Коллаж El.kz

Айтыста сөзбен сүріндіріп, әскерде қайсарлығымен көзге түскен ару

Айтыс сахнасында қарсыласын сөзбен сүріндіріп, сап түзеген сарбаздар арасында қайсар мінезімен даралану – екінің біріне бұйырмайтын ерекшелік. Ал Фариза Жетпісбай үшін бұл екі әлем кереғар емес, қайта бір-бірін толықтыратын қасиеттер. Өнердің нәзік үні мен әскери қызметтің қатал тәртібін үйлестіріп жүрген ол – жаңа дәуірдегі қазақ жастарының батыл, көпқырлы бейнесі.

Қарулы күштер қатарында қызмет ететін, жақында Арнайы жасақ күштеріне қабылданып, кіші сержант атағын алған Фариза Жетпісбай – өнер мен әскери міндетті ұштастырып жүрген ерекше болмыс иесі. Оның әскер сапында қызмет етіп келе жатқанына үш жылдан асты. Бірінші әскери келісімшартын абыроймен аяқтап, ел қорғаны болу жолындағы қызметін жалғастырмақ.

Фариза үшін айтысқа келу кездейсоқтық емес, туған жердің киесінен бастау алған табиғи жалғастық десе болады. Ол өскен топырақ – қазақтың талантты жырауы әрі батыры Жиембет, Қазтуған, Мұрат, Махамбет секілді арда жыраулардың ізі қалған өңір.

жеке мұрағат 

Берідегі Жұмекен мен Фариза Оңғарсынова сынды сөз зергерлерін дүниеге әкелген қасиетті мекеннен шығуы, оның айтуынша, домбыраны да, қаруды да қатар ұстауына себепші болған. 

Тарихқа үңілсек, жауынгер жыраулардың көбі дәл осы мен туған топырақтан шыққан. Махамбет, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз – бәрі де қолына қару алып елін қорғап, сөзімен рух берген тұлғалар. Сол үрдісті қайта тірілткім келеді. Сол дәстүрдің жалғасындай, менің де бір қолыма қару, бір қолыма домбыра алып шығуым заңдылық деп ойлаймын, – дейді айтыскер қыз.

Фариза әскери қызметті тек мамандық емес, жастық шақтың саналы таңдауына балап отыр. 24 жастағы кіші сержант өмірінің ең белсенді кезеңін ел қорғау ісіне арнағанын мақтан етеді.

Әскери ортаға келгеннен бері қатарластары секілді шетел аралап, еркін саяхаттап көрмегенін айтады. Өйткені оның уақытының басым бөлігі – тәртіп пен жауапкершілікке толы казарма өмірімен байланысты.

Таң атысы, кеш батысы қызметпен өтеді. Бірақ еш өкінбеймін, – дейді ол.

 

жеке мұрағат 

Жауынгер арудың арманы – қолбасшы болу. Ал нағыз қолбасшы тек ісімен емес, Махамбет секілді сөзімен де жұртты соңына ерте алуы керек деп есептейді. 

Оның айтуынша, айтыс та, әскери қызмет те дәл шахмат секілді. Әр қадамды алдын ала ойлауды талап етеді. Ол бала күнінен шахматқа қызығып, логикалық ойынның өмірлік дағдысына айналғанын айтады.

Шахмат ойнағанды жақсы көремін. Сол әдетім әскерде де, айтыста да көмектеседі. Кез келген қадамымды шахматтағыдай өлшеп, ой елегінен өткіземін. Алға басатын әрекеттерімді ерте жоспарлап үйрендім, – дейді ол.

Фариза соңғы уақытта айтыс сахнасында әскери тақырыпты жиі көтеріп жүргенін айтады. Бұл – оның өз өміріне жақын тақырыптың бірі және айтыстағы қарсыластары да көбіне осы саланы тілге тиек ететіндігін жеткізді. Дегенмен жас ақын болашақта айтыстағы бағытын кеңейтіп, елдік мәселелерді тереңірек қозғауды мақсат етеді.

жеке мұрағат

Айтысқа 14-15 жасымнан бастап шығып жүрмін. Сахнда жүргеніме биыл тура 10 жыл болады, – дейді ол. 

Жауынгер ақынның сөзінше, әлемдік тәжірибеге көз жүгірткенде, көптеген елдерде саяси тұлғалар, соның ішінде әскери басшылықтан бастап түрлі билік өкілдері сөз сайысына дебатқа жиі түсетінін айтады. Ал қазақ қоғамындағы соның баламасы – айтыс өнері.

Шетелдің саяси жүйесіне қарасаңыз, билік өкілдері, оның ішінде Қарулы Күштердің адамдары да дебатқа шығады. Біздің қоғамдағы оның ең жақын формасы – айтыс. Сондықтан менің айтысқа шығуым әскери қызметіме еш жат емес деп есептеймін, – дейді ол.

Ол өнер мен әскери қызметтің ешқайсысы бір-бірінен кем емес екенін тілге тиек етті. Екі саланы бөліп-жармайды, қайта бірін-бірі толықтыратын қос арқауы деп есептейді.

Екеуі де өте маңызды. Қаруым мен домбырам – қос қанатым. Егер бір қанатым жоқ болса, ұша алмайтын сияқты боламын. Қара домбыраны әскери ортаға әкеліп, мүмкіндігінше ұлттық рухты күшейтуге үлес қосқым келеді, – дейді жас сержант.

Фариза үшін Арнайы жасақ күштері қатарына қосылу бала күнгі арман болатын. Әскери элита саналатын бұл құрамға мүше болу – оның ұзақ жылдық еңбегі мен табанды талпынысының нәтижесі.

Жас сержант бір күні Instagram желісі арқылы Арнайы жасақ қолбасшысына домбырамен үн қатып, өз қатарларына қабылдау туралы жолдау тастайды. Мұнысы назардан тыс қалмай, Арнайы жасақ қолбасшысы мен Қорғаныс министрлігінің басшылығы оның үнін естиді. Нәтижесінде Фариза ресми түрде Арнайы операциялар күштерінің жауынгері атанып, оған «кіші сержант» шені салтанатты түрде табысталды.

Фариза бүгінгі қоғамда әскер тек ерлерге арналған кәсіп деген түсініктің жиі айтылатынын жасырмайды. Алайда ол мұндай пікірдің тарихи шындыққа да, қазіргі заман талаптарына да сай келмейтінін айтады.

Қазір көбі «әскер – әйелдердің жұмысы емес» деп жатады. Бірақ тарихқа көз жүгіртсек, батыр аналар көп болған. Әскерде гендерлік алалау болмауы керек. Қыздарды да жоғары лауазымдарға көтеріп, қолдау көрсету қажет, – дейді кіші сержант.

Ол қазақ қыздарының қайсар мінезі, бойындағы жауапкершілік пен батылдық оларды әскери саланың кез келген деңгейінде табысқа жеткізе алатынына сенеді.

Қазақ қыздарынан да генерал шығатынаны сенемін, – дейді Фариза.

Ол болашағы туралы ой қозғаса, арманы айқын екенін жасырмайды.

Генерал болғым келеді. Осы жолда үздіксіз еңбектеніп жүрмін, – дейді жас сержант.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 70BAI (@fariza70bai)

Халықты теріскей өңірлерге көшіру бағытында белсенді жұмыс істеп жүрген қоғам белсендісі, «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов әлеуметтік желідегі парақшасында кіші сержант Фариза Жетпісбай туралы жылы пікір қалдырды.

Оның жазуынша, Фариза кіші сержант шенін алып қана қоймай, әскери элита саналатын Арнайы операциялар күштерінің қатарына қабылданды. Бұған дейін 2,5 жыл бойы «ефрейтор» шенінде жүріп, талай айтыс сахнасында қарсыласына дес бермей, жалынды жырларымен жастарды отан қорғауға үндеп жүргеніне тоқталады.

Дақановтың айтуынша, кезінде ол әлеуметтік желіде Фаризаның еңбегін ескеріп, шенін көтеру жөнінде пікір білдіргенде, бұл бастаманы жүздеген адам қолдап шыққан. «Көп тілегі көл» дегендей, қаршадай қыздың арманы орындалғанына қуанышын жеткізді.

Бұл – ең алдымен, айтқанынан қайтпайтын, ер мінезді Фаризаның өз еңбегінің жемісі. Осы бетінен таймаса, әлі-ақ офицер атанатын күнге де жетеді. Қарындасым, еңбегіңнің жемісін көр, – деп жазды ол.

Сонымен бірге ол Фаризаға қолдау көрсеткен Арнайы жасақ қолбасшысына да алғысын білдіріп, оның жас жауынгердің еңбегін бағалауы құптарлық іс екенін атап өтеді.

Бурахан Дақановты ерекше қуантқан жайттың бірі – Арнайы жасақтың ресми парақшасында Фаризаға арнап жарияланған жазба. Онда былай делінген:

Фариза алдағы уақытта да айтыс сахнасында сарбаздардың жауынгерлік рухын қасиетті домбыра арқылы көтеріп, биік белестерді бағындырарына сеніміміз мол. Айтыс – ұлттық өнер. Ал ұлттық өнер төрде болуы тиіс, – делінген жазбада.

Фариза Жетпісбай – қазақ қыздарының қайсар мінезін және ұлттық өнерді насихаттап жүрген жауынгер қыз. Ол айтыс сахнасында да, әскери сапта да елдік мәселелерді алға шығарып, жастарды отан қорғауға шақырып келеді. Арманы – генерал шеніне жетіп, ел қауіпсіздігіне елеулі үлес қосу. Жас сержанттың талабы мен табандылығына қарап, бұл межені де бағындырарына сенімі мол.