершілдікті көрсететін жағдайлар да кездесіп жатады. Қазақ Хандығының 550 жылдығы белгілі рудың немесе жердің шарасы емес. Бұл бүкілхалықтық шара екенін ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты ұсыныстарды саралайтын үкіметтік комиссия қажет», - деді Алмас Тұртаев. 
Депутат қоғам тарапынан келіп түскен ұсыныстармен қатар, өзінің де ұсыныстары бар екенін жеткізді. 
«Қазақстанның дамуына үлес қосқан шетелдік түрлі қайраткерлер мен инвесторлар, ғалымдарды Қазақ Хандығының 550 жылдығына қатыстыру керек. Сонымен қатар, осы айтулы шараға арнап төсбелгі дайындап, көрші елдердің басшыларын марапаттаған жөн. Олардың арасында қазақ қоғамы туралы жақсы пікірлер қалыптастырғаны бар. Бұл ұсыныстарды Үкіметке ұсыныс-хат ретінде жолдадық», - деді депутат. 
Алмас Тұртаев бұл ұсынысымен қоса «Қазақ Хандығы күні» датасын бекітуді Үкіметке ұсынғанын да атап өтті.
«Тағы бір ұсыныс, Қазақ Хандығын мерекелеу шаралары бір реттік шара ғана болмауы керек. Өткен айда Үкіметке жолдаған сауалымызда Мемлекеттік рәміздер күнін «Мемлекеттік рәміздер және Қазақ Хандығы күні» деп өзгертуді ұсындық. Біз осы арқылы өткен тарихымызды зерделеп, оны тануға мүмкіндік аламыз. Егер ұсыныс қабылданса бұл дата өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы алтын көпір тәрізді болар еді», - деді Алмас Ұзақұлы.

Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, мұндай мемлекеттік шараларға өзге мемлекеттер бірнеше жыл бұрын дайындалады. Академия президенті осы орайда Түркия Республикасының тәжірибесін мысалға алды. 

«Түркия қазіргі уақытта ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар жасап, оны жүзеге асыру үшін Қазақстанның тәжірибесін назарға алып отыр. Солардың қатарында, 2023 жылы өтетін Республиканың 100 жылдығы мерейтойы бар. Айтулы шараға дайындық жұмыстары бүгіннен басталып кетті. Уақыттың молдығына қарамастан Түркия бұл іске тиянақты дайындалып жатыр. Бір қызығы, Республиканың 100 жылдығын атап өткелі отырған Түркия өз әскерінің жасын екі мың жылдан артық екенін айтады. Бұл дегеніміз Түркияның мемлекеттік тарихының тереңде екенін көрсетеді», - деді Дархан Қыдырәлі.

Қазақ Хандығының 550 жылдығын қалай атап өтеміз?

Клуб отырысының соңында қатысушылар жаңадан тағайындалған жетекші Жарқын Түсіпбекұлына сәттілік тілеп, алдағы уақытта да осы тақырып төңірегінде ақылдасу үшін қайтадан басқосуға уағдаласты.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ
 (фото)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға