Әйелдерге жалғыз саяхаттауға болатын елдер

 unsplash.com/Mike Kilcoyne
Фото: unsplash.com/Mike Kilcoyne

Жалғыз саяхаттау еркіндік сылайтыны сөзсіз. Өз уақытыңды өзің жоспарлап, қалаған жеріңде кідіріп, қалағаныңды көру – мұның бәрі саяхаттың құндылығын арттыра түседі. Дегенмен жалғыз саяхаттау бәріне бірдей қолайлы деп айта алмайсың. Әсіресе қауіпсіздік мәселесі көпшілікті ойландыратыны анық.

Соған қарамастан, әлемдік тәжірибені саралаған халықаралық зерттеулер жалғыз саяхаттайтын әйелдер үшін ең қолайлы елдерді анықтаған. Бұл ретте Georgetown University әзірлеген Women, Peace and Security Index және Global Peace Index деректері негізге алынған. Бірі – әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын, екіншісі – елдегі жалпы тұрақтылық пен бейбіт ахуалды бағалайды. Осы екі индексті салыстыра отырып, BBC Travel 2026 жылы жалғыз саяхаттауға ең қолайлы бес бағытты ұсынды.

Эстония – тыныштық пен тарих үйлесімі

Балтық жағалауындағы шағын ғана мемлекет қауіпсіздігімен және ықшам инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Ел астанасы Таллин – қысқа демалысқа таптырмас бағыт. ЮНЕСКО тізіміне енген ескі қаласы туристерге адаспай серуендеуге мүмкіндік береді.

Narva, Эстония

unsplash.com/Georgy Trofimov

Тарихқа қызығатындар үшін Vabamu Museum of Occupations and Freedom ерекше әсер қалдырады. Ал елдің шынайы тынысын сезінгіңіз келсе, Кихну аралына ат басын бұрған жөн. Мұнда әйелдердің қоғамдағы рөлі айрықша – олар арал тіршілігінің негізгі қозғаушы күші.

Норвегия – табиғатпен үндестік

Скандинавия елдерінде қауіпсіздік деңгейі басты назарда екенін көпшілік онсыз да біледі. Норвегия да сондай елдердің қатарында. Таулы пейзаждары мен фьордтары белсенді демалысты құп көретіндер үшін нағыз нағыз жұмақ тәрізді.

teinsdalsfossen, Norheimsund, Norway

unsplash.com/Tobias Tullius

Осло, Берген, Тромсё сияқты қалалар шағын әрі ыңғайлы. Ал бағыттар нақты белгіленіп, қауіпсіздік деңгейі жоғары. Бұл жалғыз саяхаттаушылар үшін басты артықшылық болса керек.

Коста-Рика – табиғат пен еркіндік мекені

«Pura vida» – яғни «қарапайым әрі бақытты өмір» ұстанымы бұл елдің философиясына айналған. Коста-Рика Кариб теңізіне де, Тынық мұхиты жағалауына да шыға алады.

Volcán Tenorio, Guanacaste Province, Costa Rica

unsplash.com/Sterling Lanier

Экзотикалық табиғатты ұнататындар үшін Corcovado National Park және Manuel Antonio National Park ұлттық парктері ерекше әсер сыйлайды. Мұнда топтық турлар да кең таралған, сондықтан жалғыз саяхатта да серіктес табу қиын емес.

Вьетнам – қолжетімді бағыт

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең танымал бағыттардың бірі. Бағасының қолжетімділігі, мәдениетінің байлығы және туристерге қолайлы инфрақұрылымы – мұның бәрі жалғыз саяхаттаушылар үшін өте ыңғайлы.

Hạ Long, Vietnam

unsplash.com/Ammie Ngo

Мұнда хостелдер мен отбасылық қонақүйлер (homestay) көп. Бұл тек тұруға ғана емес, жергілікті халықпен жақын танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел бойынша туристік маршруттардың көптігі саяхатшыларды біріктіріп, жаңа адамдармен танысуға жол ашады.

Уругвай – тыныштық іздегендерге арналған мекен

Оңтүстік Америкадағы ең қауіпсіз елдердің бірі саналады. Астанасы Монтевидео – қарбаласы аз, жайлы қала.

Casa Pueblo en Punta del Este

unsplash.com/Sergio Arteaga

Ал тарихи атмосфераны сезінгіңіз келсе, Колония-дель-Сакраменто қаласына барған жөн. Демалысты теңіз жағасында өткізгісі келетіндер үшін Пунта-дель-Эсте – мінсіз таңдау.

Жалғыз саяхаттау жаңа елдерді басқа қырынан көру ғана емес, өзіңді танудың да бірден-бір жолы. Бастысы, сапарыңызды саналы түрде жоспарлап, қауіпсіздік ережелерін естен шығармасаңыз болды.

Оқи отырыңыз