qaz.ulysmedia.kz

«Аялдама жуып жүр».Ескірткіге қатысты айып тағылған Qarakesek-тің өмірі қалай өзгерді

02.04.2026 19:00

Ақтөбеде жұртты елең еткізген кадр тарады. Кеше ғана сахнада жүрген Qarakesek бүгін көше жуып, аялдама тазалап жүр. Бұл – хайп емес, өмірдің өзі. Танымал рэпер Омар Амантаев сот үкімімен белгіленген қоғамдық жұмысқа кірісті.

Қазір ол қаладағы қарапайым тазалық қызметкерлерімен бірге бір аумақта еңбек етіп жүр. Қолында швабра, үстінде жұмыс киімі. Омар бұл жұмысты алғаш рет істеп жатқанын жасырмады. Бірақ шағым айтпайды.

Мұндай жұмысты бірінші рет істеп тұрмын. Берілген жұмысты істеймін, – деді әнші Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында. 

Сахнадағы Qarakesek пен өмірдегі Омар екі бөлек адам ба деген сұрақ көптің көкейінде. Бірақ өзі бұл оймен келіспейді.

Жоқ, айырмашылық жоқ. Барлық өлеңдерім өмірден алынған. Соңғы “Сахара” әнім өз өмірім туралы, – дейді ол.

Қазір оның өмірінде пауза. Шығармашылық тоқтап тұр. Әлеуметтік желіде де жоқ. Себебі – ішкі күй.

Әлеуметтік желіде парақшам жоқ. Ол маған керек емес. Әртіс болу менің мақсатым емес. Әндерім белгілі бір жағдайға байланысты шықты. Қазір айтатын ештеңе жоқ. Өзімде қателік көп болған соң ешкімге ештеңе айта алмаймын. Осы жағдай бітсін, сосын кірісемін. Қазір өлең жазатын жағдайда емеспін, – дейді ол.

Бұл сөздерде өкініш те, тоқтам да, шындық та бар. Соған қарамастан, ол өзін қолдаған тыңдармандарына алғыс айтты.

Өлең айту үшін көңіл күй мен ішкі дайындық қажет. Мені қиын кезде қолдағандарға рахмет. Менен үміт үзбеңіздер. Менің қателігімді қайталамаңыздар, – деді ол.

Рэпердің қай жерде, қандай жұмыс істеп жүргенін мердігер компания да растады. “Damu Life” ЖШС басшысы Жандос Ерекешовтің айтуынша, Омар Амантаев белгіленген аумақта толыққанды еңбек етіп жүр.

Заречный-1, Заречный-3 тұрғын алаптарында жұмыс істейміз. 100-ден аса көше бар. Барлығын тазалаймыз. Омар секілді сотпен жіберілген жұмысшы бізде бірінші рет. Ол 26 наурыздан бері жұмысқа шықты, – дейді ол.

qaz.ulysmedia.kz

Яғни, бұл бір реттік акция емес. Рэпер сот белгілеген 100 сағатты толық осы жерде өтейді. Аялдама жуу, көше тазалау, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру – оның күнделікті жұмысына айналған.

Айта кетейік, бұған дейін Омар Амантаев есірткіге байланысты құқық бұзушылықпен ұсталған. Ол көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылып, 15 күн қамауда отырған. Кейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.Сот үкімі Ақтөбе қаласының Алматы ауданы әкімдігіне жолданып, кейін тазалық жұмыстарына жауапты мердігер компанияға берілген.