Жаңалықтар

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаевамен сұхбат
«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?
Фото: жеке мұрағаттан 30.03.2023 15:30 1968

Осыдан бір жыл уақыт бұрын «Қазақстан халқына» қоры өз жұмысын бастады. Бүгінде қорда қандай жаңалықтар мен өзгерістер барын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаевадан сұрап білдік.  

– «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорының құрылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде қор қанша мұқтаж адамға  көмек көрсетті?

Иә, былтыр Қор институционалды қалыптасты. Қордың стратегиялық құжаттары қабылданды, қызметінің бағыт-бағдары, қайырымдылық көрсетудің тәсілдері айқындалды. Былтыр еліміздің түкпір-түкпіріндегі қоғам өкілдерімен көшпелі отырыстар мен зум-конференциялар өткізіп, халық пікіріне сүйене отырып «Қазақстан халқына» қорының негізгі қызметі мен жүзеге асыратын қайырымдылық бастамалары қаланды. Нақты қанша адамға көмектестіңіздер дегенде, Қор көмекті атаулы түрде, яғни жеке азаматтарға қолдау білдіреді, сондай-ақ жүйелі түрде – өзекті мәселені шешу мақсатында қайырымдылық көмекті мақсатты, қалың көпшілікке арнайтынын айтқым келеді.

Қазіргі таңда қор 30-ға жуық қайырымдылық бағдарламамен жобаны жүзеге асырып жатыр. Олар денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, спорт, білім салаларында және төтенше жағдай бағытын қамтиды. Қор үшін өзекті әрі аса маңызды бағыт денсаулық сақтау мен әлеуметтік саладағы бағдарламаларға тоқталып өтсем, науқастарға дәрі-дәрмек сатып алуда біз ауыр және сирек кездесетін дерті бар азаматтарға қымбат, елімізде тіркелмеген және мемлекеттің сатып алу мүмкіндігі жоқ дәрілерді сатып алу міндетін алдық.

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

Бүгінде 16,1 млрд теңгеден астам сомаға өмірге қауіп төндіретін және созылмалы ауыр сырқаты бар 236 науқасты дәрілік заттармен қамтамасыз еттік. 230-ы сирек кездесетін, яғни орфандық аурулары бар науқас, олардың ішінде 204-і бала.  Қан тамырлы ісігі бар – гемангиома диагнозы қойылған 120-дан астам бала лазерлік ем қабылдауда. 70 бала мен жастар өкіліне инновациялық протез, сал ауруына шалдыққан 4 балаға экзоскелет берілді. Шала туылған нәрестелерге офтальмологиялық скрининг жүргізу және соқырлығын емдеу, алдын алу мақсатында Қазақстанның 13 аймағындағы 28 медициналық мекемені офтальмологиялық линзалармен, офтальмоскоптармен, лазерлермен жабдықтадық. Нәрестерлердің ерте кезеңінде бұзылушылықтарын, мүгедектігін алдын алу үшін 13 ерте араласу орталықтары, аутизмі бар балаларға 8 орталық ашылады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мыңнан аса студентке грант тағайындалып, олар 80-нен аса жоғары оқу орнында білім алуда. Бұл жобаларымыздың бір парасы ғана.  

– Әлеуметтік қорға қандай азаматтар өтінім бере алады? Бүгінге дейін қанша өтінім келіп түсті?

Қордың тұжырымдамасына сәйкес, қор қызметінің негізгі алты бағыты бар. Олар ел ауқымында материалдық-техникалық жарақтандыруға, азаматтардың неформалды білім алуына, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету құралдарын жетілдіруге, әлеуметтік инновацияларды қолдау мен енгізуге, ерекше жағдайда азаматтардың мақсатты тобына, төтенше жағдай кезінде кешенді көмек көрсету. Жоғарыда атап өткенімдей, мұқтаж жандарға атаулы және жүйелі түрде көмек береміз. Мәселен, ауыр және сирек сырқаты бар науқастар дәрі-дәрмек сатып алу, шетелде ем алу, балалар мен жастар инновациялық протез алу, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар экзоскелет алу бойынша өтінім бере алады.

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

Әлеуметтік санаттағы талапкерлер мен студенттер оқу жылы басында қор тарапынан берілетін грант байқауына қатыса алады. Сосын азаматтардан келіп түскен түрлі өтініштерді біріктіріп, елімізде аутизмі бар балаларға арналған орталықтарына, ерте араласу орталықтарына және басқа да шараларға бастамашы болып жатырмыз. Одан бөлек, ауыл аймақтарда білім сапасын көтеру бойынша ұсыныстар келіп түскен. Бұл мәселеге біз жүйелі түрде қарап, 17 өңірде 17 тірек мектепті құрдық. Биыл аталмыш мектептердің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қазіргі білім алып жатқан арнайы мектептерінің материалдық-техникалық базасы көңіл көншітпейді. Сол себепті еліміздегі 98 арнайы мектепте қолайлы жағдай жасау мақсатында кабинеттерді жаңалап, ерекше балалардың алаңсыз білім алып, дамуы үшін мүмкіндіктер жасалды.  Азаматтар қордың сайтында орналасқан atamekenim.kz цифрлық порталы арқылы қор қызметінің аясында өз өтінімдерін жолдай алады. Өткен жылы 39,3 мың өтінім келіп түсті. Оның  басым бөлігі қор құрылған алғашқы айларда келіп түскен. Биылғы үш айда қорға 1100-ден астам өтінім келіп түсті.

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

–  Денсаулығына байланысты өнітім берушілер арасында қандай дигнозы  бар адамдарға басымдық беріледі және қандай диагноздар мүлде қарастырылмайды? Осы жөнінде түсіндіріп өтсеңіз?

 Егер дәрі-дәрімекпен қамтамасыз ету жөнінде айтатын болсақ, қор ауыр және сирек сырқаты бар азаматтарды дәрімен қамтамасыз етеді. Сол бойынша қайырымдылық көрсету қағидасы мен сатып алынатын дәрілер тізбесі бекітілген. Атап айтқанда, нейробластома, гомоцистинурия, лимфангиолейомиоматоз, муковисцидоз, жұлынның бұлшық ет атрофиясы, жасөспірімдік идиопатиялық артрит, ахондроплазия, эпилепсия, өкпе артериялық гипертензиясы, тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну сияқты онкологиялық, онкогематологиялық, генетикалық аурулар бойынша диагноз қойылған науқастар дәрімен қамтамасыз етіледі. Бұл дәрілерді қамтамасыз етуде біз денсаулық сақтау басқармаларының, медициналық ұйымдардағы сарапшылардың пікіріне, қор жанындағы Сараптама комитетінің қорытындысы мен ұсынымына негізделеміз.

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

  –  Қор аясында қанша маман мен ерікті жастар жұмыс істейді?

Қазіргі таңда қорда 40-қа қызметкер бар. Әкімшілік-қаржылық бағыттағы мамандарды есепке алмағанда, қызметшілердің басым бөлігі қайырымдылық бағдарламадарды талдау, оны жүзеге асыру, өтінімдерді қабылдаумен, оны пысықтау-саралаумен айналысады. Қордың өңірлерде филиалдары жоқ, ол да шығын. Сондықтан аймақтарда бағдарламалар мен жобалар біздің серіктестеріміз – мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ерікті түрде іске асырылады. 

–  Ешкімді міндеттемейтіні түсінікті, дегенмен осы уақытқа дейін қорға тұрақты түрде қаржы аударып отыратын тұлғалар бар ма? Есімдерін атай аласыз ба? Бүгінгі таңда қорға әлеуметтік көмек ретінде қанша адам қаржы бөлді?

Әрине. Ол тұлғалардың аты-жөні, тізімі сайтымызда жарияланған және түсімдердің сомасы, жіберген уақыты мен азаматтың аты-жөні ай сайын жаңартылып, жарияланып тұрады. Ірі кәсіпорындар, кәсіпкерлер мен меценаттардан бөлек, қорға өзінің жеке үлесі мен ықыласын қатардағы жомарт жандарымыз көрсетуде. Сандар сөйлесін десек,  қаражаттың басым бөлігі 100-ден астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, қаржылық институттар мен қайырымдылық қорлардан жіберілді. Бүгінде қорға 131,7 млрд теңгеден астам қаражат келіп түсті.  

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

– Күніне немесе айына қанша азамат қордан көмек сұрап өтініш жолдайды?  Көмек қандай реттілік бойынша жүзеге асырылады? Келіп түскен өтінімдерге қанша уақыттың ішінде жауап қайтарылады немесе көмек көрсетіледі? Осы жөнінде толығырақ түсіндіріп өтсеңіз?

Қор жұмысының алғашқы кезеңінде күніне 1-2 мыңға жуық өтінім келетін. Оның өзіндік себебі бар. Сол тұста Қордың негізгі қызметі мен бағыты әлі айқындала қоймаған еді. Ал қазіргі таңда айына шамамен 350-400-ге тарта өтініш келіп түседі. Жыл басынан бері 1100-ден астам өтініш түсті. Енді өтінішті қарау, көмек көрсетудің реттілігі туралы айтатын болсам, өтінім atamekenim.kz порталына азаматтың ЭЦҚ арқылы беріледі. Өтініш иесіне ID-нөмір тағайындалып, жеке парақшасы қолжетімді болады. Өтінім келіп түскен күні тіркеледі. Порталға жіберілген өтінімдер бес санатқа бөлінеді:

өтінім қолданыстағы бағдарламаға/жобаға қатысты болуы мүмкін;

өтінім атаулы көмек көрсетуге қатысты;

өтінім қор қызметінің бекітілген бағыттарының ешқайсысына сәйкес келмейді;

өтінім жергілікті атқарушы органнан келіп түсті және төтенше жағдай салдарын жоюға көмек көрсету туралы сұрау салуды қамтиды;

қор қызметінің бекітілген бағыттарына сәйкес келетін жаңа бағдарламаны/жобаны іске асыруға өтінім.

Оларды қарау бірнеше кезеңнен тұрады. Өтініш қордың тұжырымдамасына, бағыттары мен міндеттеріне сәйкес келмеген жағдайда немесе бұл мәселе біздің құзыретімізге кірмеген жағдайда, сондай-ақ көмектің бұл түрі мемлекеттік көмек шеңберінде көрсетілсе мұндай өтінімдер қабылданбайды және өтініш берушіге негізделген жауап беріледі. Өтінімнің мәртебесі туралы барлық хабарламалар жеке парақшасында көрсетіледі.

Азаматтар мен ұйымдардан жаңа бағдарламаларды іске асыру туралы өтінімдер жобалар мен бағдарламаларды іріктеу шарттарына сәйкес келген жағдайда Басқарманың қарауына жіберіледі, оның қорытындысы бойынша оң шешім қабылданған жағдайда және барлық дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін Қордың Қамқоршылық кеңесінің бекітуіне шығарылады. Жеке азаматтарға көмек көрсетуге арналған өтінімдер атаулы көмек тобына жіберіледі. Онда өтінім дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, шетелдік емдеу, техникалық-компенсаторлық және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бағыттары бойынша пысықталады.

Атаулы көмек Қамқоршылық кеңес бекіткен атаулы көмектің нақты түрлерін көрсету жөніндегі тәсілдерге сәйкес жүзеге асырылады. Мысалы, сирек кездесетін және ауыр ауруларға арналған дәрі-дәрмектерге сәйкес, жеке тұлғаның жіберген өтінім жеткіліксіз. Өйткені науқастың жағдайын денсаулық сақтау басқармасы қажетті емнің дұрыстығын анықтап, оның дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен растауы керек. Сондықтан аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының өтінімі Қордың Басқармасы жанындағы Орфандық аурулар жөніндегі сараптама комитетіне шығарылады. Оң шешім барлық құжаттар топтамасымен Қор Басқармасының бекітуіне жіберіледі. Өз кезегінде Қор басқармасы Сараптама комитеті мүшелерінің ұсынымдары мен сараптамалық пікірлері негізінде қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім қабылдайды. Шетелдік емдеуге арналған өтінімдер бойынша Қор бейінді медициналық ұйымдардың пікіріне сүйенеді. Науқастарға шетелдік емдеуге жіберу туралы 6 республикалық ұйымның бірі берген қорытынды болуы тиіс. Бұдан басқа, «ӘМСҚ» КЕАҚ жанындағы жұмыс органының пациентті республикалық бюджет есебінен квота бойынша жіберу мүмкін болмаған жағдайда Қор көмек көрсету туралы өтінімді қарайды. Кейін емдеу бағдарламасын, емхананы таңдауды қамтитын құжаттар топтамасын қалыптастыру және емдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.  Олар Қор Басқармасы жанындағы сараптама комитетінің қарауына шығарылып, оң шешім мен ұсыным негізінде Қор Басқармасы қайырымдылық көмек көрсету туралы шешім шығарады.

Техникалық оңалту құралдары және техникалық-компенсаторлық құралдар бойынша өтінімдерге келетін болсақ, протез және экзоскелет қажеттілігі туралы өтінімдер тиісті бағдарламаға жауапты жобалық менеджерге жіберіледі. Ол бағдарламаның талаптарына сәйкестігін қарап, сәйкес келген жағдайда бағдарламаны іске асыратын серіктеске жолдайды. Өтініш иесімен тиісті кеңес жүргізіліп, өнімді әзірлеу жұмысы басталады.

«Айына 400-дей өтініш түседі». Қазақстан халқына қоры қанша адамға көмектесті?

–  Қордағы қаражат қайда жұмсалғаны туралы ақпарат ашық жариялана ма? Осы уақытқа дейін қор қандай мақсаттарға қанша қаражат жұмсағаны туралы ақпарат бере аласыздар ма?

Әрине, Қор қызметіне қатысты барлық ақпарат ашық және біздің ресми сайтымыз – qazaqstanhalqyna.kz жарияланған. Көмек алған балалардың, ата-аналарының азаматтардың пікірін сайтымызда, әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жариялап тұрамыз. Осылайша қор қызметі туралы барлық қажетті ақпарат – қаржылық есептер, Қорға түсетін қаражат туралы ақпарат, іске асырылатын бағдарламалар мен жобалар, әкімшілік шығыстар, қордың донорлары мен серіктестері туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, мұқтаж жандар осы сайт арқылы қызметтің бекітілген бағыттары шеңберінде көмекке онлайн режимінде өтінім бере алады. Бұл ретте қайырымдылық жобаларды іске асырғысы келетін және қайырымдылыққа өз үлесін қосқысы келетін қазақстандықтар да сайт арқылы өз жобаларын ұсына алады.

 

Суреттер жеке мұрағаттан

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға