© Арина Антонова/ ТАСС

Ай бетіне 5G баламалы Wi-Fi желісі бар ғылыми обсерватория жеткізіледі

24.10.2025 07:39

Ресей 2037 жылы Халықаралық Ай ғылыми станциясына (МЛНС) тәулік бойы жұмыс істейтін алғашқы ғылыми обсерваторияны жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Орталық машина жасау ғылыми-зерттеу институтының «Негізгі және ғылыми-қолданбалы зерттеулердің ғарыштық жүйелері» бөлімінің басшысы Константин Райкуновтың айтуынша, жаңа обсерватория — Айдағы алғашқы энергия тұтынушысы болмақ. Оның басты ерекшелігі — 5G технологиясына ұқсас Wi-Fi жүйесінің орнатылуы.

Бұл жүйе Ай бетінде үлкен аумаққа тарайтын автоматты ғылыми станцияларды байланыстырып, олардан жиналған мәліметті жинауға мүмкіндік береді, — деді Райкунов.

Оның айтуынша, аталмыш байланыс жүйесі арқылы автоматты станциялардан Айдың Жер магнитосферасына кіру және шығу процестері, сондай-ақ геологиялық, сейсмикалық және инерциялық құбылыстар туралы деректер жиналмақ.

Барлық ақпарат Wi-Fi аналогы арқылы Айдағы обсерваторияға жіберіледі. Онда мәліметтер арнайы сақтау құрылғыларына жазылып, қуатты борттық ретрансляциялық кешен көмегімен Жерге — Ресей ғылым академиясына жолданады, — деп түсіндірді ғалым.

МЛНС жобасы туралы

Халықаралық Ай ғылыми станциясы — Ресей мен Қытайдың бірлескен ауқымды жобасы. Оның құрамына төмендегідей негізгі жүйелер кіреді:

  • Жер мен Ай арасындағы көлік жүйесі;

  • Ай бетінде ұзақ мерзімді жұмысқа арналған қосалқы инфрақұрылым;

  • Айдың бетін зерттеуге және онда жылжуға арналған мобильді кешендер;

  • автоматтандырылған ғылыми құрылғылар;

  • жерүсті басқару және бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелері.

Жобаның басты мақсаты — Айды терең ғылыми тұрғыда зерттеу және оны бейбіт мақсатта пайдалану.

Бұл бастама ғарыш ғылымын жаңа деңгейге көтеріп, адамзаттың Айды зерттеу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтпек.