Жаңалықтар

Қазақ әні шырқалып, күй күмбірлеген кеш

Ақтау қаласында этномәдени бірлестіктер «Менің Қазақстаным» деп аталатын облыстық байқауға қатысып, қазақ тілінде ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнаудан, күй тартудан сайысқа түсті.
16.02.2015 04:22 4750

Ақтау қаласында этномәдени бірлестіктер «Менің Қазақстаным» деп аталатын облыстық байқауға қатысып, қазақ тілінде ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнаудан, күй тартудан сайысқа түсті.

IMG_7360-1

Бұл байқау – «Ассамблея жылы» аясында Маңғыстауда өтетін шаралардың бірі.  Алдымен мемлекеттік тілде өнер сайысына түскен өзге ұлт өкілдері алдағы уақытта Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілінде ән айтып, ұлттық аспаптарында ойнау­дан жарысқа түспек.

Аймақта тұратын ұлт өкіл­­­дерін ынтымақтастыққа, ауыз­біршілікке ұйыта түсу, мемлекеттік тіл мен ұлттық өнерімізді дамыту және ұлтара­лық мәдениетті бойларына сіңіру мақсатында Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен Маңғыстау облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы ұйымдастырған байқауға Ақтаудағы барлық этномәдени бірлестіктер атсалысты.

Байқауда украины, орысы, татары мен башқұрты, белорусы бар өкілдер қазақ тілінде «сахнаның сәнін келтірді». Белгілі сазгерлеріміздің әндері шырқалып, домбырада­н қазақ­тың күйлері күмбір­леді. Мысалы, украиндар  М.Омаровтың «Анашым» әнін,  Е.Ха­санғалиевтің «Баянауыл» әнін, М.Жагорқызының «Дудар-ай» әнін орындаса, орыстар Н.Тілендиевтің «Сағынар жүрегін», М.Өскенбаевтың «Жеңіс» және О.Дүйсеновтің «Бал­дырған» күйлерін, ал татарлар О.Әубәкіровтің сөзіне жа­зылған Ә.Бейсеуовтің «Мұ­ңайма» әнін, Абайдың «Көзімнің қарасы» әндерін шырқады. Қазақ тілінде жеке немесе хормен  ән шырқап, аспапта орындауда бірінен-бірі асып түсуге тырысқандардан  дағыстан ұлтының өкілдері де қалған жоқ. Олар өз кезегінде халық әні «Бір баламен» көрермен қошеметіне бөленді, ал белорустардың таң­дауы Ш.Сариевтің сөзіне жазыл­ған Б.Оралұлының «Бозжорға» әніне түсіпті.

Қазақстанды ортақ шаңырақ етіп, оның аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бірнеше ұлт ұрпақтарының жас-кәрі демей қазақ тілінде ән шырқауы, домбырада күй тартуы бізді қуантты. Қазақ халқының белгілі сазгерлері мен ақындарының шығармалары бірінен соң бірі орындалып жатты. Бұл сайыс­та жүйріктерді таңдау оңайға түскен жоқ, алайда, «мыңнан тұлпар» шығар шеберлерді анықтауға тырыстық. Бірақ, ең бастысы, қазақ өнері, қазақ тілі ардақталған кеш болды, тәуелсіз Отанымызды мекен еткен бірнеше ұлт өкілінің достығы қуантты,  дейді қазылар алқа­сы­ның мүшесі, әнші Салихат Құдысова.

Өнер сайысында хор, вокал, соло, ұлттық аспапта орындау аталымдары бойынша анықталған жеңімпаздар сый-сияпаттарға ие болды.


Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

Материал дереккөзі: egemen.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға