«Айка ісі»: 6,5 жылға сотталған блогер бостандыққа шықты
Элиталық эскорт желісіне қатысты іс бойынша 2024 жылы 6,5 жылға сотталған блогер Айкаға жазасын өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдыруға мүмкіндік берілді. Осы мерзімде ол пробациялық бақылауда болады. Екі жыл өткен соң әйел қалған жаза мерзімін қайта өтейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс қалай өрбіді?
Абай облысының Жарма аудандық соты сотталған М. (Айка) өтінішін қарап, жазаны кейінге қалдыруға келісім берді. Өтініштің басты себебі – оның кішкентай баласының болуы.
2024 жылғы 21 мамырда Айка мүлкі тәркілене отырып 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол заңда көрсетілген мерзімді өтегеннен кейін жазаны жеңіл түрге ауыстыруды сұраған, алайда 2025 жылғы 31 шілдеде сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Кейін Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер әйелдерге, әсіресе кішкентай балалары барларға, жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік берді. Осыған сәйкес оның адвокаты сотқа қайта өтініш түсірді.
Сот дерегінше, Айканың 2020 жылы туған баласы бар, өзі оң мінездемеге ие, жеңілдетілген режимде ұсталған, бір марапат және бір ескерту алған және берешектері жоқ. Осы факторларды ескере отырып, сот оның өтінішін мақұлдады.
Сот шешімі:
Бала мүддесін, қылмыстың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, жазаны екі жылға кейінге қалдыру қажет деп шештік, – делінген қаулыда.
Екі жыл ішінде Айка тұрғылықты жерде пробациялық бақылауда болады.
Айка не үшін сотталды?
2024 жылғы 21 мамырда Алматының Әуезов аудандық соты Айканы аса ірі көлемде психотроптық затты заңсыз сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлықпен айналысу бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Оның сыбайласына 3 жыл 8 ай жаза тағайындалған.
Айка деген кім?
Айка Алматыдағы «элиталық эскорт» желісінің ұйымдастырушысы ретінде танылған. Бірақ Instagram желісінде сән-салтанатқа толы өмір салтын көрсетіп, өзін блогер ретінде таныстырып келген.
Оның аккаунтында 120 мыңнан астам жазылушы болған.
2023 жылғы маусымда Айканың ұсталғаны белгілі болды. ІІМ мәліметінше, ол жабық чаттар мен аккаунттар арқылы қалталы клиенттерге сымбатты қыздарды ұсынған. Ал бойжеткендерге «демеуші табуға» уәде етілген.
«Айканың тізімі»
2023 жылдың желтоқсанында желіде жарияланған «Айканың тізімі» қоғамда қызу талқыланды. Онда элиталық эскорттың ықтимал клиенттері деп көрсетілген адамдардың жеке деректері бар құжаттар тараған.

