Жаңалықтар

Әйел саясаткер – болашақта қалыпты ұғымға айналады - Салтанат Тұрсынбекова

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады
Әйел саясаткер – болашақта қалыпты ұғымға айналады - Салтанат Тұрсынбекова
Фото: baq.kz 21.11.2022 18:00 3435

Бұл туралы Салтанат Тұрсынбекова Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Сайлау процесі аяқталды, нәтижеге қарамастан, мен өз сайлауалды науқаныма ризамын. Ұжымның келісілген іс-әрекетінің арқасында біз адам құқығы, қауіпсіздік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, гендерлік теңдік мәселелерін республикалық деңгейге көтере алдық.

Әйел саясаткер – болашақта қалыпты ұғымға айналады, оның үлгісін біз бүгін көрсетуге тырыстық. Менің ойымша, біз әйелдердің мәртебесін қандай да бір жолмен болса да алға жылжыттық. Тура бір ай бойы республикалық көлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналар қоғамымыздың түйткілді мәселелерін көтерумен болды. Әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдау, толық емес отбасылардың мәртебесін заңмен бекіту, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарызын азайту, көп балалы аналарға қолдау көрсету, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдағым келетіні жайлы жазылған бағдарламамды бүкіл халық болып талқылады.

Сонымен қатар, бағдарламамдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жастардың қолжетімді білім мен баспана алуына мүмкіндік беру, ауылдағы өмір сүру деңгейін көтеру және басқа да ұсыныстарымды халық бір ауыздан қолдады.

Сайлаушылармен кездесулерде уәде еткенімдей, қандай мандат алсам да, өз бағдарламамды іс жүзінде жүзеге асыруға тырысамын. Мен барған дағдарыс орталықтарының барлығына міндетті түрде қайта барып, көмектесуге тырысамын, өйткені науқан кезінде оларға бір бөтелке су беруге де заң рұқсат етпеді. Алдағы уақытта да осы белсенділігімді бәсеңдетпеуге дайынмын. Мен қарапайым азаматтарды толғандыратын мәселелерді қоғамымыздың өркендеуі үшін көтере беремін және оны шешуге күш саламын. Жарияланған нәтижелерді ескере отырып, өз атымнан және жалпы штабтың атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты 2022 жылғы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтағым келеді.

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сізге осы қиын да күрделі жолда сәттілік тілеймін, өйткені сіздің оң жетістіктеріңіз мемлекеттің игілігіне ықпал ететіні сөзсіз. Қоғам ел кілтін Сізге сеніп тапсырып, үлкен үміт артып отыр. Бұл ретте мені әлеуметтік желіде де қолдап, тікелей дауыс берген жандарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мен Қазақстандағы көптеген тұрғындардың саясаткер әйел бейнесін қолдайтынына, сондай-ақ өз науқанымда көтерген тақырыптар оларға аса қажет екеніне көз жеткіздім", - деп жазды Салтанат Тұрсынбекова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға