El.kz

Әйелдер мен ерлер теңдігі: Қазақстанда 30 жылда не өзгерді?

22.08.2025 19:45

Астанада «30 жылдық прогресс: әйелдер мен ерлердің құқығы және мүмкіндіктерінің теңдігіне тұрақты жол» атты халықаралық конференция өтті. Бұл маңызды шара Қазақстан Конституциясының қабылданғанына және Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жиын барысында елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылған реформалар мен жетістіктер кеңінен талқыланды.

Конституциядағы теңдік кепілдігі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменов өз сөзінде Қазақстан заңнамасында әйелдер мен ерлердің теңдігі нақты көрсетілгенін атап өтті:

«Біздің Конституциямыздың 33-бабында жынысына, нәсіліне, тіліне қарай ешкімді бөлмейміз. Соның негізінде теңдік пен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, орнықты дамуға ерекше көңіл бөлініп келеді», – деді ол.

Гендерлік саясаттағы жаңа қадамдар

2024 жылы «Әйел құқықтарын қорғау және баланың қауіпсіздігін сақтау туралы» заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жауапкершілік күшейтілген. Атап айтқанда, «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» ісі қайтадан қылмыстық сипатқа ие болды. Бұл әйелдердің құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам саналады.

Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі үлесі

Соңғы жылдары әйелдердің саясат пен экономикадағы белсенділігі айтарлықтай артып келеді. Мәселен:

  • Қазақстанда сайланған 2400 әкімнің 205-і – әйелдер;
  • Жоғары оқу орындары басшыларының 25%-ын нәзікжандылар құрайды;
  • «Ауыл аманаты» жобасына қатысқандардың 28%-ы – әйелдер, олардың көпшілігі мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін ашқан.

Тең мүмкіндіктер – тұрақты дамудың кепілі

Конференция аясында сарапшылар гендерлік теңдік тек әйелдер құқығының мәселесі емес, ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін айтты. Қоғамның әр саласында әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде мүмкіндіктерге ие болуы Қазақстанның орнықты дамуының негізгі факторларының бірі болып отыр.