Жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні неде?

Биыл барша Қазақстан халқы бабалары аңсап кеткен Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлауда.
15.09.2015 04:31 18277

Биыл барша Қазақстан халқы бабалары аңсап кеткен Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлауда. Тарихи мерейтойды атап өтудің маңызы қандай, мәні неде? Бұл сауалға зиялы қауым өкілдерінен жауап алдық.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні неде?

Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық мұражай директоры:

Қазақ хандығының 550 жылдығы – ата-тарихымыздағы айтулы дата. «Ата-тарих» деген жақсы ұғым келді ғой. Шынында да, бізге өз тарихымызды білу – тек өткенімізден хабардар болу үшін емес, болашағымызға айқын бір ұстаныммен қадам басу үшін де өте маңызды. Бұл той біздің патриоттық рухымызды өрістетті. Ғалымдар да, тарихшы-жазушылар да Қазақ хандығына жаңаша көзқараспен қарайтын болды. Оны Тәуелсіздігімізбен байланыстырып қарайтын болды. Өйткені сол кездегі хандарымыздың да, халқымыздың да арманы – Тәуелсіз ел болу еді. Бұл тойдың тағылымы – жүрегі «қазақ» деп соғатын қазақстандықтарға бізді біріктіретін бір тіл, бір дін екенін ұғындыру.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні неде?

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі:

Бұл енді халық үшін өте маңызды. Қазақ хандығының тарихындағы ұлы тұлғалар, одан бері қарай Әлихан (Бөкейханов) бастаған Алаштың азаматтары солар осы бүгінгі күнді армандап кетті. Армандаған күн туды, халық егемендік алды. Енді не керек? Дұрыстап еңбек етіңдер. Сендер (журналистерге) халықтың көзі мен құлағысыңдар. Сендер осыны дұрыстап жеткізулерің керек.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні неде?

Сайлау Батырша-ұлы, ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер, профессор:

Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан мынандай сөз бар: «Тәуелсіздікті алу оңай болған жоқ. Ал, тәуелсіз мемлекетті ұстау одан да қиын». Яғни, тәуелсіз мемлекетті әрі қарай Мәңгілік ел жасау үшін, күнделікті күрес, күнделікті еңбек керек. Бүгін салатанатты жиында Елбасының баяндамасына риза болғаным таза қазақ тілінде шықты. Біз осы күнді қанша армандап едік. Мен дипломатиялық қызметте жүргеніме 50 жыл болды. Сіздер білесіз бе, білмейсіз бе, мына бір ел екінші елді басып алғанда, ең алдымен оның байлықтарын жояды. Біз Ресей отарында болған кезде, талай маңызды құжаттарымыздан айрылып қалдық. Енді, соларды зерттеуіміз керек. Біздің тарихқа қатысты қаншама құжаттар шетелдерде жатыр. Соларды зерттеу ендігі буынның міндеті.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өтудің мәні неде?

Сұлтан Жанболат, профессор, жазушы:

550 жылдықтың, әсіресе, Қазақ хандығының алғаш құрылған кезіндегі идея, құрылғаннан кейін күшею, гүлдену кезіндегі идея, стратегиялық-тактикалық іс-қимылдар, оның тарих сахнасынан жойыла жаздауы, шабуылға ұшырауы, отарлануы тұстарында көптеген тарихи ащы сабақтар, жинақтауға тиісті тәжірибелер бар. Мен ойлаймын, біздің ұрпақ алдыменен осы тарихтың сабағын жақсырақ игеруі керек деп. Сол негізде бүгінгі той тек ойнап-күліп, қуану ғана емес, елді Мәңгілік елге айналдыру үшін патриоттық рух көтерілуі керек, сана көтерілуі керек. Тарих деген сол ұлттың өткені арқылы, оның жалғасуы арқылы елді мәңгілікке айналдырады. Сондықтан, мәңгілік елге ұмтылудың алдында осы тарихтан сабақ алып, патриоттық рухты көтеру керек. 


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға