Жаңалықтар

«Айбын» халықаралық жастар жиыны: ақтық сынға мықты командалар шықты

«Айбын» халықаралық жастар жиыны: ақтық сынға мықты командалар шықты
Фото: Қорғаныс министрлігі 21.06.2024 03:20 479

Алматы қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушы командалар финалға шығу үшін тартысты сайысты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жарысқа әскери оқу орындарының, өңірлердің әскери-патриоттық клубтарының (ӘПК), Қазақстан Қарулы күштерінің, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан шет мемлекеттерінің тәрбиеленушілері қатысып жатыр. 

Жарыс төрт санат бойынша бағаланады. Бірінші – өңірлердің әскери-патриоттық клубтары, екінші – Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелері жанындағы әскери-патриоттық клубтары, үшінші – «Жас ұлан» республикалық мектептері, «Арыстан» мамандандырылған лицейі мен әскери мектеп-интернаттары, төртінші – шет мемлекеттер құрамалары мен Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжі.

Жас спортшылардың кейбір аралық нәтижелері мен жетістіктерін атап өтелік. 

Бірінші санаттағы қатысушылар арасында пневматикалық мылтықтан оқ атуда 212 ұпай жинаған Қостанай облысының «Патриот» командасы жеңіске жетті. Екінші – 160 ұпаймен Төтенше жағдайлар министрлігінің «Б.Т. Керімбаев» әскери-патриоттық клубы үздік деп танылды. Үшінші, Қарағанды қаласының Т. Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі 178 ұпаймен жеңіске жетті. Жиынға қатысушы мемлекеттер командаларының тобында 171 ұпаймен Қазақстан командасы жеңімпаз атанды. 

Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының ӘПК арасында жеке есепте белтемірге 49 рет тартылған қызылордалық Қорқыт Әбдімәлік чемпион атанды. Әскери бөлімдер жанындағы командалар санатында белтемірге 41 рет тартылған Жігер Әсет басқалардан озды. Оқу орындары арасында бірінші орынды «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушісі Айбек Тойболды иеленді. Жарыста өзбек спортшысы Мұрат Арзықұлов 46 рет белтемірге тартылып жеңіске жетті. 

Өңірлік командалар арасында Жетісу облысының тұрғыны Алина Абылайхан ішті қатайту жаттығуын 72 рет жасап, үздік нәтиже көрсетті. Әскери бөлімдер жанындағы әскери-патриоттық клубтар арасында Нұрдана Ерғази бұл сайыстың жеңімпазы болды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Болашақ» ӘПК тәрбиеленушісі бұл жаттығуды 67 рет орындады. 

Бүгін ұлдар үш шақырым қашықтықты, ал қыздар бір шақырым қашықтықты еңсеруден жылдамдыққа жарысады. Командалар да арқан тартыстан күштерін сынап көрмек. Бұдан бөлек әскерилендірілген эстафета да өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойынына өз санатында жеңімпаз атанғандар қатысады. «Айбын» әскери-патриоттық жиынының басты сайысы ақтық сынға жолдама алған төрт команда арасында өтетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға