Жаңалықтар

«Айбын-2023»: Қазақстан командалары топ жарды

«Айбын-2023»: Қазақстан командалары топ жарды
Фото: Қорғаныс министрлігі 23.06.2023 23:09 1186

Қарағанды облысында Әзербайжан мен Өзбекстан командаларының қатысуымен Жас қазақстандық патриоттар жиыны аяқталды. Биылғы іс-шара Астананың 25 жылдығына арналды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Жиынның жабылу салтанатына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Білім министрінің орынбасары Айбат Ілиясов, Қазақстандағы Әзербайжанның әскери аташесі полковник Заур Керімов, Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің өкілі полковник Назим Вахидоглу Аббасов, Өзбекстанның «Ватан тайянчи» әскери-патриоттық қозғалысының бастығы полковник Бахром Зулфикоров, Қарағанды облысының «Намыс» әзербайжан мәдени орталығының төрағасы  Гюлага Рзаев, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.

Жиынға қатысушыларды жарыстың сәтті аяқталуымен Қазақстан қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады. Ол бауырлас Әзербайжан, Өзбекстан елдерімен арадағы келісім, теңдік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген тату көршілік қатынастардың маңыздылығын атап өтті.

IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны бейбітшілікті сүйетін халықтарымыздың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және достық байланыстарды нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсетті, – деп атап өтті Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы.

Әскери-қолданбалы спорт түрлеріне, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға 700-ден астам ұлдар мен қыздардан құралған 43 команда қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша халықаралық есепте үшінші орынды Әзербайжан, екінші орынды Өзбекстан, бірінші орынды Қазақстан командалары иеленді.

Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінің командасы «Айбын» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының Гран-при иегері және абсолютті чемпионы атанды. Олар сондай-ақ республикалық әскери оқу орындары санатында да үздік деп танылды.

Өңірлік қатысушылар арасында Қызылорда облысының «Сыр айбыны» әскери-патриоттық клубының командасы жеңіске жетті.

Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Жас ұлан» командасы үздік атанды.

Шығыс» өңірлік қолбасшылығы «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Мейіржан Теміржанов «Үздік жас сарбаз» номинациясы кубогын иеленді.

Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты жиын соңында «Айбын-2023» туы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж командасының капитанына табысталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға