Жаңалықтар

Қазақ бақсыларының тарихилығы

Қазақ бақсыларының тарихилығы және оған қазіргі қоғамдағы жаңаша пайымдау қажеттілігі
15.10.2015 06:48 9594

Қазіргі заманда бүкіл Жер шарындағы құрлықтар мен біздің Отанымыздағы болып жатқан орасан зор оқиғалар мен динамикалық өзгерістер тізбегі  тақырыбымызға тікелей қатысы бар, глобальдық ауқымы шексіз, әсіресе ұлттық мәдениетіміз бен ұлт психологиясына қатысты сан-қилы мәселелер инновациялық тұрғыдағы ғылыми талдауларды қажет етеді.

Әлемдік дүниетанымның аясында қай халықты алсақ та, әр ұлттың өмірге өзіндік бейімделу, тіршілік көздерін қабылдау тұрқы алдымен оның географиялық  ортасына, табиғатына, климатына тәуелді қалыптасады. Табиғаттың жойқын күштерінің күтпеген жерден, тосыннан мінез көрстеуі адамзаттың қатерден сақтану, ойлану, һарекет қамын жасау жолдарына түрткі болады. Апаттардан, одан болған кеселдерден, аурулардан сақтану үшін адастырмайтын жол іздеу һарекетінен көбіне дәлелдене бермейтін бірлі–жарымды адамдардың сәуегейлік жорамалы, болжамдары өмірге ене бастады. Кесапаттарды болдырмау һарекеті ретінде жергілікті халықтың географиялық міндетті   фактілік негіздеріне көңіл бөлуі ырым-жоралғыларды ұстанудан сыр тартады.

Һарекет ету арқылы адам санасы толыққаны жөнінде ерте заманнан бергі философтардың еңбектеріне арқау болғандығы тарихтан белгілі.  Одан өзге ауызша әдебиет үлгілеріндегі фольклор жанры да сүбелі ақпарат көзі. Өткен ғасырдың майталман ақын, жырау, бақсылары: Жанақ, Сабырбай, Найман-бала,  Құлыншақ, Балқы базар, Нышан Шәменұлы, Молықбай т.б. домбыра, қобыз ойнау, тәуіптік іс-әрекетімен халық аузына іліккен.         

Фольклор жанрын жете зерттеген Қасқабасов Сейіт Асқарұлы «Миф пен әпсананың тарихилығы» деген еңбегінде фольклордың тарихилығы деген ұғым өте кең мағынаға ие екендігінін себебін оның тарихи құбылыс екендігі әрі адам тіршілігімен  тікелей байланыстыра қарастырады. Осы еңбегінде Қорқыт ата туралы қазақ әңгіме аңыздарының әсіресе Шығыста кең тараған сюжетке құрылғандығын, өте кеш хатқа түскендігіне қарамастан мифологиялық ой-сананың  әлі күнге дейін сақталғанын ескертеді.   Қазақ аңыздарындағы Қорқыт, мифтегі шаман мен неофит сияқты, дүниенің төрт бұрышын шарлап, ақыр аяғында өз мекеніне, Сырдария жағасына оралады.  Сейіт Асқарұлы Н.Уәлихановтың бақсылар туралы жаған зерттеулеріне сүйене келе, «Қорқыттың өлімнен қашуы туралы сюжеттің төркіні көне шамандық миф болуы ықтимал», деген көзқарасты ұстанады. [7. 342, 354б]

Қазақтың бақсылық өнерін алғаш зерттеп, қағаз бетіне түсіріп бізге мұра етіп қалдыруға әрекет XVIII ғасырдан басталды.

Қазақ ғалымдары Шоқан Уәлиханов, Әлкей Марғүлан, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбубәкір Диваев, Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедұлы, Әуелбек Қоңыратбаев және орыс ғалымдары А. Янушкевич, Л.Гумилев, Д.Банзаров, Б.Зелен­ский, И.Кастанье, А.Левшин, В.Н.Карамзин, Г.Потанин, Н.Н.Пантусов, В.Н.Васильев, т.б. болды.

Бақсылар, олардың өнері туралы деректер  П.С.Паллас пен П.Рычковтың экспедиция жазбаларында (18 ғ.), бурят ғалымы Доржи Банзаровтың (1823-55), қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың (1835-65), ағылшын философы Томас Карлейльдің (1795-1881) еңбектерінде бар.

Қазақ бақсыларының  философиялық-эстетикалық болмысы мен тыныс-тіршілігі синкретизмге негізделгенін ескерсек, бақсылық «кереметтер» кейінірек ақын, жырау, жыршы мен күйшілер кәсіптеріне негіз болған. Өйткені, бақсылар шипагерлік ғұрыптарында ән мен күй, би мен театр белгілерін, салттық және көркемдік негіздерді ұйқастырып отырған. Қазақ халқының тарихында қылқобыз аспабы, оның күйлері мен сарындары тек Қорқыт ата есімімен байланысты сақталып жеткен. Қазақ халқының синкреттік дүние түсінігі бақсылар мен жырауларды араластырып қарауында көрініс табады. Мысалы:

Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған тамам бақсы асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда.

Бұндай бір-бірімен өзара тығыз байланысты синкреттік құбылыс – қобыз өнерінің түпкі мазмұнының да сипаты. Қылқобыз күйлерінің тарихы мен мазмұны көне, ескі мақамды болып қалыптасады. Олар архаикалық салт-сананың айнасы.

Ш.Уәлиханов «Қазақ руханиятындағы діннің орны» атты еңбегінде: «Қазақтардағы алдын ала болжаушы, сәуегейді «бақсы» дейді. Бақсылар алдын-ала болжап, айтатын болжамын өздерінің рухы атынан айтады. Бақсылар алдын-ала хабар беріп тұратын – болжайтын рухтарын, кейіннен келген мұсылман дініне ыңғайластырып, періште деп те атайды. Халық періштенің әулиелігіне сенбесе де және оны жын деп атаса да, олардың кереметтігіне сенеді» - дегенді жазған. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың «Бақсылық, балгерлік туралы» еңбегінде: «Рухы бар, жоталы әйелдерді Елті деп атайды. Олар да бақсы. Елті - өзінің сыйқырлық өнерімен адамдарды еліту, ұйыту – бар сана-сезімін билеп алушы - өзіне бағындырушы. Елті сөзінің тегі қазіргі тіліміздегі еліту», - деп анықтама берген. Сондай-ақ, «Елті негізінен, жанып тұрған оттың жалының түсіне қарап бал ашады. Жанып тұрған отқа май тастайды. Оларға тән айырықша қасиеттердің бірі – емшілік, тәуіпшілік. Сонымен қатар елтілер балгерлік, құмалақ ашу, сәуегейлікпен де шұғылданған», «Шығу тарихы отқа табыну мен шамандықпен тығыз байланысты бақсылардың ерекшелігі – сырқат адамдарды сол елдің салт-дәстүр, таным-түсінігіне сәйкес психологиялық тәсілмен емдеу», деп  анықтама берген.

Халықтық медицина, терең зерттеуді қажет ететін тараптың бірі болғандықтан да, һәм ел арасындағы жинақталған мол тәжірибелері де бір жағынан бақсылықпен ұштасып жатқандықтанда болар, бұл сала ғалымның қызығушылығын оятуы әбден мүмкін-ді. Экспедиция барысында бұл сала бойынша өте мол мәліметтер жинақталған. Қазақ ғалымының шығармаларындағы адамгершілік тұжырымдар, адам өмірінің мәнін орынды бағалау мен адам жер бетінде толыққанды, бақытты өмір сүруге құқылы деген түйін бар.

Академик Ә.Марғұланның пікірінше, бұрынғы дәуірлерде ғұмыр кешкен қазақ бақсылары: Қойлыбай, Кет-Бұға, Балқыбай, Шыңғыс ханға кеңесші болған әкелі-балалы Мұңлық-Ежеке мен Көкше (Төбе тәңірі) Бағаналы Балақай, Қыпшақ Барақ, Қарамырза, Бексейіт, Жамансарт, Мешітбай, Шүмен, Молықбай бақсы т.б. Қорқыт дәстүрін жалғастырып, жолын қадірлей ұстай білген жандар. Олардың әрбірі «халықтың ақылшы батагөйі, ақыны, музыканты, көмескіні болжайтын сәуегей қариясы, керемет ой иесі, әулиесі саналған...».

Бақсы (шағатай тілінде бақшы) ежелгі түсінік бойынша тылсым дүниемен байланыс жасай алатын, тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық, музыкалық т.б. ерекше қасиеттері бар адам. Шағатай тілінде оның атауы – бақшы. Афсыншы – құшнаш; бақсы; сиқыршы. (Ж.Баласағұнда) Алдағы уақытта бақсы феноменінің ара-жігін анықтап алу үшін  деректерге сүйене отырып жүйелеп, әрі бірнеше ғұламалардың еңбектеріне сүйеніп анықтап, тарқатуды мақсұт тұтамыз. Тағы бір жазбада, «Бақшы» ұғымы кездеседі, яғни - тағы, кісікиік деген мағына береді. Бақсымен үндес. Көне сенім бойынша бақсы (шаман)  - әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам. Түрлі рухтар ретінде бақсының пірлері, аруақтар, жындар, перілер қызмет ететіндеріне сендіреді.

Бақсы өз өнерін, бойындағы қуат күшін негізінен жеке бастың, жеке адамның  мүддесіне бағыттаған. Бақсылар «шақырылған» жындарының көмегімен гипноздық өнер де көрсете алған.

Осындай халық ұғымындағы қалыптасқан сенімге көз жіберсек, бірден–бір  қаперге алатын тұсы бақсының адам баласын ауыр кеселден айықтыратын тылсым күшінің кереметінің иландыру, таң қалдыру себеп-салдарының сан қырлылығы.

Адамның бойындағы дерт, кесел, ауру әртүрлі. Сондықтан да олар түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сауығудың жолдарын іздейді. Ежелден бері әр елдің, түрді халықтардың шипалы ем-дом шараларына назар аударсақ, барлық халықтарға тән, ең көп тараған аурудың басын алу һарекеті болып табылатын «ұшықтау» амалдары зікір етумен қоса жүреді. Бұл амалдар негізінен бақсылардың еншісінде болған. Адам бойындағы дерттің денедегі қуат көздерінің бұзылуанан болатындығы қазіргі кезде ешкімге құпия емес. Өмірдегі өзгерістер – бірден денедегі қуат көздеріне белгі береді екен де, ол жаман ақпарат адамның ағзасына кері әсерін тигізеді. Мән бере білсек бұл ақпарат адам бойында мынадай белгілермен айқындалып, сөз арқылы бейнелі сөздермен былайша суреттеледі: «қаны қарайып», «түтігіп», «сұрланып», «қызара бөртіп», «долданып», «көзі қызарып», «қызара бөртіп», «түкірігі шашырап», «ентігіп», «еліріп», «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып», «жын қуғандай», «дірілдеп», «қалтырап», «төбе шашы тік тұрып», «денесі түршігіп», «дір етіп», «алаң-жұлаң етіп», «көзі ақшиып», «басы қалтылдап», «бір ысып, бір суып», «үрейленіп», «желігіп», «ұшып-қонып» және т.с.с.

Осындай белгілер басталғаннан кейін, оның соңы жақсылыққа апармайтынын, әмбе айналасындағыларға  да залалын тигізетіндігін байқамбаздықпен болжаған саңылау сезімдері жетілген, қабылетті адамдартүлі қорғаныс көздерін саралап, сақтандыру шараларын ғұрыпқа енгізіп, әрі оны қолданып отырған. Олардың өміршеңдігі күні бүгінгіе дейін күшін жойған жоқ. Оны жете-зерделей зерттемесе де, адамдар қолданыстан тысқары шығарған емес. Үйді аластау, баланы ұшықтау, садақа беру ешкімге таңсық емес.

Соңғы жылдары ақпарат көздерінде, газет-журналдарда әр халықтың ұшықтау, аластау, кеселдің бетін қайтаратын зікір-дұғалары көптер тарап жатыр. Әркім білгенін жасайды. Десек те, осы шаралардың күшіне сенім жойылмағаны көп нәрсені аңғартады. Сондықтан да болар көк жағдай «түсініксіз» бола тұра түсінік тауып, түсінік тапқаны – «түсініксіз» болып, сан-сауалға соқтырып жататындығы.

Белгілі ғалым-тарихшы, этнограф, тарих ғылымының докторы Л.Н.Гумилев кітабында ежелгі түріктердің қуатты мемлекеті – түрік-қағаатының туу, даму және құлау жолын зерттеп, тарихи проблемаларды кең көлемді мәселелеріне; түріктердің саяси өміріне, тұрмысы мен дініне, мәдениетіне және Орталық Азия көшпелілерінің ежелгі заман, орта ғасыр заманы тоғысар кездегі географиялық қоныс-өзгерістеріне көп көңіл бөлген. «Көне түріктер» атты еңбегінің Түркіттердің діні деп аталатын ҮІІ тарауында  Л.Гумилев түркіттердің қадым заманындағы  діні туралы жазылған қытайдың бір-біріне қарама-қайшы «Суйшу» және «Вейшу» шежірелерінен қарастырады.

ХҮ ғасырда жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінде шипагерлікті: теңдессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипегер, емші, емкес, жарғышы, қараемші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, бәлгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие-әнбие деп бөледі. [4, 15-17б] Адам өз бойындағы биоқуатын қалыпқа келтіріп меңгермейінше, көп жапа шеггуіне тура келеді. «Сын түзелмей – мін түзелмес», - деген, яғни рухани құлдыраудың басты белгілері «дерт» сипатында белгі беретініне С.Лазарев «Диагностика кармы» деген еңбегінде өз тәжірибесінің нәтижесі арқылы бірсыпыра тоқталып өтеді. «Дәрігердің дәрігері – дерт қоспағаны» деген сөз бар, ал сауықтыруға қажетті дәрі-дәрмектің не түрлісі бар. Оның бәрін дерлік өз бойыңда эскперименттен өткізіп көру мүмкін емес. Алайда егер сауығамын деген ниет болса, дәрісіз де ем қонатындығын, жүректегі сенім мен бойдағы жігер көздерін ояту мәселесін «жақсы сөз – жарым ырыс», «мың түрлі дерт болса, мың бір түрлі шипа бар», «ас тұрған жерде ауру тұрмас» сияқты жылы сөздер айту арқылы ең алдымен сананы рухани сауықтыру бағдарламасын қойған. Бізге жеткен зікірлер мен түрлі емдік шөптермен емдеу, тылсым табиғат құпияларын сезіп-білген қараүзген шипагер, бақсы, емші-жомшы, тамыршы, оташы, дуалы ауыздардан, ғұламалардан жеткен тәжірибе көздері терең де байыпты зерделеп зерттеу арқылы пайдалы етуді қажетсінеді. Себебі, дүниедегі бар ізгі һал – аһуал адамның рухани саулығы мен тән саулығы жолындағы һарекетіне байланысты қозғалады, дамиды. Ең қарапайымы күнделікті тірліктегі жақсы амалдарға айтылатын «Тәңірі жарылқасын!» «Қол аяғына дерт бермесін!», «Құдай қуат берсін!», «Денің сау, басың аман болсын!», «Бақытты бол, көп жаса!» деген риза көңілден шыққан бата-тілеектер әркімнің де құлағына жылы естіліп, жүректі жадыратар «ем» яғни «зікір» екенін де  айта кету ләзім. Бойдағы дерттен зарығып, нәумез болған адамға, дертінен сауығуына сенуіне көз жеткізу амалдарының бірден-бір күшті қаруы – сөз өнері – зікір. Бұл жайында Жүсіп Баласағұн «Құтты білік». 53. Құшнаштармен (бақсы-балгерлермен) қалай қатысу туралы айтылады. [3, 39 б]

Бұлардан соң афсыншылар меселді,

Емдер келген жын-періден кеселді.

Олармен де қатысқан жөн жақсылап,

Пері-жынның кеселіне қарсылап.

Қорқыт ата хақындағы әпсаналарды фольклорлық тұрғыдан зерттей келе, Сейіт Асқарұлы әу баста шамандық мифтен бастау алғандығын, уақыт өте келе бұл миф өзінің қасиеттілік әрі құпиялық сипатынан айрылып, ыдырауға ұшырау себептеріне нақты тұжырым жасады. Сөз төркіні бақсылықпен тікелей қатысы болғандықтан, бүгінгі заманда бақсы ұғымының жаңа қоғам мен өмірге сәйкес өзгерісін көне шамандық мифтің өзінің алғашқы семантикасынан айрылып, тұтастығын жоғалтқаны жөнінде нақты дәлелмен ғылыми саралаған ғалымның сөзін қаперде ұстау ләзім.


Сымбат Мүталапхан

 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі

(зерттеуден үзінді)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға