Жаңалықтар

Айдос Сарым кітапқұмарлар қоғамын құруға қатысты ұсыныстарын айтты

Айдос Сарым кітапқұмарлар қоғамын құруға қатысты ұсыныстарын айтты
Фото: © El.kz/Айдос САРЫМ 20.03.2024 14:06 618

Кітап оқитын ел қалыптастыру – Президент айқындаған күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі. Кітап оқитын қоғам құру туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым маңызды ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы Құрылтайда Президент мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетіп, кітап оқитын ел жобасына қайта тоқталды.

Мемлекет басшысының осы мәселеге ерекше назар аударуының себебі – кітап оқу ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты екендігімен байланысты. Бұл ретте, отандық авторлар мен баспагерлерді мемлекеттік қолдауда басымдықтың оқулықтар мен әдебиеттерді басып шығаруға тапсырыс берумен ғана шектеліп отырғаны алаңдатады.

Бүгінде дүкендерде кітап сөрелерінде ұлттық әдебиет пен кітаптар саны артқанымен, бұл жұмыс тым баяу жүргізілуде.

Сондықтан Мемлекет басшысының таяуда өткен Ұлттық құрылтайда осыған қатысты берген тапсырмасын негізге ала отырып, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға түзету енгізу қажет деп санаймыз.

Мәжілісмен кітап оқуға қатысты бірнеше бағыт қамтылуы тиіс екенін айтты.

Бірінші. Отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту.

Қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік тапсырысты Президент айтқан нақты құндылықтар бойынша шығармалар әзірлеуге бағыттаған жөн. Сапасы жоғары, сұранысқа ие контент жасай алатын авторлармен ұзақ мерзімді келісімшарттар қажет, - дейді ол.

Екінші. Кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру қажет.

Бұл ретте, кітап индустриясының тиісті тізбектерін құрған жөн. Ересектерге арналған мұндай тізбектер мынадай буыннан тұруға тиіс: оқырман – сыншы – маркетолог – баспа – кітап дүкендері мен дүңгіршектер – оқырман, - дейді Айдос Сарым.

Үшінші. Қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырмандар мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтаудың маңызы зор.

Өкінішке қарай, қалаларда кітап дүкендері мен газет дүңгіршектері ғайып болып кетті. Сондықтан баспа өнімдерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құру керек. Мысалы, Еуропада, Әзербайжанда, Ресейде және басқа да елдерде осындай желілер жұмыс істейді, - дейді ол.

Төртінші. Қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйелері қажет.

Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек. Мәселен, қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі ұлттық кітап шығаруды қолдаудың пәрменді шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қолданылады, - дейді депутат.

Бесінші. Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту қажет.

Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар, кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек, - деп толықтырды.

Алтыншы. Кітапқа деген қызығушылық отбасында қалыптасуға тиіс.

Бұл ретте, баласына ата-анасы үлгі көрсетуі керек. Біздіңше, баланың рухани әлемін байытатын құрал – электрондық ойындар емес, кітаптар. Балаларға арналған дайджесттер, ғылыми-танымал журналдар мен сайттар, ең алдымен қазақ тілінде шығарылуы керек, - дейді ол.

Жетінші. Кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту керек.

Негізгі әдеби шығармаларды оқу, олар бойынша түсінгенін айту, олар бойынша эссе жазу мектеп бағдарламасына қайтарылуы керек. Кітап және кітап оқу күндерін өткізу қажет. Бұл ата-ана мен бала арасындағы сенімді, түсіністікті арттырады, бұл өз кезегінде үй ішіндегі дүрбілжеңді, ажырасуды, отбасылық зорлық-зомбылықты тежеуі ықтимал, - деп нақтылады Айдос Сарым.

Сегізінші. Мектеп – кітапхана желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. Барлық оқушылар жергілікті кітапханаларға жазылып, оқырмандар қатарына қосылулары керек. Оларға арналған көрмелер, кездесулер, конкурстар, әдеби іс-шаралар өткізілуге тиіс.

Президентіміз қоғамда патриотизм, жасампаздық, заңға, аға буын деген құрмет сияқты және басқа да құндылықтарды қалыптастыру міндетін үнемі айтып келеді. Бұған көбіне кітап оқу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Барлық мемлекеттік органдар осыны қаперлеріне алулары қажет екенін айтты.

Совет заманында, қазақ жазушыларының туындылары жүздеген мың тиражбен, ал ең танымал қазақ газет-жорналдары 500-600 мың тиражбен тарайтын кезеңді де көрдік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда бұндай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі асқан қателік! Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт!, - дейді депутат.

Жалпы алғанда, фракция депутаттары өз тарапынан қажетті заңнамалық шаралар арқылы отандық кітап шығаруды институционалдық тұрғыдан нығайту үшін Үкіметке жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.

Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толыққанды іске асырылуы керек екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға