Жаңалықтар

Айдос Сарым: 500 лүпіл жинаған кейбір адамдар өздерін «ұлт көсеміміз» деп ойлап қалды

Айдос Сарым: 500 лүпіл жинаған кейбір адамдар өздерін «ұлт көсеміміз» деп ойлап қалды
Фото: parlam.kz 14.05.2023 15:30 1980

«Жаңа Қазақстан» конституциялық реформалары, саяси және экономикалық трансформациясы жаңа ойын ережелерін, жаңа шынайы өмірді қалыптастырды. Кейбір партиялар, қоғамдық бірлестіктер жаңа ойын ережесіне оңай бейімделсе, енді бірі ескі әуенінен жаңылар емес. Уақыт бір орында тұрмайды. Еліміздегі партия жүйесі мен азаматтық қоғам да көп өзгеріске түсіп жатыр. Осы саяси өзгерістердің өрбуі, еліміздегі саяси партиялардың, парламенттің, Ұлттық құрылтайдың рөлі және қоғамдық ұйымдардың және азаматтық қоғамның дамуы жайында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым el.kz тілшісіне сұхбат берді:  

Еl.kz: Өзіңізге мәлім, Жаңа Қазақстан тұсында партия құруға тілек білдіргендердің қарасы көп болды. Бірақ қазір бұл адамдардың белсенділігі саябырланып қалды. Десе де, Республика, Байтақ секілді бірқатар жаңа партиялар тіркеліп, парламент пен мәслихатқа кіріп те үлгерді. Қазақстандағы партия жүйесі қалай өзгеріске түсіп жатыр? 

Айдос Сарым: Бұл жерде екі бағыт туралы айтқан дұрыс болатын шығар. Біріншіден, Қазақстанның Конституциясы мен заңнамасы өзгерді. Ел азаматтарының партия құру мүмкіндіктері ашылды. Қазірдің өзінде Әділет министрлігінде тағы да 4-5 партия құрамын деген ынталы топтардың құжаттары қарастырылып жатыр. Егер сол ынталы топтар заңның тиісті талаптарын орындай алатын болса, еліміздегі партиялардың қатары тағы да арта түсетіні анық. Шынымен де мүмкіндігі бар, соңына еретін электораты бар, қажетті қаржылық мүмкіндіктері бар ұйымдар мен ынталы топтарға бүгінгі күні ешкім «жоқ, болмайды» дей алмайды. 

Екіншіден, менің түсінгенім, сіздің меңзеп отырғаныңыз «осыған дейін билікті сынап келген азаматтар мен ұйымдар неге партия құра алмай жатыр, олар неге тіркелмейді» деген сұрақ деп ойлаймын. Бұл жерде мен мынаны басып айтқым келеді. «Партия болғым келеді» мен «партия боламын» дегендердің арасы жер мен көктей. Шынын айту керек, 2019 жылға дейінгі елдің, биліктің авторитарлық ұстыны мен әлеуметтік желілердің нөпірі біраз азаматтардың басын айналдырып, есін шығарды. Кейбір замандастарымыз өзінің әлеуметтік желідегі танымалдылығын «халықтың жаппай қолдауы» деп түсініп қалды. 500 лүпіл жинаған кейбір адамдар өздерін «ұлт көсемдеріміз» деп санап қалды. Шынымен де саяси бәсеке, әлсін-әлсін, үлкенді-кішілі ашық сайлаулар өтпейтін елді кімнің кім екенін анықтап білу қиынның қиыны. 

Алайда наурызда өткен сайлау науқаны кемі екі шындықты ашып берді. Өзін «героймын» деп жүрген көптеген адамдардың қоғам ішінде ешқандай бір керемет беделі жоқ екенін көрсетті. Сенің әлеуметтік желідегі қолдаушыларың мен нақты сайлау округіндегі тұрғындардың – екеуі екі бөлек дүние. Сені тіпті Англия немесе Австралияда жатып қолдайтын қазақ шығуы ықтимал, бірақ сен ең алдымен нақты Қызылорда немесе Алматы облысының тұрғындарымен жіті һәм жиі араласуың керек. «Елдегі режимді құртам, жоям емес, нақты сол тұрғындардың мәселесін шеше аламын, мектеп саламын, көпір соғамын, қолым ұзын, қолымнан іс келеді» деп дәлелдеуің қажет. Бұл тұрғыдан алсақ, өткен сайлау әлеуметтік желілердің шынайы өмірге жығылуы болды. Ашығын айтсақ, ойсырай жеңілуі болды. 

Еl.kz: Айдос мырза, сонда саясаттан үміті бар адамдар депутат болуға, президент болуға мүлдем ұмтылмауы керек пе?

Айдос Сарым: Жақсы болсын, жаман болсын, әрбір саясаттан үміті бар азамат белгілі бір өмір жолынан өтуі тиіс. Еш саяси тәжірибе жинамай, үлкен емес, кіші сайлаулардан өтпей, сен ешқашан нақты нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Ендігі кездегі парламент сайлауы 2027 жылы, президент сайлауы 2028 жылы басталады. Оған дейін біраз уақыт бар. Демек, саясаттан үміті бар әрбір азамат бүгіннен бастап дайындалуы тиіс. Кемі ауыл, аудан, қала әкімінің орнына, ертеңдері босайтын аудан, қала облыс мәслихаттары депутаттарының орнына бақ таластырып, тәжірибе жинауы тиіс. Мықты болсаң алдымен ең үлкен белесті емес, нақты бір ауылда, ауданда, қалада немесе облыста жеңіп, жеңістің иісін мұрынға жеткізе білу керек. 

Партия құрамын дейтін азаматтар кем дегенде алдымен қоғамдық қозғалыс, қоғамдық ұйым статусына қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. «Мені қолдасаң - ерсің, қолдамасаң – езсің» дейтін психология мен менталитеттен арылып, өз ұпайлары мен қаржылық, ұйымдастырушылық жағдаяттарын дұрыстап зерделесін. Жалғыз өзің ұмтылып көрдің, қолыңнан келмеді ме? Онда кішкене болса да төмендеп, басқа да өзің қатарлы азаматтармен тізе қос, иық тірестір. Олармен санасып, ортақ мүддеге келу тәртібі мен мәдениетін үйрен. Аймақтарға жиірек шығып, жұртпен көбірек кездес. Қазақстанымыз өте үлкен ел, мемлекет, оның бір аймағы екінші аймағына мүлдем ұқсамайды. Жердің өз ерекшілігі, менталитеті бар. Алматы не Астанада отырып көсемсөз айту қиын емес. Өзіңе лүпіл басқандардың көсемі болу мен шынайы қоғамның, аймақтың көсемі болу – екеуі екі бөлек дүние. 

Ал эфирге шығып алып, билікке әкіреңдеп «Әй, ой, құрып кет, асылып өл!» дейтін азаматтар ұзаққа шаппайды. Ютубтағы танымалдылық, инстаграмдағы танымалдылық – әрі кетсе алты ай, әрі кетсе бір жарым жыл. Одан кейін сен жұртты әбден мезі қылып, ерте ме, кеш пе қарапайым блогерге айналдырып жібереді. Саясат – ауызға келгенді айта беру емес, саясат жақтастардың санын арттыру. Кейбір «әсіре белсенділеріміз» бір нәрсені ұмытып кетеді: олардың арнасын немесе эфирін көргеннің бәрі шындық іздеушілер емес, саясатқа араласамын деушілер емес. Жұмыстан кейін үйге келіп: «Тәәәк, дана халқым не деп жатыр екен?» деп қызық іздеушілер! Яғни, сенен де дауысы зор, эффектісі мол адам шықса болды, «Мынау керемет екен, ананы қойшы осы» дей салатындар. Кейбір адам Димашты, екіншілер – әзілкештерді, үшіншілер – «шынтуайтшыларды» іздейтін заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бәрі де қызық іздеу, бәрі де инфотейнмент. Сенің ютуб-каналыңа лайк басып, пікір жазғанның бәрі сенің жақтасың емес, барлығы бірдей жұмысын тастап, жеген тамағын ысырып, сенің митингіңе, шараңа, ісіңе араласа бермейді, бергісі де жоқ. Теледидардан айтысты көріп отырып немесе концерт тамашалап отырып екінің бірі «Пах, шіркін!», «Беу қарғам!» деп дауыстайтын сияқты ғана дүние. Бірақ, жеме-жемге келгенде сол «ах-пах-нах-шылар» өзінің сүйікті диваны мен үйреншікті асүйінен шықпайды. Тарихта бәрі болған, бәрі де басымыздан өткен. Интернет жоқ заманда да саясат болған, айтыс болған, тартыс болған. Интернет жоқ заманда да билікке талас болған. Солардың тәртібі мен ережесі еш өзгермеді десем артық емес, әдептен озбаспын. Сол бағзы заманның бір ережесі бар...

Еl.kz: Ол қандай ереже еді?

Айдос Сарым: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген есіңізде ме?

Еl.kz: Әрине. 

Айдос Сарым: Саясаттың ең үлкен ережесі осы. Қалғаны жәй-әншейін дүниелер. 

Еl.kz: Жақсы. Солай-ақ болсын. Кейбір азаматтар «Парламент бар жерде Ұлттық құрылтайдың қажеті не?» деген сауалды жиі қояды. Сіздіңше, Ұлттық құрылтайдың маңызы неде? 

Айдос Сарым: Сұрағыңыз қызық екен. «Ұлықбек Есдәулет бар, Иран-Ғайыптың не керегі бар?» деген сияқты. Қоғам күрделенген сайын, ондағы ой-сананың әралуандалатыны анық. Ұлттық Құрылтай парламентпен таласатын, парламенттің орнын басып алатын ұйым емес. Ұлттық Құрылтай – еліміздің президенті құрған ақыл-кеңес институты. Байқасаңыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы көптеген азаматтармен кезігіп, қабылдау жасап жатады. Жұрт көретін, «президент әкімді, министрді, ғалымды, кәсіпкерді қабылдады» дейтін ақпараттар үлкен жұмыстың бір шеті ғана. Шын мәнінде, президент көптеген азаматтармен кездесіп жатады және де ондай кездесулердің дүйім көпшілігі ақпарат көздерінде көрсетіле, айтыла бермейді. Осындай кездесулер арқылы президентіміз елдегі жағдай туралы шынайы, нақты ақпарат жинайды, ой қорытады. Бұл саясаттың дұрыс жүргізілуі үшін қажетті, керекті формат. Ал «мен ғұламамын, көсеммін, менімен неге кезікпейді, қабылдамайды» дейтіндер де жоқ емес. Ұлттық Құрылтайды сынайтындар негізінен осылардың қатарынан деп есептеймін. 

Еl.kz: Неге кездеспейді, қабылдамайды сонда?

Айдос Сарым: Ал не үшін, қандай жетістігі үшін қабылдауы керек? Дауысы зор болғаны үшін бе? Дауыс десек, Димаштан асқан дауыс көрмеппін! Президент ең алдымен үлкен саясаткер. Ешбір саясаткер өзінің саяси оппонентіне, қарсыласына ұпай бермейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден – мәдениет пен ізет деген дүниелер бар. Сен, егер, таңертеңнен қара кешке дейін «Қарғыс атыңдар, өліңдер, итсің, ақымақсың» деп боқтап-сілеп жатсаң, сенімен не үшін кездесуі керек? Сөзің – анық, ойың – таяз, мәдениетің – нөл! Сенің пікіріңді білу үшін ютубтан бір қарасам да жетіп жатыр. Ал шынайы ойың, ұстанымың, жобаларың болса, онда сәл де болса кісіге жақында, адам кейпіне кір. Қоғамдық ұйымдарға, алаңдарға жақында, жұрт қатарлы дәлелде. Есімде болса, Мұхаммед Пайғамбар пайғамбарлардың соңы, кілті емес пе? Өзіңді пайғамбар санасаң, теңіздерді кері қайтар, қарсыласыңа тоқсан тоғыз топалаң ұйымдастыр, «президенттің приемы» саған не керек? Құдайдың тікелей ұйғарымын білетін болсаң, оның қара жердегі үмбеті болсаң егер, «зачем саған бір тәуелсіз елдің президенті?»

Еl.kz: «Еститін үкімет» ұраны азаматтық қоғамға үлкен үміт сыйлаған-ды. Билік пен азаматтық қоғамның қарым-қатынасына қазір қандай баға берер едіңіз? 

Айдос Сарым: Жақсы баға беремін. Еститін үкімет деген – есуас үкімет деген сөз емес. Интернетте, желіде сөз сөйлеп жатқанның бәрі де дұрыс дегеннен аулақпын. Егер премьер, министр, әкім желіде айтқан әрбір сөзге желпілдей берсе, соңына ілесе беретін болса, мемлекетіміз екі күнде ыдырап, бюджетіміз екі сағатта жоқ болады. Менің түсінігімде; билік қоғамда айтылып жатқан бар әңгімені көріп, естіп отыруы тиіс. Бірақ әрбір айтылған сөзге елігіп, әрбір сыннан шошып, үркіп отырмауы тиіс. Керісінше, өз ұстанымына сай, қажет болса сағаттап, апталап, айлап дауласып, айтысып, өз принципін жақтап, қажет жағдайда мәмілеге келіп, діттеген мақсатына жетуі керек. «Еститін үкімет» осы. Баяғыда Наполеон айтқан екен: «Құдай қашан да ең үлкен батальондардың жағында жүреді» деп. Сол сияқты, егер нақты идеяң, ойың болса, дәлелде демекпін! «Мен айттым, сен істе!» дейтін ешкімнің жөні жоқ! Мықтысың ба, мыңдарды емес, миллиондарды жаныңа топтастыр! Ондайды билік естігісі келмесе де, естиді. Еститін үкімет мен айтқан дүниенің барлығын иланады деген сөз емес. Менің ойым бар ма, идеям бар ма, мен тиісті тәсілдерді пайдаланып, оның лоббиын іске асыруым керек деген сөз. 

Еl.kz: Елімізде не көп қоғамдық кеңес көп. Бұл кеңестер басшылыққа қоғамның ой-пікірін жеткізетін бейресми орган емес, басшылықтың ұстанымын дәріптейтін құралға айналып кетпеді ме? 

Айдос Сарым: «Газеттің бәрі – жаман, сайттың бәрі – сайтан» деген сияқты естіледі екен. Әр жердегі жағдай әрқалай, шынын айтса. Есі дұрыс, мықты басшылар отырған жерде кеңестер өзінің жұмысын жасап жатыр. Бәрі де, шынын айтса, адамға, азаматтарға байланысты. Орыс-совет ақыны бар еді Константин Симонов деген. Атақты соғыс кезіндегі «Жди меня, и я вернусь!» деген өлеңнің авторы. Сол айтыпты: «Кейде мен жақсы өлең оқығым келеді. Сол кезде столға отырамын да жаза бастаймын» деп. Сол сияқты, белгілі бір кеңеске көңіл толмаса, оны сынау керек, кемін кем деу керек. Ұсыныс айту керек, сөз таластыра білу керек. Біз демократияға аяқ басқан қоғамбыз ба? Онда «тек мені ғана тыңда, тыңдамасаң бадал» деген философия мен психологиядан арылайық. Мықтысың ба, онда сені әкімдік пен министрлік мотоцикл түгілі, реактивті зымыранға мініп айналып өтейтіндей тірлік қылайық! Демек, «еститін үкімет» принципі «әрекетке дайын азамат» принципімен толығуы тиіс деп санаймын өз басым. 

Еl.kz: Жаңаөзен мұнайшыларын жұмыспен қамту барысында осы кәсіподақ ұйымдарының жұмысына қатысты көп сын айтылды. Жұмысшылардың құқығын қорғауы тиіс кәсіподақтардың дербестігіне қатысты түйткіл бар. Бұл жөнінде қандай пікір айтар едіңіз?

Айдос Сарым: Келісемін. Бірақ, мен түсінсем, мәселе кәсіподақта ғана емес. Мәселе кәсіпорын сыртында жүрген, соған кірем деп жүрген азаматтар қатарына қатысты. Яғни, кәсіподақ – қала немесе аудан әкімдігі емес, бола алмайды да. Бұл әңгіменің бір шеті ғана. Екінші, және өте ұзақ әңгіме бар. «Ертең мұнай біткен кезде не қыламыз?» деген әңгіме. «Ертең мұнай сарқылған кезде мұнайлы аймақтың адамдарының тағдыры не болмақ, баласын қалай асырамақ?» дейтін үлкен сауалдар бар. Менің ойымша, баласының болашағын ойлаған әрбір ата-ана осы тұрғыда ойлануы тиіс! Біз осы кезге дейін мұнайлы мемлекет атандық. Демек – Қазақстанның болашағы қандай болмақ деп ойлануымыз керек! Қажет десеңіз әңгімені болашақта осы тұрғыда да жалғастырайық...

Еl.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға