Есепшоты бұғатталған қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық бар. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов сәуір айында шоттарды ашуға бағытталған арнайы шара басталатынын мәлімдеді.
1,5 миллион адамның есепшоты бұғатталды
Депутаттың сөзінше, мәселе Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі деңгейінде қаралып, нақты шешім қабылданған.
Біз Әділет министрлігімен және жеке сот орындаушыларының палатасымен келісіп, сәуір айында бұғатталған есепшоттарды ашуға арналған арнайы шара бастаймыз. Бұл – өте маңызды қадам. Адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек, – деді ол.
Сондай-ақ ол министр Ерлан Сәрсембаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Қазіргі таңда елде миллиондаған адам өз ақшасына қол жеткізе алмай отыр. Мұрат Әбеновтың сөзінше, есепшоттардың толық бұғатталуы салдарынан азаматтар күнделікті қажеттіліктерін өтей алмай қалған.
Көп адамдар жұмыс істей алмайды, тамақ, киім ала алмайды, балаларын қажеттілікпен қамтамасыз ете алмайды, дәрі-дәрмек сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндігі жоқ. Тіпті кейбірінің автобусқа төлейтін ақшасы жоқ. Бұл – өте ауыр жағдай. Сондықтан 1,5 миллион адамның шоты заңсыз жабылды десем, қателеспеймін, – деді ол.
Шотты қалай ашуға болады?
Енді есепшоты бұғатталған азаматтар мәселені онлайн түрде шеше алады. Ол үшін алдымен zhso.kz сайтына кіріп, өз ісін жүргізіп отырған жеке сот орындаушысын табуы қажет. Одан кейін AdiletGov қосымшасына ЭЦҚ арқылы кіріп, арнайы бөлімнен өтініш жолдайды.
Өтініште есепшоттың толық бұғатталғанын нақты көрсету керек. Мысалы, жалақы немесе зейнетақының 100 пайыз жабылып тұрғанын жазып, оны растайтын анықтаманы тіркеу қажет. Бұл жұмыс орнынан алынған анықтама немесе зейнетақы мен жәрдемақы түсетінін дәлелдейтін құжат болуы мүмкін.
Бес күн ішінде жауап келеді
Заңға сәйкес, өтініш дұрыс рәсімделген жағдайда жеке сот орындаушысы бес жұмыс күні ішінде жауап беруге және есепшотты ашуға міндетті.
Соттаспай-ақ, ұзақ күтпей-ақ, қарапайым өтініш арқылы мәселені шешуге болады. Осы мүмкіндікті пайдаланыңыздар, – деді депутат.
Заң күшейеді: сот орындаушыларға талап қатаңдайды
Мәжілісте бұл мәселені түбегейлі реттеу үшін заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Егер жаңа нормалар қабылданса, заң бұзған сот орындаушылары қатаң жауапкершілікке тартылады.
Бірінші рет заңсыз бұғаттау анықталса – 6 айға лицензиясынан айырылады. Ал мұндай жағдай қайталанса, 3 жылға дейін толық лицензиядан айырылуы мүмкін.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, азаматтың табысының тек 50 пайызына ғана шектеу қоюға болады. Одан артық бұғаттау – заң бұзушылық. Сондықтан сот орындаушылар да, азаматтар да бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек, – деді Мұрат Әбенов.
«Мәселені мүмкіндігінше тез шешуге тырысамыз»
Депутаттың айтуынша, сәуір айының соңына дейін жүздеген мың адамның есепшоты ашылады деп күтілуде. Бұл бастама азаматтардың қаржылық құқықтарын қорғап қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Біз бұл мәселені мүмкіндігінше тез шешуге тырысамыз. Сондықтан кімнің шоты бұғатталған болса, уақыт жоғалтпай, өтініш берсін, – деп түйіндеді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram