Жаңалықтар

Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді Рүстем Әбдірашев түсіреді

«Сталинге сыйлық», «Құрақ көрпе», «Елбасы жолы» (киноэпопея) фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді түсіреді.
17.02.2015 03:36 7314

«Сталинге сыйлық», «Құрақ көрпе», «Елбасы жолы» (киноэпопея) фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді түсіреді. Бұл туралы бүгін мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер департаменті директоры Ақтоты Райымқұлова хабарлады. Оның сөзінше, қазір фильмді түсіру тобы кино түсіретін орынды қарастырып жатыр.

Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді Рүстем Әбдірашев түсіреді

Оның сөзіне қарағанда, түсіру тобы негізінен жастардан құралған. Қазіргі кезде туындыны түсіру үшін локацияларды қарастыруда. Басты рөлдерге бірнеше үміткерлер іріктелді.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм алғашқы жоспарлағаннан екі есеге, яғни 10 серияға дейін қысқарғанын, фильм Жәнібек пен Керей билігі заманынан бастап Кенесары ханға дейінгі кезеңді қамтитынын айтқан. Бұдан өзге, кино түсіруге АҚШ пен Қытай кинокомпаниялары кеңесші ретінде шақырылатыны хабарланған. Фильмді 2015 жылдың соңына дейін экранға шығару жоспарланып отыр.

Бұған дейін де Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы не үшін 10 серияға дейін қысқарғанын түсіндірген еді.

«Қазір қоғамда осы фильмге қатысты қызу пікірталас болып жатыр. Бірақ, киноиндустрия саласындағы әр қадамымыз жоғары деңгейде болуы бәрімізге ортақ арман. Енді, Қазақ хандығы туралы сериал 20 бөлімнен неге 10 бөлімге дейін қысқарды деген мәселеге келсек, біз сериал түсіру үшін нақты Қазақ хандығының құрылған кезеңін алдық. Бұған дейін біз Қазақ хандығына дейінгі дәуірді, қазіргі уақытқа дейінгі өзгерістерді қамтуды ойлаған едік»,  – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Рүстем Әбдірәшевтің кандидатурасын мақұл көретінін жыл басында да айтқан болатын.

«Қазір сериалдың режиссері ретінде Рүстем Әбдірашевтің кандидатурасын қарастырып жатырмыз. Рүстемді өздеріңіз де жақсы білесіздер, оның шығармашылығымен таныссыздар. Оның үстіне, Рүстем тарихи туынды түсіргісі келетінін айтқан болатын», – деп.

Сондай-ақ, көп сериялы тарихи туындының сценариін жазуға белгілі жазушы Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықовтың шақырылғанын жақсы білесіздер. Консультант ретінде «Шыңғыс хан» фильмінің сценариін жазған маман да шақырылады.

Жалпы, Қазақстанда ең бірінші рет осындай ауқымды тарихи сериал қолға алынып отыр. Үлкен жауапкершілік пен ел тарихын қамтитын картина көпшіліктің көңілінен шығу үшін сапалы түсірілім жұмыстарын талап етеді. 


Әзірлеген: Досжан Мейірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға