Жаңалықтар

Аз қамтылған отбасыларға ай сайын 70 мың теңге төлене ме?

Аз қамтылған отбасыларға ай сайын 70 мың теңге төлене ме?
06.05.2023 13:34 2087

Мәжіліс депутатының әрбір туған балаға 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды ұсынысына вице-премьер Алтай Көлгінов жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Үкімет басшысының орынбасары депутат Гаухар Танашеваның сауалына берген жауабында блалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау әлеуметтік  саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атаған.  

Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет маңызды әлеуметтік игіліктердің жалпыға бірдей қолжетімділігі мен қоғамдық қолайлы сапасын қамтамасыз етуге арналған негізгі ең төменгі әлеуметтік стандарттарға кепілдік береді. Бүгінде елімізде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, салық салу кезінде жеңілдіктер және т.б. жүйесін қамтитын балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың тұтас жүйесі жұмыс істейді. Бұл ретте, әртүрлі өмірлік жағдайларда балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдердің 2 түрі төленеді, - деп жазыған А.Көлгіновтің жауабында. 

Мәселен соңғы он жылда балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 747,2 мың адамға (2012 жыл – 1 503 733 адам, 2022 жылы – 2 250 889 адам), бөлінген қаражат сомасы 5 есеге жуық артқан. Сонымен қатар статистикалық дерек бойынша, 2012 жылдан бастап туған балалар саны 5,9%-ға өскен екен. Бұдан бөлек, Мемлекет Басшысының бастамасын ескере отырып, балалардың он сегіз жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтау шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% аударымдары түрінде балалар капиталы енгізу жоспарланып отыр. 

Әлеуметтік кодекс шеңберінде жәрдемақылардың кейбір түрлерін арттыру жоспарлануда. Осылайша, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тетігі әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде уақтылы қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, ол мұқтаж отбасылардың табысын кедейлік шегіне жеткізуді қамтамасыз ететін ең төменгі кепілдік берілген көлем болып табылады, - атады вице-премьер.

2020 жылдан бастап Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу және олармен әлеуметтік келісімшарт жасасу қағидатын күшейту жолымен ашықтықты, әділдікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында АӘК көрсету тетігі қайта қаралды. АӘК тағайындауға өтініш берген кезде өтініш беруші тек жеке басын куәландыратын құжатты ұсынатынын айта кету керек. 

Қажетті деректерді жинауды жергілікті атқарушы орган мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде орындайды. Олар болмаған кезде мемлекеттік органдарға жазбаша сұрау салу ресімделеді не өтініш берушінің оларды өз бетінше ұсынуға мүмкіндігі болады. Осылайша, ақпараттық жүйелерде отбасы туралы деректер болған кезде АӘК тағайындау бойынша қиындықтар туындамайды. Биыл бірінші тоқсанында 456,7 мыңнан астам адам 87 мың аз қамтылған отбасы мемлекеттен қолдау алады. Осы мақсаттарға бюджеттен 87 млрд. теңге қарастырылған (АӘК - 72,4 млрд. теңге, балаларға қосымша төлем жасауға - 9,5 млрд. теңге). 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға АӘК алушылар қатарынан 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем беріледі. Мәселен, 1-тоқсанда 137,3 мың балаға төлем тағайындалды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы немесе қазақстандық отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген базасы енгізілді, - деп жазылған А.Көлгіновтің жауабында.

Отбасының цифрлық картасының мәліметтері әлеуметтік қорғау шараларында мұқтаж отбасыларды айқындау, оның ішінде проактивті мемлекеттік қызметтер көрсету үшін негіз болып отыр. 

Әлеуметтік кодекс шеңберінде халықтың орташа табысы негізінде кедейлік шегінің мөлшерін есептеу ұсынылады, ол әлеуметтік көмектің мөлшеріне әсер етеді. Қазақстанда мұндай әдістемені енгізу 2025 жылдан бастап жоспарлануда. Бұл шара аз қамтылған халыққа әлеуметтік көмек мөлшеріне оң әсер етеді деп санаймыз. Сонымен қатар 2019 жылғы АӘК-ті әрбір балаға белгіленген төлемді енгізу түріндегі көрсету тәжірибесі теріс әсер еткенін атап өткен жөн, атап айтқанда жалған ажырасулардың өсуіне, алимент мөлшерінің төмендеуіне, атаана міндеттемелерін орындаудан жалтаруға, жұмысқа орналасудан бас тартуға, аз қамтылған және тұрмысы нашар отбасылардың өсуіне ықпал етті. Осыған байланысты, әрбір балаға шартсыз балалар жәрдемақысын енгізу едәуір бюджет шығындарына және де әлеуметтік тәуелділікке алып келеді. Бұл Мемлекет басшысының шынымен мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және өз отбасы үшін жауапкершілігін арттыру бөлігіндегі тапсырмасына қайшы келеді. Жалпы Үкімет депутаттық корпустың халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жақсартуға бағытталған ұсыныстарын қарауға дайын екендігін білдіреді. Мәселе уәкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында, - деді Алтай Көлгінов. 

Бұған дейін депутаттық сауал жолдаған Гаухар Танашева көпбалалы отбасылардың басым бөлігі көбінесе қалыпты өмір сүру жағдайына бейімделмеген жалға берілетін бөлмелерде тұратынын айтқан болатын. Егер ипотека рәсімдеу мүмкіндігі болса, әдетте құрылыс сапасы төмен, эконом-санаттағы бір бөлмелі пәтер болатынын атағна еді. Олар үшін мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ, ипотекалық несие берудің қолжетімді шарттары қарастырылмағанын айтқан депутат атаулы әлеуметтік көмекті алып тастап, жаңа әлеуметтік жәрдемақы тағайындауды сұраған-тын.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға