Айбек Оралбай Париж олимпиадасына жолдама алды
Қазақстандық боксшылар Париж олимпиадасына тағы бір жолдама алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан әлемдік іріктеу кезеңінде 92 келі салмақта бақ сынаған Айбек Оралбай АҚШ боксшысы Джамар Таллейді 5:0 есебімен жеңіп, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алды.
Бұл 23 жастағы Айбек үшін мансабындағы алғашқы олимпиада болмақ. Ол Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен, жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы.
Бұған дейін былғары қолғап шеберлерінің арасынан Карина Ибрагимова (-57 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) Азия ойындары арқылы жолдама алған.
Италиядағы аламаннан соң отандық боксшылар 23 мамыр мен 3 маусым аралығында Бангкокте өтетін турнирде лицензияға таласады.
Естеріңізге сала кетейік, Токио Олимпиадасында бұл салмақта Василий Левит бақ сынаған еді.