Аягөздік оқушылар археологтардың жұмысын жеңілдететін робот жасады
Шалғай ауылдағы оқушылар археологтарға көмектесетін ерекше техника ойлап тапты. Жас өнертапқыштардың құрылғысы топырақ астындағы нысандарды анықтап, қазба жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Археология жұмысын жеңілдететін робот
Күні кеше Елордада Орталық Азиядағы ең ірі робототехника және Stem фестивалі – «Alem Tech Fest 2026» өтті. Ауқымды шараға жеті елден Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан келген шамамен 5 мың қатысушы жиналды.
Абай облысы Аягөз ауданынан келген жас өнертапқыштар археологиялық қазба жұмыстарын жеңілдетуге арналған автоматтандырылған техника жобасын аталмыш фестивальде таныстырды. Команда 2026 жылы Абай облысындағы аудандарында іске қосылған «Жасампаз ұрпақ» қайырымдылық жобасы аясында қатысты. Бүгінде бастама Аягөз, Бесқарағай, Мақаншы және Жаңасемей аудандарын қамтып отыр.
Жобаның басты мақсаты – қала мен ауыл арасындағы «цифрлық алшақтықты» жою. Абай облысында USTEM Foundation бастамасымен іске қосылған «Жасампаз ұрпақ» қайырымдылық жобасының бас демеушісі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Батыр боламын» қоры. Команда жетекшісі Думан Маратұлының айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – қазба жұмыстарын автоматтандыру арқылы археологтардың еңбегін жеңілдету және қоршаған ортаға зиянды әсерін азайту.
Бұл идея археологиялық қазба жұмыстарының өте көп уақыт пен физикалық күшті талап ететінін көргеннен кейін пайда болды. Қазба кезінде топырақты абайлап тазалау, тарихи заттарды бүлдірмей анықтау және аумақты жан-жақты зерттеу – өте күрделі процесс. Сондықтан біз археологтарға көмектесетін, жұмысты жеңілдететін әрі қауіпсіз ететін арнайы құрылғы жасауды жөн көрдік, – дейді жоба жетекшісі.
Оқушылардың айтуынша, құрылғы қазба барысында топырақты ұқыпты тазалап, адам күші мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл техника экологиялық талаптарды ескере отырып жасалған. Жоба авторлары құрылғының қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Бірнеше сенсорлық жүйеден тұрады.
Құрылғы ең алдымен жердің бетін және топырақ қабатын арнайы датчиктер көмегімен зерттейді. Қашықтық сенсорлары қазба алаңындағы кедергілерді анықтап, құрылғының соқтығысуына жол бермейді. Ал түс пен жер бедеріндегі өзгерісті анықтайтын арнайы датчиктер топырақ қабатындағы күмәнді аймақтарды белгілейді, – дейді Думан Маратұлы.
Сонымен қатар қозғалыс механизмі алдын ала берілген бағыт бойынша дәл әрі баяу қозғалып, зерттеу аумағын жүйелі түрде сканерлейді.
Маңызды немесе қауіпті аймақ анықталған жағдайда робот автоматты түрде тоқтайды немесе белгі береді. Бұл археологтарға тарихи жәдігерлерді бүлдірмей, барынша ұқыпты зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Құрылғыны сынақтан өткізген
Жоба авторлары құрылғыға тәжірибе жасап көрген.
Иә, біз құрылғыны тәжірибе ретінде арнайы дайындалған алаңда сынақтан өткіздік. Құм мен топыраққа ұқсас орта жасап, оның қозғалысын және сенсорлардың жұмысын тексердік, – дейді жетекшісі.
Сынақ нәтижесінде робот берілген бағыт бойынша дәл қозғалып, жолындағы кедергілерді сәтті анықтаған. Команда жетекшісінің айтуынша, алдағы кезеңде құрылғыны жетілдіріп, оны нақты археологиялық қазба жұмыстарында сынақтан өткізу көзделіп отыр.
Техниканың қуат жүйесі туралы айтатын болсақ, электрлі шынжыр табанның аккумулятор және электрқозғалтқыш жүйесі Tesla Model S көлігінің технологиясына ұқсас.
Яғни, мұнда литий-ионды аккумулятор қолданылады, сыйымдылығы – сағатына 85 кВт, ал салмағы – шамамен 540 келі. Салмағы 2,2 тонна болатын электромобиль жоғары жылдамдыққа қарамастан 500-600 шақырым қашықтықты еңсере алады, – дейді Думан Маратұлы.
Осы тәжірибеге сүйене отырып, жас өнертапқыштар өздері құрастырған электрлі шынжыр табан техникасына осындай екі аккумулятор орнатуды жоспарлап отыр. Ауыр ауыл шаруашылығы техникасына жататындықтан, оның жұмыс уақыты қашықтықпен емес, сағатпен есептеледі.
Екі акуммуляторды тізбектей жалғаймыз. Осы акуммулятор арқылы электрлі шынжыр табан 16 сағат жұмыс істейді. Құрылғының масштабы сегіз есе ұлғайып, салмағы 15 тоннаға дейін жетеді. Ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады, – деді ол.
Команда жетекшісі құрылғының жұмыс істеу тетігі физикалық толқынның шағылу және өзгеру принципіне негізделетінін айтты. Оның сөзінше, техника топырақ астындағы нысандарды арнайы сигнал жіберу арқылы анықтайды.
Егер топырақ қабатының астында тас, металл, қыш ыдыс немесе қабырға секілді бөгде нысан болса, жіберілген толқын сол заттан шағылып, кері қайтады. Қайта оралған сигнал құрылғы арқылы қабылданып, оның күші, қайту уақыты және өзгерісі талданады. Осы мәліметтер негізінде нысанның шамамен қандай тереңдікте орналасқаны, көлемі және материалы анықталады, – деді ол.
Қазіргі таңда құрылғы радиобасқару пульті арқылы оператордың көмегімен басқарылады. Яғни, техника толық автономды емес, маман оны қашықтан басқарып, қозғалысын және зерттеу бағытын реттейді. Бұл тәсіл қазба аймағында дәлдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта құрылғыны толық автоматтандыру жоспарланып отыр. Болашақта техника арнайы бағдарлама мен датчиктер арқылы жер бедерін өздігінен талдап, белгіленген маршрут бойынша адамның араласуынсыз жұмыс істейтін болады. Бұл археологиялық зерттеу үдерісін жылдам әрі тиімді етеді, – дейді Думан Маратұлы.
Құрылғыны жобалау мен құрастыруға шамамен 2-3 ай уақыт кеткен. Осы уақыт ішінде команда идеяны талдап, сызбасын жасап, қажетті бөлшектерді жинақтап, бағдарламасын құрастырып, сынақтан өткізген.
Қазіргі нұсқа – жұмыс істейтін прототип. Алдағы уақытта біз оны жетілдіріп, толық автономды жүйеге айналдыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді.
Бірнеше салаға қолдануға болады
Команда жетекшісі бұл техниканың тек археология саласында ғана емес, басқа бағыттарда соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына да қолдануға болатынын айтады.
Егер техниканың көлемін үлкейтіп, қуатын арттырса, ол жер өңдеуге, культивация жасауға, топырақтың жағдайын зерттеуге, ылғалдылық пен тығыздықты анықтауға мүмкіндік береді, – дейді жоба авторы.
Сондай-ақ құрылыс саласында жер астындағы коммуникацияларды анықтауда, геологиялық зерттеуде және инженерлік іздестіру жұмысында қолдануға болатынын айтады. Жетекшінің сөзінше, археология – оның алғашқы бағыты ғана екенін, ал болашақта әртүрлі салаларға бейімдеп қолдануға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Оқушылардың бұл жобаны таңдауына бірнеше маңызды себеп болған көрінеді. Мәселен аймақ тарихи ескерткіштерге бай болғандықтан, археология тақырыбы ерекше қызығушылық тудырғанын жеткізді.
Оқушылар тарихи мұраларды сақтауға және зерттеу жұмыстарын жеңілдетуге өз үлестерін қосқысы келді. Бұдан бөлек қазба жұмысы кезінде адам күші көп қажет және кей жағдайда қауіп те болуы мүмкін. Сондықтан олар археологтарға көмектесетін, жұмысты жылдам әрі қауіпсіз ететін техника жасауды мақсат етті, – дейді.
Сондай-ақ оқушылардың робототехникаға қызығушылығы жоғары екенін жеткізді. Бұл жоба арқылы олар теориялық білімдерін нақты тәжірибеде көрсеткісі келгенін айтты.
Команда жетекшісі техниканы жасау барысында ең қиын кезең датчиктердің дәлдігін реттеу, сигналдардың дұрыс қабылдануын қамтамасыз ету және бағдарламаны қателіксіз жұмыс істейтін деңгейге жеткізу көп уақыт пен сынақты талап еткенін жеткізді.
Алғашқы нұсқада құрылғы кейде сигналды дұрыс оқымай немесе қозғалыс кезінде ауытқып кететін жағдайлар болған. Сол себепті бірнеше рет тексеру жүргізіліп, түзету енгізіліп, бағдарламаны қайта жазып, тәжірибелік сынақтан өткіздік, – деді Думан Маратұлы.
Бүгінде оқушылар инженерлік құрастыру, бағдарламалау және зерттеу тәжірибесін меңгеріп, жобаны жарыстар мен ғылыми жобаларға қатысуға дайын деңгейге жеткізген.
Алдағы жоспарда айқын. Құрылғыны толық автоматтандыру, датчиктердің дәлдігін арттыру, техниканың көлемін үлкейтіп, ауыл шаруашылығы сияқты басқа салаларға бейімдеуіміз керек. Жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы деректерді автоматты талдау және осы жоба арқылы республикалық әрі халықаралық жарыстарға қатысуды мақсат етіп отырмыз, – дейді.

