Жаңалықтар

Қоғамдық көлік жүргізушісінің бір күні

«Қызметіміз айтарлықтай ауыр емес»
Қоғамдық көлік жүргізушісінің бір күні
24.10.2019 11:28 7104

Елімізде 2019 жылдың 9 айында автобус жүргізушісінің жол ережесін сақтамауынан 51 адам көз жұмған. Ал қоғамдық көліктердің қатысуымен 316 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Кейінгі уақытта күн құрғатпай орын алатын мұндай апаттарға Ішкі істер министрлігі ең алдымен жүргізушілерді айыптайды. Себебі, жолаушылар тасымалымен айналысатындар жол қозғалысына бағынбауы және осы бағытта жұмыс істейтін мекемелерде бақылаудың жоқтығы қайғылы оқиғаларға әкеліп отырған көрінеді. Десе де, бұл мәселеге жүргізушілердің де айтары бар. Осы ретте, El.kz интернет-жобасы тақырыпқа тұздық болған түйткіл туралы астаналық автобус жүргізушісінің өзін сөзге тартып, жолаушылар тасымалында жол апаттарының жиілеп кетуіне қатысы ойын білді.

(Фотода: Данияр Сатишов)

Қоғамдық көлік қызметіне жүгінетін жолаушылар жүргізушілердің этикасы, олардың қызмет барысындағы өрескел заң бұзушылықтарының күн сайын куәсі болатыны жасырын емес. Керек десеңіз, алдын кесе көлденең өткен автокөлік жүргізушілерімен жаға ұстасып қалатын сәттері де болады. Ал шағын қалаларда қоғамдық көлік мәселесі ушығып тұр. Жүргізушілердің жылдамдықты асырып, адамдарды шамадан тыс мінгізетіндері де көп. Кейбірі техникалық талаптарға сай емес автокөлігімен адам тасиды. Ал елордада мұндай жайттар жиі болмаса да арагідік орын алып жатады. Әсіресе, жол ақысын қолма-қол төлейтіндерге билет бермеу немесе басқа билетті ұстата салу әлі күнге тыйылмай тұр. Темір тұлпар тізгіндегендердің құлағынан телефон түспейтіні де астаналық жолаушыларға таныс жағдай. Міне, осындай жүгенсіздіктің ақыры орны толмас өкініштерге әкелуде. Жолдағы қауіпсіздік пен автобус жүргізушілерінің жолдағы тәртібін қатаңдату үшін елордада 10-17 қазан аралығында ұйымдастырылған «Автобус» жедел алдын алу шарасы кезінде бір күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің 100-ден астам заңбұзушылық жасағаны анықталған. Нақтыласақ, көлік басқарып келе жатып, телефонмен сөйлесудің 24 жағдайы, ауаға ластаушы заттардың мөлшерін арттыра таратудың 11 жағдайы, бұрылыстардағы ережелерді бұзудың 15 жағдайы, тыйым салынған көлік құралын пайдаланудың 6 жағдайы тіркелді деп хабарлайды қалалық полиция департаменті. 

Бұл мәселеге біздің кейіпкеріміз Данияр Сатишов өз ойын былай білдірді.

 – Мен жүргізушілердің бұл әрекетін құптамаймын. Автобус ішінде қаншама адам болады. Олардың өмірі басты назарда болуы керек. Мейлі, оқыс оқиға орын алса жазаңды өтерсің. Ал адамдардың өкпесі мен қарғысын арқалау оңай дүние емес. Автобус ішінде бір үйдің жалғыз ұлы немесе асыраушысы, тіпті анасы болуы мүмкін. Сіздің кесіріңізден олар өмірімен қоштасса, айрандай ұйыған отбасының күл-талқаны шығатыны естен шығармау керек. Кез-келген адамның жауапкершілігі болғаны жөн. Иә, телефонмен аялдамада тұрған уақытта сөйлесуге болатын шығар?! Көшеде адамдар мен көліктер аз болғанда қалтафонды қолдануға да түсіністік танытайық. Бірақ бұл да ақталмайды. Жалпы, қызмет барысында ұялы телефонға үңілмеген дұрыс. Өйткені, жолаушылар тағдыры ойыншық емес, - деді ол.

 

Данияр бес жылға жуық уақыт Елордада қоғамдық көлік жүргізеді. Сол кездің өзінде автобус жүргізушілерінің кемі 3 жылдан аса уақыт жүргізушілік, оның ішінде үлкен автобус жүргізген тәжірибесі болуы қатаң ескерілгенін айтады. Сонымен бірге, 3 айлық оқудан өткеннен кейін ғана жұмысқа қабылданған. Бұдан бөлек түрлі психологиялық, медициналық тексерістен өткен. Қазір де мекеме талаптары өзгермеген. Кейіпкеріміздің сөзінше, жүргізушілер қызметке тұру кезінде жіті бақылаудан өтеді.

 – 2014 жылы Шымкент қаласынан көшіп келдім. Жалпы, 18 жастан көлік айдадым. Әкем де әрқашан автобус айдаумен айналысып келеді. Қазір ол кісі екеуміз бір мекемеде қызмет етеміз, - дейді.

Бас шаһарда қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алатын оқыс жағдайлар жүргізушілердің физикалық әлсіреуінен де болып тұрады деген күдік те жоқ емес. Соның салдарынан таңнан кешке дейін көлік басқаратындардың жүйкесі жұқарып, жолаушылармен жанжалдасып жататыны жиі көрініс табады.

 – Қай қызметте болмасын адамдармен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Өйткені, олардың мінезі әртүрлі және сол кездегі көңіл-күйіне назар аударуы керек. Ал физикалық қысымға келер болсақ, бұл өтірік. Мәселен, біздер бір күн жұмыс істеп, ертесіне демаламыз. Кейде жарты күн жолаушылар тасимыз. Бұл соншалықты қиын деп айтпас едім. Мүмкін түрлі себеппен демалыс күні ұйықтамай, келесі күні жұмысқа шығып кетсе шаршап, физикалық әлсіреуі ықтимал. Былайынша, бұл мәселе ететіндей жағдай емес, - дейді кейіпкеріміз.

Алдымен жүргізушілер таңғы 5-тер шамасында медициналық тексерістен өтеді. Бұл жерде азаматтардың қан қысымы өлшенеді. Содан соң, алкотестер тапсырады. Бұл жүргізушінің ішімдік ішпегенін бақылайтын арнайы құрылғы. Міне, осы тексерістен өткендер ғана жолға шығып, жолаушылар тасиды. Ал күніне автобус паркіндегі диспечерлер 1-2 жүргізушіні қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуіне байланысты демалуға жібереді. Алғашқы көмек көрсетіп, жағдайы оңалған соң жұмысқа қосылып кететіндері де болады екен.

 – Қазір екінің бірі қан қысымымен аурады. Оның қашан, қалай құбылғанын байқап, болжау қиын. Егер жүргізушінің қан қысымы нормадан тыс көрсеткіш көрсетсе олар жолға шықпайды. Оған автобус айдайтындар ренжімейді, - дейді ол.

Айына 178-180 сағат қызмет істейтін жүргізушілер бір күнде 12 сағат жолаушылар тасиды. Осы уақыт аралығында түрлі адамдарды жолықтырамыз дейді кейіпкеріміз.

 – Нұр-Сұлтанға арман арқалап қаншама адам келеді. Түрлі аймақтан. Мен сияқты. Біреуі Шымкенттен, енді бір солтүстіктен деген сияқты. Олардың әрқайсысының өзіндік пікірі мен көзқарасы болады. Әр өңірдің өзіндік сөйлеу әдебі де болатыны түсінікті. Сондықтан жолаушылардың жаныңа келіп түрлі дүниені айтып, жұмысыңа кедергі келтіретін сәттер кездеседі. Бірақ ондай кісілердің бос сөзіне мән бермеуге үйреніскенмін. Егер олардың әрбірімен жанжалдасып, сөз теріп отырсаң бұл жерде сізге сұқбат беріп отырмас едім. «Клиент всегда прав» деген қалыптасқан сөз бар ғой. Бірақ бұл автобус жүргізушілерінің намысы жоқ, не айтсаң да көндігеді деген сөз емес. Егер жүргізушінің әрекеті орынды болып арызданып жатса мекеме біздің мүддемізді қорғайды, - деді Д.Сатишов.

Соңғы екі жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар тасмалында кондукторлар қызметі алынып тасталып, жолаушылар валидацияны өздері жасайтын болды. Алайда бір игіліктің екінші жағы таяқ болып тиіп жатқандай. Себебі, жолаушылармен болатын жанжалды реттеп, адамдармен тікелей жұмыс істейтін кондукторлардың міндеті бір жүргізушіге жүктелді. Көлік басқара отырып жолаушыдан ақша алып, оған ақша қайырып отыру да жүргізушіге міндеттелді. Керек десеңіз, кімнің ақша төлеп, ал кімнің төлмегенін бақылап, байқап отыру да солардың қызметі. Ал астаналықтар жол ақысын 3 әдіспен төлейтіндігін ескерген жөн. Біреулер Senim мобильді қосымшасы арқылы ақша төлесе, ал кейбіреулер ұялы байланыс нөміріндегі баланстан 2505 нөміріне автобуста көрсетілген нөмір арқылы хабарлама жіберіп, төлем жасайды. Кейбіреулер жолда жүруге арналған карта көмегіне жүгінеді.

 – Алғашында қиын болды. Бірақ қазір үйреністік. Негізі, жолаушылар да соған бойсұнды. Бәрі алдыңғы есіктен кіріп, артқы есіктен шығады. Кіреберісте адамдар бірден валидация жасайды. Ал арнайы программамен төлейтіндер мен хабарлама жібергендердің чегін үнемі болмаса да арагідік тексеріп, бақылап отырамыз. Оның үстіне, жолаушылардың төлем жасағанын тексеретін мамандар болады. Ол кісілер адамдардың ақша аудармағанын анықтаса айыппұл салады. Сондықтан тұрғындар бұл жайтты білгендіктен олай жасай қоймайды. Сосын халықтың санасы да жолақсын жемеу керектігін түсінетіндей көрінеді маған, - деді ол.

Жолда жүру ережелеріне арналған белгілер де апаттардың орын алуына тікелей себепші фактор. Сонымен бірге, жол ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілер де қайғылы оқиғаларды көбейтіп отыр.

– Басқа өңірлерді қайдам, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында ондай мәселе жоқ. Мүмкін басқа бағыттарда бар да шығар?! Оны нақты білмедім. Бірақ қалаішілік бағытта жолаушылар тасымалдайтын №1 және №18 бағыттарда мұндай проблема жоқ. Қазір автобус жолдары жасалғалы бері жұмысымыз одан әрі жеңілдей түсті. Жолаушылар да дән риза. Белгіленген жерге уақытысында жетеміз. Ал жаяу жүргіншілердің жолды қиып өтетіні бәріне белгілі. Бірақ жылдамдықты 40-60 шамасынан асырмайтындықтан жылдамдықты бәсеңдетіп, өткізіп жіберуге тырысамыз, - деді ол.

(Фотода: Министрліктер үйі аялдамасы)

Қоғамдық көліктер қызметінде ешқандай мәселе болмаса жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне не себеп? Бұған кейіпкеріміз бұны жазым деп қысқа қайырды.

 – Адам қауіптен, қатерден сақтандырылған болса онда бәріміз қорғанып алар едік қой. Жол-көлік оқиғасы күтпеген жерден орын алады. Иә, егер автокөліктермен жарысса, ішімдік ішіп немесе түнімен ұйықтамай қызмет барысында қалғып кететіндерге, жылдамдықты шамадан тыс асыратындарға кешірім болмауы керек. Алайда ойламаған жерден оқыс жағдайға тап болатын сәттерге жолаушылар таситын жүргізушілерді жазғырудың қажетті жоқ, - дейді Данияр.

Айта кетейік, ІІМ берген мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі автопарктердің жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ жүргізушілерді, кейде жалған жүргізуші куәлігімен келгендерді жұмысқа қабылдау фактілері жиі кездесетіндігін мәлімдеген. Сонымен бірге, жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде көлік құралын жүргізуге құқық беретін тиісті санаттың және жұмыс өтілінің бар-жоғын тексеруге шақырады. Тіпті, көлік ұйымдарынан келіп түскен сұрауларға байланысты жүргізушілерде көлік құралдарын жүргізуге құқық беретін ашық санаттары көрсетілген жүргізуші куәлігінің бар-жоғы туралы ақпаратты ұсынуға дайын. ІІМ D санаттағы жүргізуші куәлігі жасы 25 жасқа толған және кемінде 5 жыл жүргізуші өтілі бар, оның ішінде D1 санатындағы көлік құралдарын басқару өтілі 3 жылдан кем емес тұлғаларға берілетінін еске салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға