Жаңалықтар

«Айтуға оңай»: Меруерт Түсіпбаева тілі ұзын әйелдерді сынаған депутатқа жауап берді

«Айтуға оңай»: Меруерт Түсіпбаева тілі ұзын әйелдерді сынаған депутатқа жауап берді
Фото: instagram.com/meruert_tusupbaeva 06.02.2024 15:43 1034

Отандық әнші Меруерт Түсіпбаева отбасындағы жанжалға әйелді кінәлаған депутатқа жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, Мәжілістегі әйел құқықтарына қатысты заң жобасын талқылау барысында депутат Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтып, ұрыс-керіске тілі ұзын әйелдердің де кінәсі барын алға тартқан.

Бұл сөзіне ашуланған Меруерт Түсіпбаева қазақ қыздарының тадыры ауыр екенін айтты.

Варшавада жүріп біраз ой түйдім. Бүгін баламның емтихандары болды, сол үшін Варшаваны жаяу 4 сағат араладым, 25 мың қадам жасап, шопинг жасап, азық-түлік алдым. Жаяу жүргенде миыңа сансыз ой келеді. Өзімнен өзім қазақтың қыздары неткен мықты деп ойладым. Отбасында көбіне қазақтар қыздарын басып өсіреді. Көп ұрсады, әбден жұмсайды. Нұқиды-шұқиды. Негізі қатты ұстайды. Сосын оқығаны оқып, күйеуге шығады, - деді ол.

Әнші қиындық қыз бала тұрмысқа шыққанда көбейе түсетінін алға тартты.

Ол жерде аждаhaлар дайын, ене, енесінің әпке-сіңлілері, атасы, қайынсіңлілері және өз күйеуі. Күйеуі жақсы адам болған күйдің өзінде басқа қиындық жетіп жатыр: отыр, тұр, жина, сыпыр, неге мынау былай, неге анау солай... Ол байқұс қыз бөтен жерге келді, ол да стресс, 1-2 жыл үйренсін деп ешкім күтпейді. Бала туады, жұмыс одан сайын көбейеді… Келін, ана, жар, өз ата-анасына да қарайлайды, жұмысы бар. Сонда да ешкімге жақпайды. Менің көп таныс құрбымның өмірі осы. Өздеріне де қарайды, бала шағаны да өсіріп тәрбиелейді. Робот секілді. Аман болыңдар, қазақтың мықты қыздары! – деді ол.

Сөз соңында Түсіпбаева депутатқа да ескерту атқан:

Депутат мырза, сіз осы режимде бір күн өмір сүрсеңіз, артық ештеңе дей алмаушы едіңіз. Айтуға оңай және бұл бер жағы ғана, - деді өнер иесі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға