Жаңалықтар

Автожурналист: Бұл саланың артықшылығы – кез келген көлікті салоннан мініп кете бересіз

Автожурналист: Бұл саланың артықшылығы – кез келген көлікті салоннан мініп кете бересіз
Фото: instagram.com/oljasoqas 28.06.2023 21:08 1480

Салалық журналистика, соның ішінде автожурналистиканың негізін қалап, ерекше шолулары көптің көңілінен шығып, көрерменінің шексіз қошеметіне ие боп жүрген әріптесіміз – Олжас Оқас. Бұл есімді айтқанда біраз қазақ жымиып, ол айтатын теңеулер мен сөз тіркестерін еске түсіретіні анық. Ендеше, журналистер күні қарсаңында автожурналист Олжас мырзамен қысқа-нұсқа болған сұхбатты назарларыңызға ұсынайық.

 El.kz: Сізді көпшілік автожурналистиканың шебері деп таниды. Бұл салаға қалай келдіңіз?

Олжас Оқас: Бұл жолға саналы түрде келдім. Журналистиканың ішінде автожурналистика деген бағыт бар екенін ертеде білгем. Автомобиль туралы сараптама жасайтын қазақ жоқ. Сол себепті осыны өзім қолға алайын деп шештім. Алғашқы қадамым туралы сұрасаңыз, бірінші рет 2017 жылы Алматы маңындағы көлік базарында машинаға шолу және бағаға зерттеу жасай бастадым.

Автожурналист: Бұл саланың артықшылығы – кез келген көлікті салоннан мініп кете бересіз
instagram.com/oljasoqas

El.kz: Біліуімізше, елімізде көліктерге қазақша шолу жасайтындар санаулы ғана. Автожурналистика қалай дамып жатыр деп ойлайсыз? Және қандай деңгейде дамығанын қалайсыз?

Олжас Оқас: Иә, өкінішке қарай маман тапшы, кәсіпқойлар жоқтың қасы. Артымнан еретін бауырларыма жол сілтеп «қалай істеу керек» екенін көрсеттім. Ақылдылар іліп әкетер деген үміттемін. Қазақ автожурналистикасы ең биік деңгейге шықса екен деп тілеймін.

El.kz: Автожурналист болудың қандай артықшылықтары бар?

Олжас Оқас: Бір артықшылығын айтайын. Осы салада кішкене танымал болсаңыз, кез келген машинаны салоннан теуіп кете бересіз. Тест-драйвқа сұрап алып қыдырсаңыз болады.

Автожурналист: Бұл саланың артықшылығы – кез келген көлікті салоннан мініп кете бересіз
instagram.com/oljasoqas

El.kz: Сөз саптауыңыз бен мәнеріңізге, видеолардың жоғары сапасына көпшілік риза боп жүр. Ютубтағы парақшаңызға видео түсіру үшін қанша уақытыңыз кетеді? Мәтінді алдын ала жазып аласыз ба?

Олжас Оқас: Бір видеоны түсіруге орта есеппен 3-4 күн кетеді. Егер оның қатты сапалы болуын қаласақ бірнеше аптаға созылады. Мәтінді, әрине, дайындаймын. Онысыз қалай? Арасындағы әзілді фристайлмен айтып кеп жіберем.

El.kz: Осы салаға машықтанып, мықты маман болғысы келетін жастарға айтар кеңесіңіз болса…

Олжас Оқас: Бірдеңеден бастау керек. Телефонға болса да видео түсіріп алғашқы бейнені желіде жариялау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға