Жаңалықтар

Қазақ хандығы үлкен мәдениетті қалыптастырды

Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюінде ерекше дамыған екі өңір: Түркістан мен Жетісу аумағының саяси маңызы ерекше болды.
29.06.2015 03:30 15317

Ақ Орда Қазақ хандығының негізін салды. Хандықты құрушы Жәнібек пен Керей Ақ Орданың әйгілі ханы Ырыс ханның немересі (Барақ ханның баласы) еді. Жәнібек пен Керей құрған қазақ хандығы қазақтың өз алдына халық болып қалыптасуына жол ашты. Екі ғасыр бойына тарихта өшпес ізін қалдырған Ақ Орда дәуірін қазақ халқының тарихи дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі деуіміз керек.

Қазақ хандығы үлкен мәдениетті қалыптастырды

Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюінде ерекше дамыған екі өңір: Түркістан мен Жетісу аумағының саяси маңызы ерекше болды. Жетісу мен Шығыс Қазақстан; Оңтүстік Қазақстан мен Сырдарияның орта және төменгі ағысының бойындағы қалалар және Орталық Қазақстан өңірлері Қазақ этногенезінің үш үлкен торабы. ХVI ғасырдың тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде: «870 (1465) жылдары. Дешті Қыпшақта түгелдей Әбілқайыр билік жүргізді. Жошының ұрпақтары Жәнібек пен Керей хан Әбілқайырдың жүргізіп отырған саясатына (жерді, малды бөліп беру, қарапайым көшпелі халықтың жерін тартып алу, т.б.) қарсы жорық жасап, одан қашып Моғолстанға кетіп қалған еді. Моғолстан ханы Есенбұға оларды құрметпен қарсы алып, Моғолстанның Батыс жағындағы Шу өзені алқабында Қозыбасы деген жерді береді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрді. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады... » деп жазған болатын. Осы жылдары Қазақ хандығының халық саны 200 мың адамға жетіп, алғашқы қазақ ханы Керейден кейін ел билеген Жәнібек, Бұрындық хандар кезінде мемлекет шек­арасы Сыр бойына, Арал теңізіне дейін созылды.

Қазақ хандығының алғашқы іргетасын қалап, барлық қазақ руларының басын қосып тарих сахнасында жеке қазақ есімімен аталатын тәуелсіз ұлттық мемлекеттің саяси билеушілері - Керей мен Жәнібек хандар 1465 жылы Шу мен Қозыбасы жерінде Қазақ хандығының негізін қалағандығы жөнінде Елбасы Н.Назарбаев: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз - бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз», деп нақтылап айтқан еді. Сондықтан да бұдан былай отандық тарихшылар қауымдастығы Қазақ хандығының құрылған жылын 1465 жыл деп көрсетіп, бұл мәселе төңірегіндегі сан алуан пікірлерге нүкте қойылуы тиіс тәрізді.

ХV ғасырдың екінші жартысында құрылған Қазақ хандығы Еуразия кеңістігінде қалыптасқан мемлекеттердің жалғасы ретінде, олардың ел басқару қағидаларын, салт-дәстүрін, мәдениетін бойына сіңіріп, жетілдіре отырып - ұлттың қалыптасуының бастауы болды.

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты қазақтың өз заң ережелері жұмыс істеді. Ру аралық дау-дамайлар билердің араласуымен шешілді.

Қазақ халқының тарихында құқықтық танымы мен санасында халықтың әдет заңының мәдени-әлеуметтік, саяси құқықтың маңызы өте жоғары. Тәуке хан тұсында жүйеге түсіп қабылданған әдет заңы ел өмірінде маңызды қызмет атқарды. Жеті арна болып, ел өмірінің жеті саласын тұтас қамтыған әдет заңының жүйесі халық, мемлекет, жеке адам тіршілігінің барлық бағыты бойынша қағидалар мен ережелерді қалыптастырды.

Қазақ халқының әдет-ғұрып норма­ларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені немесе адамның денесін жарақаттағаны үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлемақы төлеу ұстанымы жатыр.

Қасым хан тұсында Қазақ хандығының саяси ықпалы күшейді. Айтулы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің: «Қазақ хандығы мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес», деуі Қасым ханның қайраткерлік тұлғасына берілген үлкен баға екені анық.

Қасым ханның ел басқарған кезеңде халық саны бір миллион адамнан асып, ел шекарасы Еділге дейін созылды. Мемлекеттің астанасы Жайық бойындағы Сарайшық қаласында орныққан. Бұдан кейін тарихқа «аласапыран» атауымен енген 1538 жылғы Хақназар билігіне дейінгі кезеңде Қазақ хандығы бірнеше ұсақ хандыққа бөлінгенмен, халықтың бүтіндігі бұзылмаған. Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім хандар дәуірі кезінде Қазақ хандығы 1538-1628 жылдары өзінің аумағын Сыр бойы қалаларымен, Орта Азия иеліктерімен кеңейтті.

XV ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптаса бастаған Тәуке ханның тұсында өзін көршілеріне мойындатқан Орталық Азиядағы іргелі елдің біріне айналды. Билермен ақылдаса отырып жасаған «Жеті жарғы» негізінен көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне, қарым-қатынастарына, моральдық ұстанымдарына негізделген. Әз Тәуке «Жеті жарғы» арқылы қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын арттыруға ерекше мән берген. Тәуке хан тұсында Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы болған. Оның тұсында Хан кеңесі, Билер кеңесі құрылып, жұмыс істеген. Бұл сол кездегі мемлекеттік органдардың берік құрылымы еді. Қазақ даласындағы билер институтының кемелденіп дамуы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Келер жаудың алдын алу батырға жүктелсе, даудың алдын алу билерге міндеттелген. Олардың ең басты қызметі - елді бірлікке ұйыту, берекеге шақыру, ынтымаққа ыңғайлау, хан мен қараша арасына дәнекер болу. Ханнан қысым көрген қараша билерден әділдік іздеген. Ханы қатыгез болса да, биінің турашылдығын халық қатты қалаған. Бидің халыққа ханнан гөрі жақын тұруы содан болса керек.

Қазақ хандығын баянды ету, оны дамыту барысында Абылай ханның ел алдындағы атқарған тарихи қызметі өлшеусіз.

Үш жүздің қолдауына ие болған Абылай хан ру-руға бөлінген қазақ халқының басын құрап, бір орталыққа бағынған хандық жүйені құруға ұмтылды. Бұл мақсат түркі дәуірінен бері келе жатқан атақты билеушілердің басты мұраттарының бірі еді. Сондықтан ол ішкі және сыртқы жағдайды ескеріп қазақ қоғамының саяси жүйесіне реформалар жүргізе бастады. Абылай хан қазақ халқының ішкі мәселелерін шешуде сыртқы күштер - Ресей мен Қытайдың ықпалынсыз және сыртқы мәселені бір орталықтан хандық биліктің басқаруы арқылы жүзеге асыруды қолға алды. Баһадүр хан Абылай Орта Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың күрт өзгерген уақытында билік құра отырып, қазақ мемлекеттілігінің негізін сақтай білді. Елді жоңғар шапқыншылығынан қорғауда, екі алып империя арасында қазаққа тиімді саясат жүргізіп, елдің ынтымағы мен ішкі бірлігін нығайтуға, ел дербестігін сақтап қалуға барынша күш салды.

Абылай хан төтенше жағдайларға икемсіз Хан кеңесінің құзырын ықшамдап, дәстүрлі билер институтының өкілетін тежеу арқылы мемлекеттік басқарудың тетіктерін тікелей өз қолына алды. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында көршілерді тонау-талаудан емес, еларалық сауда қатынастарын дамытуға ықыласты болды. Бұхара, Қоқан, Хиуа, Жоңғар хандықтарымен айырбас сауда жасап, шетелдік сауда керуендерінің келіп-қайтуын қатаң бақылауға қойды.

Елдің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалуды басты ұстанымы етіп алған Абылай хан көршілес елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатып, қазақ дипломатиясының озық үлгісін көрсетті. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Ақыл­ды хан жалаң қылыш, жадағай ұранның заманы өткенін өзгелерден бұрын аңғарып, ел болашағы тату көршілік пен ағайынның ауызбіршілігінде екенін сезе білді», деп атап өткен болса, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов:«Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен - қол, бір жағадан - бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас», деп жазды.

Абылай хан XVIII ғасырда Қазақ хандығының шекарасын қалпына келтіріп, үш жүздің басын біріктірді. Қазақ хандығының қуатын арттырып, іргелі елге айналдырды. XIX ғасырда қазақ жерін Ресей империясының отарлау саясаты күшейген тұста қазақ хандығын қалпына келтіріп, 1841 жылы хандық билікті қолына алған Абылай ханның немересі Кенесары болды. Бірақ хандықтың ғұмыры қысқа болғаны белгілі. Алайда, XIX ғасырда Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты хандық билікті жойған болатын.

Бұл жөнінде академик Манаш Қозыбаев: «Халқымыздың бірлігінің жоғары деңгейге ұзақ уақыт көтерілмей келуінің елеулі бір себебі, отаршылыққа байланысты. Екі ұлы империяның қыспағына түсіп, жалтақтап өскен халық сақтыққа үйренді. Қорқыту мен үркіту, ату мен шабу, атастыру мен шатастыру оның ұлттық жан дүниесіне басыбайлылық психологияның ұрығын үзбей септі. Отаршылар түркітектес халықтардың, одан қалды қазақтың рулық-тайпалық, жүзге бөліну құрылымын өте шебер пайдаланып, бірін-біріне үзбей айдап салды. Қазақ жұртына судай сіңіп, билікке, хандыққа, сұлтандыққа дәніккен төре тұқымы бірімен-бірі қырық пышақ болып қана қоймай, қалың елді де бөлшектеп, тақ таласына, бақ таласына тартты. Империялық саясатшылар қазақтың біртұтас жүздігін орыс мемлекетінің құрылымына бөлшектеп жіберді. Отаршылар халықтың террито­риялық-экономикалық бірлігін жоюды, шоқындыруды бір сәт естен шығармады», деп қазақ халқының ауызбірлігінің ыдырауына тікелей әсер еткен жағдай патшалық Ресейдің отарлық саясаты екендігін атап көрсетеді.

Кенесарының патша өкіметі орындарына жазған хаттарында және қазақтың әртүрлі руларына арнаған үндеулерінде Абылай есімі жиі аталатынын көреміз. Кенесары «атасы Абылайға тиісті жерлер үшін» күресетіндігін және «атасының жолымен жүретіндігін» ашық және бүкпесіз жариялады. Өзінің үндеулерінде ол «Абылай тұсында қазақтар еркін және бейбіт өмір сүргендігін» еске салып отырды. Абылай есімі Кенесары әскерінің жауға шапқандағы ұраны болды» - деп жазады Е.Бекмаханов.

Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын хандық құрды. Ханның жанынан жоғары кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар, сонымен қатар, орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл-күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды. Кенесары хан идеясы - Кенесары хан билік құрған қазақ қоғамында дін, сауда айналымы, шаруашылық, тәртіптілік, зиялылар кеңесі тікелей ұлт мүддесіне қызмет етуге бағытталды. Ұлы тұлғаның тарихи қызметтеріне куә болған Нысанбай жырау:

«Кенесары кеткен соң, 
Иесіз қалды тағымыз. 
Артыңда қалған жетім ел, 
Кетті елдік сәніміз. Ақырында, әлеумет, 
Осындай болды халіміз», деп қазақтың соңғы ханы Кенесарыны жоқтады.

Ресей империясы отарлық саясатының ауыртпалығын арқалаған қазақ халқының азаттық аңсаған арманы әрдайым биік болды. Қазақ даласындағы бодандық бұғауға қарсы наразылық туындады. Еркіндікті аңсаған, азаттықты арқау еткен жырлар туындады. Қазақ қоғамының болмысы өзгеріп бара жатқанына наза болған, отарлық езгіден туындаған қайшылықтардан елді сақтандыруды мақсат тұтқан өлең-жырлар кең таралды. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды «зар заман» ақындары шығармаларында саяси өмір шындығы көрініс тапты. Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы сынды ойшыл, ағартушылар өздеріне дейін өмір сүрген ақын-жыраулар дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, оқу, білім арқылы елді өркениетке жеткізуге күш салды.

«Көк тұман - алдыңдағы келер заман» деп ұлы Абай айтып өткендей, XX ғасырдың бас кезінде отарлық езгінің қыспағына түскен қазақ халқын ауыр қоғамдық дағдарыстан шығарып, басқа елдермен бірге өзіне лайық жол табу міндеті тұрды. Оны жүзеге асыруды ғасыр басындағы дербес әлеуметтік-саяси күш ұлттық интеллигенцияның алғашқы буыны өз мойнына алды.Тәуелсіз қазақ мемлекетін құру идея­сы Алаш зиялыларының ұлттық бағдарламасының негізі болды.

Қазақ зиялылары жергілікті тұрғындарға өркениетті қоғамдық даму бағдарламасын ұсына отырып, өздері атқарып отырған істің тарихи мәнін жақсы түсінді. «Кейінгі үрім - бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар»,- деген Әлихан Бөкейханов осы тарихи кезеңдегі жауаптылықты терең сезінді. Ғасыр басындағы алаш арыстарының ұлттық мемлекет құруға бағытталған әрекеті сол кездегі өмір талабынан туындаған бірден-бір тура шешім болатын. Бірақ, қазақ елі 1917 жылы олар ұсынған жолға түсе алған жоқ. Ал, большевиктер партия­сы ұсынған даму жолы қазақ елі үшін азабы мол жол болды.

Өткен тарихты таразыласақ, қазақ халқының күресі ондаған ғасырға созылатын күрделі саяси-тарихи кезең­дерден тұратынын көреміз. Бұл мәсе­ле қазақ халқын құраған ру-тайпалар кезеңінен бас­тау алып, Қазақ ханды­ғының құрылуы, оның саяси дамуы, әлеуметтік және рухани дамуы, халықтың ұлттық психологиясының қалыптасу ерекшеліктері сан рет тарих тезіндегі қатаң сынақтардан өтті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға