El.kz

Айыппұлдағы 50 пайыз жеңілдік жойыла ма? Парламент дабыл қақты

20.02.2026 14:00

Қазақстанда жол ережесін бұзған жүргізуші айыппұлды жеті күн ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік беріледі. Алайда бұл норма жақын арада өзгеруі мүмкін. Сенатор Марат Қожаев жүйелі түрде құқықбұзушылық жасайтындарға мұндай «жеңілдік» қалмауы тиіс деп отыр. Оның айтуынша, мәселе бір реттік қателікте емес, жыл бойы қайта-қайта ереже бұзатындарда.

Мен жүйелі түрде, жылына он реттен көп бірдей жол ережесін бұзатындарды осы артықшылықтан айыруды ұсындым. Он реттен кейін 11-ші, 12-ші, 13-ші ретте толық айыппұл төлеуі керек, — деді сенатор.

Бастама депутаттық сауал аясында Үкіметке жолданған. Сенатордың сөзінше, атқарушы билік ұсынысты жалпы қолдаған.

Үкімет бұнымен келісті. Премьер-министрден жауап алдым, әкімшілік заңнаманы жетілдіру барысында бұл мәселе қаралады, — деп атап өтті Қожаев.

Оқи отырыңыз: 

Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттарының да пікірі әртүрлі. Депутат Айтуар Қошмамбетов жеңілдікті толық алып тастауға қарсы. Оның айтуынша, дәл осы норма айыппұл төлеу тәртібін реттеуге әсер еткен.

Бұл мәселені енгізу барысында әкімшілік айыппұлдарды төлемеу жағдайы көп болды. Бастапқыда 50 пайыз жеңілдік болса да, айыппұлды көбісі төлемей жүре беретін. Қазір бір апта ішінде жеңілдік болғандықтан халық тезірек төлеуге ұмтылады. Сондықтан мұны алып тастау дұрыс емес деп ойлаймын. Мүмкін мерзімін қысқартуға немесе басқа жолмен қарауға болады. Бірақ толық жою — халыққа берілген мүмкіндікті шектеу, — деді ол.

Ал Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мәселені тек айыппұлмен шешу жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, жол қауіпсіздігін күшейту үшін жүргізушілердің жауапкершілігін арттыратын жүйелі шаралар қажет.

Біріншіден, өрескел жол ережесін бұзған азаматтарды қайтадан емтихан тапсыруға міндеттеу керек. Екіншіден, жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілерін түбегейлі тоқтату қажет. Үшіншіден, айыппұлды көбейтіп, камера мен дронды тек жазалау құралына айналдыру дұрыс емес. АҚШ пен Еуропа елдеріндегідей дрондарды жол сапасын бақылауға да пайдалану керек, — деді мәжілісмен.

Әзірге нақты мерзім белгіленбеген. Өзгерістер әкімшілік заңнамаға енгізілетін келесі түзетулер пакетімен бірге талқылануы мүмкін. Сондықтан 50 пайыз жеңілдік әзірше сақталады, бірақ жол ережесін қайта-қайта бұзатын жүргізушілер үшін бұл мүмкіндік жойылуы ықтимал.

Айта кетейік, Қазақстанда айыппұлды 7 күн ішінде төлеген жағдайда 50% жеңілдік беру нормасы 2018 жылдан бастап енгізілген. Бұған дейін қазақстанда жасалған көліктердің арзандайтындығы туралы жазған едік.