Кейінгі жылдары елге танымал өнер иелерінің отбасында болған қайғылы оқиғалар бірінен соң бірі қайталанып, қоғамды бейжай қалдырмады. Әке мен бала, ана мен перзент арасындағы үзіліп қалған тағдырлар «Бұл жай кездейсоқтық па, әлде өмірдің қатыгез заңдылығы ма?» деген сауалды алға тартады. Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафардан басталған қайғы, Арман Дүйсенов пен оның ұлы Абылайдың қазасына жалғасты. Сондай-ақ Гүлнәр Сиқымбаеваның артынан көп ұзамай ұлы Баир қайтыс болды. Осының бәрі бір-бірімен астасқан ауыр шындықты аңғартады.
Еркеш Шәкеевтің ұлы: Сафар Шәкеев
Қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, танымал сазгер, ақын әрі әнші Еркеш Шәкеев үшін 2016 жыл ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Оның ұлы Сафар Шәкеев 24 жасында өмірден өтті. Сафар Шәкеевпен қоштасу рәсімінде оның әкесі ұлының жан-жақты болғанын айтқан еді.
Оның жоспары көп еді. Ол америкалық кино институтына түспекші болды. Сафар бірінші турдан өткенде, олар оған үш жыл өтілі болуы керек екенін айтқан еді, – деп еске алды Шәкеев.
Көзі тірісінде Сафардың жеткен жетістіктері де көп. Мәселен әлем чемпионаттарында және каратэден, бокстан, еркін күрестен, академиялық есуден, джиу-джитсудегі біріншіліктерде жоғары нәтиже көрсеткен. Спорттық жеңістерден басқа ол халықаралық кинофестивальдарда өзінің қысқаметражды еңбегімен жүлделі орындарға ие болған көрінеді.
Еске сала кетсек, Сафар Шәкеев 2016 жылы шілдеде Алматыда жоғалып кетіп, бірнеше күн бойы іздестіру жұмыстары жүргізілген еді. Кейінірек оның денесі Алматыдағы Есентай өзенінің маңынан табылды.
Бұл қайғылы жағдайдан кейін әке жүрегіндегі жара жазылмады. Қайғы кейін шығармашылыққа айналып, «Аспанда жолығармыз» секілді туындылар арқылы көрініс тапты. Әке үшін перзентінен айырылу – уақыт емдей алмайтын қасірет екені тағы дәлелденді.
Қайғының қайталануы: Абылайдың тағдыры
2023 жылдың басында қазақ эстрадасы тағы бір ауыр хабар естіді. Белгілі композитор Арман Дүйсенов 49 жасында өмірден өтті. Оның әндері қазақ эстрада жұлдыздарының репертуарында алтын қорға айналған еді. Арманның артында үш баласы қалды. Әншінің өлімі өнер ортасында үлкен дүбір туғызды – мезгілсіз кеткен талант ретінде еске алынды.
Әкесінің артынан бір жылдан астам уақыт өткен соң, Арманның үлкен ұлы Абылай Арманұлы (21 жас) 2024 жылдың қазанында жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Арада бір жыл өткеннен кейін марқұмның анасы Алматы қаласының соты әділетсіз шешім шығарғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол ұлының денесі өз пәтерінде екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған күйінде табылғандықтан, оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санады.
Бұл оқиға қоғамда түрлі пікір тудырып, көпшілікті ойға қалдырды. Бір отбасының ішінде қысқа уақыт аралығында болған екі бірдей қайғы – тағдырдың ауыр сынағы ретінде қабылданды.
Ана мен бала тағдыры: Баир Сиқымбаев
Күні кеше Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал эстрада әншісі Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы Баир Сиқымбаевтың мәйіті табылды. Өнер иесі Гүлнар Сиқымбаева 2024 жылы 63 жасында дүниеден өткен болатын. Осылайша, отбасы екі бірдей ауыр қазаға душар болып отыр.
Еске сала кетсек, Баир Сиқымбаев 24 наурыз күні үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Жақындарының айтуынша, ол бұған дейін ұзақ уақыт байланыссыз қалмайтын және әдетте бір-екі күн ішінде міндетті түрде хабар беріп отыратын.
Марқұмның жақындары оның жоғалуына қатысты түрлі болжам болғанын айтады. Соның ішінде алаяқтық әрекеттердің құрбаны болуы немесе белгісіз адамдар тарапынан қысым көруі мүмкін деген күдіктер де қарастырылған. Дегенмен, бұл нұсқалар ресми түрде расталған жоқ.
Баир Сиқымбаев 1989 жылы дүниеге келген. Ол әр жылдары әртүрлі салада еңбек еткен. Алғашқы кезеңде әуежайда инспектор болып жұмыс істесе, кейін қалалық №2 емханада қызмет атқарғаны белгілі болды.