Жаңалықтар

Қайрат Мәми: "Сот жүйесін реформалау құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған"

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған 11 мақсатты қадамды қамтитын «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданды.
13.08.2015 05:20 3528

«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде партия төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық мемлекеттілікті нығайту және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін 5 институттық реформаны ұсынған болатын. Аталған реформалардың екіншісі тұлға құқығымен қатар меншік құқығын, шартты міндеттемелерді, соңғы нәтижеде экономикалық өсімнің негізі болатын кәсіпкерлік қызметтер үшін шарттарды қорғауға кепіл беретін заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қайрат Мәми: "Сот жүйесін реформалау құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған"

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған 11 мақсатты қадамды қамтитын «100 нақты қадам» ұлт жоспары қабылданды. Бұл жайында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми тарқата айтып берді.

– Қайрат Әбдіразақұлы, Қазақстанның сот жүйесін жетілдірудің басымдықты бағыттары қандай?

– Ұлттық комиссияның жұмыс қорытындысына сәйкес реформаның 2 бағыты, атап айтқанда, судьялар корпусын қалыптастыру тәртібін жетілдіру және сот ісін жүргізуді жаңғырту бөліп алынды. Бірінші кезекте, сот ісін жүргізу жүйесі реформаланады. Сот төрелігінің төрт сатылы жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау) үш сатылы жүйесіне (бірінші, апелляциялық, кассациялық) көшу жүргізіледі.

Қазірдің өзінде ел Президенті Жоғарғы сотқа кассациялық өкілеттік беру қарастырылған Конституциялық заңға қол қойды. Бұл Жоғарғы сотқа жүктемелердің арта түсуіне әкеледі.

Аталған заңды жүзеге асыру үшін қатарында Жоғарғы сот судьялары, Жоғары сот кеңесі мен Сот төрешілері мүшелері бар резервтік комиссия құрылды. Олар өңірлерге шығып, Жоғарғы сот судьясы лауазымының кадрлық резервіне кандидаттарды іріктеу жүргізеді. Біз алғаш рет судьялар арасында олардың кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы пікірлерін анықтау мақсатында анонимді сауалнама жүргізу тәжірибесін пайдаланудамыз. Жаңа, кеңейтілген кадрлық резервті құру жұмыстары таяу аралықта аяқталатын болады.

Жоғарғы сот құрылымының өзгеруі мамандандырылған инвестициялық алқаның құрылуымен де байланысты. Бұл алқа ірі инвесторлардың қатысуымен орын алған инвестициялық дауларды шешеді, сонымен бірге Астана қаласының соттары қарастыратын инвестициялық даулардың апелляциялық сатыларына қатысады.

Мұнымен қатар Жоғарғы сот консультативтік халықаралық кеңес құруды да жоспарлап отыр. Кеңес жоғары сот органдарына қазақстандық сот әділдігінің алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттар мен сот тәжірибесінде іс жүзінде жүзеге асырылуына жәрдемдесетін болады. Оның құрамына беделді заңгерлер, құқықтың жекелеген тар салаларының мамандары және бірінші кезекте шетелдік сарапшылар кіреді.

Сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексі аясында алқа билер соттарын міндетті түрде қолдану аясын кеңейту және оған азаматтарды іріктеу тетіктерін жетілдіру жоспарлануда. Бүгінгі күні 8 іс жүргізу іс-қимылын санкциялайтын тергеуші судьялардың өкілеттігі кеңейтіледі. Ендігі уақытта оларға қарау, тінту, жеке тінтуді санкциялау міндеті жүктеледі.

Парламент қарауында жатқан Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасына азаматтық сот ісін жүргізуге прокурордың қатысуын қысқартуға бағытталған түзету енгізілген. Мемлекеттің, өзін-өзі қорғауға мүмкіншілігі жоқ азаматтардың мүдделері қозғалғанда, сонымен бірге жаппай жұмыстан шығару, үлкен еңбек ұжымына жалақы төлемеу, адамдардың үлкен тобын қоныс аудару және басқа да осындай жағдайларда ғана прокурордың міндетті түрде қатысуын қалдыру ұсынылуда.

Ұлттық комиссия қолдау білдірген судьяларды іріктеу және тағайындау мәселесіне қатысты бірқатар бастамаларға қатысты айтар болсам, олар конституциялық ережелермен түйіндес.

Атап айтқанда, бұл судьяға кандидаттардың жас шектелімін 30 жасқа дейін көтеруге, қайта сайланған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізуге, Жоғары сот кеңесін құру тәртібіне байланысты.

Бұған қоса, соттарға тұрақты төленетін тағылымдама енгізу, іс жүзінде магистранттарды дайындау мерзімін ұлғайту, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі институты базасында мамандандырылған Академия құру жоспарлануда. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін Жоғарғы сот заңнамаға мониторинг жүргізіп, сәйкесінше заңнамалардың және басқа да нормативтік-құқықтық актілердің жобалары әзірленді.

– Сот жүйесі сатысын оңтайландыру туралы тарқата айтып берсеңіз, ол не үшін қажет?

– Бұл ұсыныс апелляциялық және кассациялық сатының бір сотта шоғырланғаны кезіндегі қолданыстағы сот жүйесіне түскен сындарға негізделген болатын.  Сот органдарының жұмысын ұйымдастырудағы халықаралық тәжірибе зерделенді. Шындығына келгенде қадағалаушы саты кеңестік кезеңнен мұра болып қалған. Бұған қоса, бүгінгі таңда қадағалаушы саты іс жүзінде заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау бойынша қадағалау қызметін қайталайды. Сондықтан да оның Жоғарғы сот деңгейіне берілуі ақылға сыйымды.

Аралық сатылар барынша көп болған сайын сот процестерін қасақана созуға және құқықтарды асыра пайдалануға зор мүмкіншіліктер пайда болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Сот құрылымын және сот өндірісін институттық реформалаудың негізгі мақсаты сот әділдігінің тиімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, заң үстемдігін сақтау және алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сай келетін сот жүйесін құру болып табылатындығын түсіну маңызды.

– Сіз сот сатыларын оңтайландыру Жоғарғы сот судьяларына жүктеменің артуына әкелетіндігін атап өткен едіңіз. Бұл проблеманы шешу үшін судьялардың санын арттырудан бөлек не істелмек?

– Бүгінгі таңда облыстық соттардың кассациялық алқасы жыл сайын 24-25 мың іс қарайды. Олар белгілі бір процессуалдық түзетулермен Жоғарғы сот қарауына келіп түседі.

Сондықтан да апелляциялық рөлді күшейту шаралары қажет-ақ. Сот ісі бұл ретте даудың қиындығын ескере отырып алқа құрамда қарастырылуы тиіс. Жеңілдетілген, сырттай және бұйрықтық өндірісте қарастырылған азаматтық істерді, сонымен қатар тәртіпсіздіктер мен аса ауыр емес қылмыстар бойынша қылмыстық істерді судьялардың жеке қарауына қалдыруға болады.

Жоғарғы соттың кассациялық сатысына қолдаухат алу тәртібі оны алдын ала қарау тәртібін енгізу арқылы қатаң регламенттелетін болады.

Мұнан бөлек, істің жекелеген санаттарына қатысты әлемдік тәжірибені ескере отырып, соттылықты шектеу ұсынылатын болады. Талап сомасы бойынша шектеу де жоспарлануда - әлемдік тәжірибе осындай. Жоғарғы сотқа азаматтық іс бойынша қолдаухатпен жүгінген кезде мемлекеттік салық бекіту де ұсынылып отыр. Мұның барлығы да өзінің әділдігіне негізді заңдық аргументі жоқ тараптардың сот айтыс-тартысын қасақана созу тәжірибесінен бас тарту үшін жасалуда.

– Судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру бойынша қандай шараларды жүзеге асыру жоспарлануда?

– Судья лауазымына кандидаттарды дайындау және іріктеу жүйесінің өзгеруі сот корпусын тек қана кәсіби тұрғыда ғана емес, сонымен бірге өмірлік мол тағылымы бар, барынша тәжірибелі әрі дайындығы жоғары мамандармен нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды, өйткені, бүгінгі таңда біздердің кейбір жас судьяларымыз қиындыққа шыдамай, жұмыстан кетіп жатады.

Судья кадрларын дайындау жүйесінде Сот төрелігі институты маңызды рөлге ие. Оны Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясынан бөліп алып, Жоғарғы сот қарауына беру жоспарлануда. Білім мен тәжірибенің өзара байланысын күшейту мақсатында профессорлық-оқытушы құрам академия қарауына іссапарға жіберілген судьялардан жасақталуы тиіс. Академия магистранттарды оқытуды, іс басындағы судьялардың біліктілігін арттыруды, сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметін жүргізетін болады. Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сәйкесінше органға біліктілік емтиханын тапсырған судьяға кандидаттардың тағлымдамадан өтуі де Сот төрелігі академиясында ұйымдастырылады. Одан кейін судьялар корпусын жасақтау тек қана академия түлектері есебінен жүзеге асырылады.

– Жоғарғы соттағы инвестициялық дауларды қарау жөніндегі мамандандырылған алқа мен Астанадағы қаржы орталығы соты қандай істермен айналыспақ? Осынау екі жаңа инситуттар шешімдері арасындағы қарама-қайшылық орын алуы мүмкін бе?

– Бұған дейін атап өткенімдей, мамандандырылған алқа ірі инвесторлардың қатысуымен орын алған істерді қарайды. Сәйкесінше өзгертулер Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасына енгізілген. Мұнымен бірге Астана қалалық сотында арнайы құрам құрылып, онда қалған инвестициялық даулар қаралады.

Астана қаржы орталығының мамандандырылған соты ағылшын құқығы ұстанымдарымен меншікті юрисдикцияда құрылады. Мұндай сот Қазақстанда коммерциялық дауларды шешуде жаңа әдістер енгізу үшін дербес регламент негізінде жұмыс істейтіндігі болжануда.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы арнайы экономикалық аймағы Дубай мен Сингапурдың халықаралық тәжірибесін ескере отырып құрылады. Ұлттық банк әзірлеген «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заң жобасы АХҚО  сотының ерекше құқықтық мәртебемен, ерекше құзіретпен жұмыс істеуін қарастырады. Дауларды шешу барысында АХҚО қатысушылары қаржылық орталық актілерін және шетелдік сотқа үлгі боларлық жағдайларды қолданады.

Жоғарғы соттың мамандандырылған алқасы қарауға тиісті істерге басқа орта қатысушылары жатқызылған. Мұнан бөлек, алқа қолданатын құқық Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы саналады. Сондықтан да аталған екі соттың арасында бір-біріне қарама-қайшы келудің еш алғышарты жоқ. Бұған қоса, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес сынды органның құрылуы сот тәжірибесін барынша үйлестіруге және Қазақстандағы инвестициялық қызмет субъектілерінің құқықтарын қорғауда маңызы бірдей әдістерді қамтамасыз ететін болады.

АХҚО соты мен Халықаралық кеңес жұмысына шетелдік мамандарды тарту және олармен бірлескен жұмыс тек қана сот қызметінде ғана емес, сонымен бірге, толықтай алғанда, ұлттық кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға да оң ықпал ететіндігін атап өткен жөн.

– Бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған кеңейтілген жиында сіз сот тәжірибесін байыту мақсатында сот істерінің электронды классификаторының құрылғандығын хабарлаған едіңіз. Ол соттардың жұмысын жақсартуға қалай септігін тигізбек?

– Біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру Жоғарғы сот қызметінің өзекті бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Бұл жұмыстар заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жаңа негізге қойылуы тиіс. Қазіргі уақытта бірыңғай классификатор құру жұмыстары жүргізілуде. Онда жекелеген сот істері бойынша толықтырулар мен ақпараттық материалдар, сот актілерінің банкі, сонымен қатар сот тәжірибесі туралы пікірлер мен ақпараттардың алмасуына септігін тигізетін «Талдау» форумы ұсынылатын болады. Облыстық және оларға теңестірілген соттар жүргізген сот тәжірибесінің толықтырулары Жоғарғы соттың ішкі интернет-порталында орналастырылып, барлық соттар тарабынан пікірлер жазылады, алқа жиындарында талқыланады. Бұл жекелеген өңірлер мен сот сатылары арасында сот тәжірибесіндегі ала-құлалықты жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осынау электронды ресурстар қызметін енді бастаған судьялар үшін өте жақсы сүйеніш болмақ. Келешекте «Талдау» форумы, Сот актілері банкі тек қана судьяларға ғана емес, сонымен сот ісін жүргізуге  қатысушыларға, ең бірінші кезекте прокурорлар мен адвокаттарға кәсіби ақпарат көзіне айналады.

– Соттардағы жаңа реформа қашан іске қосылады?

– Өздеріңіз де білетіндей, ол үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Ал ол нақты бір уақытты қажет ететіндігі түсінікті. Реформалардың заңнамалық базасы қазірдің өзінде қалыптастырылуда, мен бұл ретте іс жүргізу кодекстері жобаларымен жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын меңзеп отырмын. «Азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар конституциялық заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң қазірдің өзінде қабылданды. Сонымен қатар басқа да заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер енгізу талап етіледі.

Толықтай алғанда, сот құрылымының жаңа жүйесі және істерді қараудың жаңа тәртібі 2016 жылдың 1 қаңтарына бастап-ақ енгізілетін болады. Басқа шараларды жүзеге асыру одан кейінгі жылдардың ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Сұхбатыңызға рахмет!

– Осы орайда, менде жүргізіліп жатқан реформаларға белсенді қолдау көрсеткені және сот жүйесі қызметін шынайы жазып көрсеткені үшін «ҚазАқпараттың» барлық ұжымына алғысымды білдіргім келеді.


Әңгімелескен: Марлан Жиенбай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға