Әлеуметтік желі

Әйелі Айзатты аттың жалына байлап сүйреді деген күдікті күйеуін прокурор 15 жылға соттауды сұрады

Жетісу облысында Айзат Жұманованың өліміне қатысты даулы іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қылмыстық іс бойынша 33 жастағы марқұмның күйеуі аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Сот процесі Талдықорғанда, судья Әділет Бақытовтың қарауында өтіп жатыр. Процесс ашық форматта жүргізілді, алайда судья журналистерге айыпталушыны фото және видеоға түсіруге тыйым салды, себебі оның қорғаушысы осындай өтініш жасаған.

Бастапқыда тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Абайсызда өлімге соқтырған ауыр дене жарақатын салу») бойынша жүрді. Алайда оқиғаға байланысты қоғам тарапынан үлкен наразылық туған соң, іс 99-бапқа («Адам өлтіру») қайта сараланды.

Мемлекеттік айыптаушы күдіктіге 99-баптың 1-бөлігі бойынша айып тақты. Бұл бап 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Прокурордың айтуынша, қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 маусымында болған. Айыпталушы әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын көріп, қызғаныштан оны соққыға жыққан, өзі мас болған. Жәбірленуші облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Алайда айыпталушы өзіне тағылған кінәні мойындамай отыр.

Марқұмның туыстарының өкілі – адвокат Арман Шәріпов айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындауды талап ететінін айтты. Оның сөзінше, істің қайта саралануына марқұмның туған әпкесі тікелей ықпал еткен.

Айзаттың денесінде көптеген жарақат болды, бұл оны атпен сүйреп, азаптаған болуы мүмкін екенін меңзейді. Алайда сараптама оны нақтыламады. Бап 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, біз ең ауыр жаза сұраймыз, – деді ол сот отырысынан кейін.

Негізгі сот талқылауы 5 желтоқсанға белгіленді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 22 маусым күні Ақсу ауданында болған. Марқұмның туыстары Айзат бірнеше сағат бойы ерекше қатыгездікпен соққыға жығылғанын, оның бәрі екі жасар қызының көзінше болғанын мәлімдеген.

Сот-медициналық сараптама ауыр жарақаттарды анықтады: жабық бас-ми жарақаты, ми ісінуі, бас сүйегінің, аяқ-қолдарының және жамбас сүйектерінің сынуы, сондай-ақ денені сүйреу іздері. Туыстары Айзатты арқанмен байлап сүйреген болуы мүмкін деп есептейді.

Жедел жәрдем әйелді Талдықорғанға жеткізген соң араға жарты сағат салып көз жұмған.

Айыпталушы әйелінің «селфи жасап жатып терезеден құлап кеткенін» айтқан. Алайда туыстары бұл нұсқаны жоққа шығарып, Айзат азаптаудың құрбаны болды деп санайды.

Полиция бастапқыда істі 106-баппен тергеген еді, күдікті сол кезде-ақ қамауға алынған.