Жаңалықтар

Аяулым Шағатаева

Ғаламтор жұлдызы
Аяулым Шағатаева
05.01.2017 17:19 21148

2014 жылдың соңында «Youtube» арнасында Аяулым Шағатаева есімді әсем дауысты қолданушы пайда болды. Аяулым желіге өзі гитарамен шырқаған «Балапан қаз», «Адалдық», «Мазаламайын», «Сүйгенің қайда?», «Бол жанымда», «Кел маған», «Ханшайымым» және тағы басқа әндерді жүктеді. Оның әдемі дауысын бірден ұнатқан желі қолданушылары ғаламторда оған өздерінің жылы лебіздері мен тілектерін жолдап жатты.

Бүгінде Аяулымның «youtube» арнасына 4488 оқырман жазылған. Бірақ, бұл – оның тыңдармандарының бір парасы ғана. Әсем дауысты арудың салған әнін «Вконтакте» және «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде тыңдайтын жандар да көп.

Желі қолданушыларының көпшілігіне Аяулымның даусы жақсы таныс болғанымен, әзірше ғаламтор бетінде ол туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан, біз Аяулымға хабарласып, шағын сұхбат алдық.

 –  Аяулым, қай өңірде дүниеге келдің? Қазір немен айналысасың?

 – Мен Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келдім. Қазір Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих, археология және этнология факультетінің 4-курс студентімін.

 – Қанша жасыңнан бастап ән салып келесің? Гитара тартуды кімнен үйрендің?

 – Ес білгелі ауылдағы барлық концертте мен жүретінмін (күлді). Гитара тартуды анамнан үйрендім. Жалпы, маған әншілік өнер анамнан дарыған.

 – Алдағы уақытта үлкен сахнаға шығуды армандайсың ба? Әлде, сенікі тек әуесқой әншілік пе?

 – Үлкен сахнаға шығуды армандаймын. Жақсы продюсерлер ұсыныс білдіріп жатса, бәлкім, келісермін.

 – Өзің шырқаған әндерді  «youtube» арнасына жүктеуді қашан қолға алдың? Бұл идеяны саған кім ұсынды?

 – Алғаш Алматыға оқуға келгенде, өзім шырқаған әндерді желіге сала бастадым. Сол кезде жас әнші Әбдіжаппар Әлқожаның әкімгері Нұрмахан Жандарбеков деген жігіт менің даусымды ұнатып, бірге жұмыс істей бастадық. Желідегі видеоларымның жақсы таралуына сол кісінің септігі тиді. Бірақ, қазір белгілі бір себептерге байланысты, біз бірге жұмыс жасамаймыз.

 – Соңғы рет «youtube» арнасына өзің орындаған әндерді осыдан 1 жыл бұрын жүктепсің. Неліктен қазір белсенділігің төмендеп кетті?

 – Жаңа видеоларды «Инстаграм» және «Вконтакте» желілеріне салып жүрмін. Алдағы уақытта «Youtube»-тағы арнамды қайта қолға аламын.

 – Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірлерін оқисың ба? Жалпы, олардың пікірі саған қалай әсер етеді?

 – Әрине, барлығын оқимын. Оларға үлгергенімше жауап беруге тырысамын. Бірақ, кейде пікірлердің көптігіне байланысты жауап жазуға уақытым жетпей жатады. Позитив пікірлерді оқысам, көңіл-күйім көтеріліп қалады. Жұрттың бәріне бірдей ұнау мүмкін еместігін де білемін. Бірақ, менің әлеуметтік желідегі парақшаларыма жағымды пікірлер көбірек жазылатыны қуантады.

 – Қандай арманың бар?

 – Арманым көп. Өнер жолына біржолата кету мен үшін арман болып қалатын шығар...

 – Неліктен?

 – Себебі, алға қойған басқа жоспарларым бар. Өнерге түбегейлі кету ойымда болғанымен, ол менің қолымда емес. Продюсерлер ұсыныс жасаса ғана барар едім...

 – Әңгімеңе рахмет! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға