Жаңалықтар

Автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

Aрнайы техникалардың қысқы кезеңге дайындығы 74 пайызды құрайды
Автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығы талқыланды
Фото: El.kz 16.08.2022 14:43 1086

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  «Ашық сағат алаңында» еліміздегі автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ZOOM платформасында ұйымдастырылған басқосуға Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақавтожол» ЖШС басшылары, тәуелсіз сарапшылар мен жүк және жолаушылар тасымалдаушы компаниялардың өкілдері қатысты.

«Қазақавтожол» ЖШС ақпаратына сүйенер болсақ, арнайы техникалардың қысқы кезеңге дайындығы 74 пайызды құрайды. Компания басшысы Самат Ғилымовтың айтуынша, алдағы маусымдық жұмыстар үшін жеке тұлғалардан 400 дана техниканы жалға алу қажеттілігі туындап отыр.

«Қазіргі таңда бізге 2 836 дана техника қажет. Ал қолымызда бар-жоғы 1 117 бірлік техника бар. Оның 527-сінің тозығы жеткен. Жөндеуге де келмейді», – деп атап өтті Самат Ғилымов.

Сондай-ақ ол еңбекақы мөлшері 30 пайызға артқанымен білікті мамандарға деген тапшылық сезіліп отырғанын айтты.

 «Министрлік тарапынан қолдаудың арқасында мекеме жұмысшыларының жалақасы көтерілді. Бүгінде қызметкерлер жетіспеушілігі біртіндеп азайып келеді. Десе де жоғары білікті мамандарға деген зәрулік туындауы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз», – деді «Қазақавтожол» басшысы.

Сонымен қатар басқосуда автокөлік жолдарының сапасына да назар аударылды. Мәселен, жүк тасымалымен айналысатын Кирилл Гадецкий есімді азамат Қызылорда және Ақтөбе облыстары шектесетін аймақтағы жолдың сапасы сын көтермейтінін алға тартты.

 «Жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі-ақ. Алайда ай өтпей жол төсеніштері ойылып, тереңдігі 40 сантиметрге жуықтайтын ой-шұңқырлар пайда болады. Бұл – жол-көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді», – дейді кәсіпкер.

Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы «Қызылорда – Арал – Ақтөбе» бағытындағы жол торабының тозғандығын растады.

 «Аталған аймақтағы көлік ағыны өте көп. Ал ондағы жол мұндай көлемге шақталмаған. Қазіргі күндегі көлік ағынының көлемін есепке ала отырып, алдағы уақытта бұл жол аумағына бірінші категория бойынша қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған дейін қысқа мерзімді жөндеу жұмыстары іске асатын болады», – деп атап өтті Т. Абдуллин.

Ал Степногорск қаласының тұрғыны, блогер Артем Сочнев жол жөндеу жұмыстары барысындағы бірқатар мәселелерді алға тартты.

 «Қазір Бестөбе ауылының маңайында асфальт төсеніштерін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қажетті материалды мердігер компания 300 шақырым жерден тасымалдайды. Жүк тиеген көліктердің шамадан тыс ауыр салмағынан беті тегіс жолдарда ой-шұңқырлар пайда болуда. Бір жол жөнделсе, енді бірі бүлінуде», – деді Артем Сочнев.

Жиынды қорытындылаған Төлеген Абдуллин қатысушыларға алғыс білдіріп, басқосуда көтерілген мәселелерге орай арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға