Коллаж El.kz

Ауылға барған жас дәрігер: созылмалы аурулар көбейіп кетті

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң көп жастар қалада қалып, мансабын жалғастыруға ұмтылады. Ал Қамар Әбдіқадыр болса, керісінше, ауылға бет бұрды. Ол үшін дәрігер болу – тек мамандық емес, халыққа қызмет ету жолы.

Ауылдық жерлерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Қамар ауылға барып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді бастап кеткен.

El.kz  интернет порталының тілшісі Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Ыбырай Жақаев ауылдық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етіп жүрген жас маманмен тілдесті.

Айта кетейік, ауылдық аймақтарда медициналық кадр тапшылығын жою мақсатында мемлекет «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұл бастама арқылы жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп, ауылдағы денсаулық сақтау саласының әлеуеті артуда.

Ұлттық жобаның негізгі бағыты – кадрлық қамтамасыз ету. Жоспарға сәйкес, ауылдық медициналық ұйымдарға 1100-ден астам маман даярлау көзделген. Дәрігерлерді ынталандыру үшін бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен 2024 жылдан бастап ауылдық жерге барған аса тапшы медицина қызметкерлеріне ЕТЖ көлемінде (шамамен 8,5 млн теңге) біржолғы төлем тағайындалған.

Осындай қолдаудың арқасында көптеген жас мамандар қалада қалып қоймай, ауылға бет бұруда. Соның бірі – Қамар Әбдіқадыр.

Қиындықсыз жетістік болмайды

Қамар Таңатарқызы бала күнінен дәрігер болуды армандаған. Сол мақсатқа жету жолында талай сынақтан өтті. Мектеп бітірген соң, Көкшетау жоғары медициналық колледжін үздік тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Степногорск қаласында бастады. Бір жыл қызмет атқарғаннан кейін үлкен мақсатқа ұмтылып, ұлттық бірыңғай тестілеуден қайта сынақ тапсырып, Қарағанды медициналық университетіне оқуға түседі.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Арманыма жету үшін біраз еңбектенуге тура келді. Қиындықсыз жетістік болмайды. Бүгінгі таңда ауыл халқына қызмет етіп жүргенім – сол еңбектің жемісі, – дейді жас маман.

Қамар 2023 жылы Қарағанды медициналық университетін бакалавр бойынша аяқтап, әріқарай интернатураны Астана медициналық университетінде жалғастыруды шешеді. Бұл таңдауды жолдасымен бірге қабылдапты.

Жаңа орта, жаңа достар, жаңа өмір бастауға бағыт бергендей әсер қалдырды. Әр қаладан келген достарыммен тәжірибе алмастық, бір-бірімізді қолдадық, – дейді жас маман.

Интернатура кезінде Қамар оқуын жалғастыра отырып, «ГП-13» мекемесінде еңбек жолын бастайды.

Астана – жастар қаласы. Мұнда барлық мүмкіндіктерге жол ашық. Әр қадам жаңа серпін сыйлады, – деді ол.

Туған ауылыма еңбек еткім келді

Бүгінде жас дәрігер елге қызмет етудің маңызын түсінеді. Ол үшін дәрігердің жауапкершілігі ерекше. Өйткені ауылдағы тұрғындардың көпшілігі бірден дәрігерге жүгінеді, сондықтан уақытылы әрі дұрыс шешім қабылдау басты міндет екенін айтады.

Жолдасым екеуміз ауылда өсіп-жетілдік. Өз жұртыма қызмет жасайын деген менің жүрек қалауым болды. Сол шешімімнің арқасында бүгінде ауыл халқына қызмет етіп жүргеніме қуанамын, – дейді Қамар Әбдіқадыр.

Жас маман ауылға барып еңбек етуді тек міндет емес, ел алдындағы борыш деп біледі.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында ауыл медицинасы жас мамандармен толығып, елді мекендердегі денсаулық сақтау сапасы артып келеді.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Қамар Әбдіқадыр 2014 жылы мектепті тәмамдаған соң, білім мен тәжірибе жолында бірнеше қалада болды. Көкшетауда колледжде оқып, Қарағандыда бакалавриат бітіріп, Астанада интернатурадан өтті. Қалаларда барлық жағдай жасалғанымен, ол үшін туған жердің орны бөлек еді.

Қалада барлығы қолжетімді, мүмкіндік көп. Бірақ 11 жылдан кейін өз туған өлкеме оралып, алған білімімді дәлелдеп, халқымның қажетіне жарағым келді. Бұл – менің жүрек қалауым, – дейді жалпы тәжірибелі жас дәрігер.

Қазіргі таңда жас маман дәрігерлік еңбек жолын Ыбырай Жақаев ауылынан бастады. Жас маманның әр күні түрлі науқастарды қабылдаумен өтеді.

Кейде кішкентай сәбилерді тексергенде қорқыныш сезімі болады. Дегенмен, алдыма үміт артып келген әр науқасқа жылы шырай танытып, берген емімнің нәтижелі болуына ерекше мән беремін, – дейді ол.

Жас маман жүкті әйелдерді тексеруді ерекше ұнатады. Сонымен қатар ауылда үйге барып патронаж жасау, ауыр халдегі науқастарды жиі қадағалау да – күнделікті жұмысының бір бөлігі. Медбикелерімен бірге тұрақты түрде скринингтік тексерулер өткізіп, ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстайды.

Мамандар тапшы

Қамардың айтуынша, ауылда медицина саласында шешімін табуды қажет ететін мәселелер де бар.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Қазір технологияның дамыған заманы десем қате айтпаймын. Дегенмен кейбір мамандардың тапшылығы қиындық тудырады. Сол үшін науқастарым бірнеше километрді артқа тастап, қалаға баруға мәжбүр болады. Кейде тіркелу үшін бірнеше күн күтуге тура келеді, – дейді Қамар Әбдіқадыр.

Созылмалы аурулар жиі кездеседі

Жас маман ауыл тұрғындары арасында созылмалы аурулар жиі кездесетінін айтады.

Қазіргі таңда артериальды гипертензия мен қант диабеті кең таралған. Күніне қабылдауыма 25-тен аса адам келсе, олардың кемінде 8-9-ы осы аурулардан зардап шегеді. Сондай-ақ әйел адамдар арасында уытты токсикалық зоб жиі кездеседі, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер.

Қамар ауылдағы медицинаның дамуына үлкен сенім артады.

Ауылда медицина инфрақұрылымына көңілім толады. Алдағы уақытта әлі де жақсы жетістіктерге жететініне сенімім мол, – дейді ол.

Ауылда дәрігердің сөзі заң

Қамар Әбдіқадыр 11-сыныпта оқып жүргенде біраз уақыт ағылшын тілі пәнінің мұғалімі боламын деп, гуманитарлық бағытқа дайындалған. Ауылдағы сыныптастардың ішінде ағылшын тілін таңдаған жалғыз өзі еді. Дегенмен, бала кезден қалыптасқан дәрігер болу арманы бәрінен басым түсті.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Ата-анамның ықпалы да болды, ең бастысы бала күнгі арманым алдамады. Содан кейін биология мен химия пәндері бойынша дайындықты бастап, бүгінгі таңда сол арманымның нәтижесінде дәрігер атандым, – дейді.

Жас дәрігердің қабылдауына жиі үлкен жастағы ата-әжелер келеді. Қамар олардың әрқайсысын өз атасы мен әжесіндей көреді.

Бір байқағаным – ауылда дәрігердің сөзі заң сияқты. Барлығы маған үлкен үмітпен қарайды, мен де қолымнан келгенше сол сенімдерін ақтап жүрмін. Қаладағыдай емес, ауыл тұрғындарын емханаға шақырсаң уақытылы келіп, айтқанды бұлжытпай орындайды. Сол себепті ауылдағы скрининг көрсеткіші жоғары деп ойлаймын, – дейді ол.

Көзіме жас алып қалдым

Жас дәрігер үшін ауыл тұрғындарының ризашылығы ең үлкен марапат.

Жергілікті тұрғындар келіп, емнің нәтижесімен бөліскенде төбем көкке жеткендей қуанамын, іштей өзімді мақтап қоямын. Бірде анасы екі жасар қызыма дұрыс ем бердіңіз, сізге рақмет деді. Сол кезде алғашқы алғысым болғандықтан ба, көзіме жас алып қалдым, – дейді Қамар Әбдіқадыр.

Қамардың айтуынша, еңбек жолының ауылдан басталғанына ең алғаш қуанған – ата-анасы.

Ауылға қызмет етіп бастай бер, төменгі баспалдақтан жоғары көтерілгенге не жетсін» – деп әкем ерекше қолдауын білдірді. Бұл сөздер маған үлкен күш-қуат берді, – дейді жас дәрігер.

Жас маманнан болашақта қалаға көшуі мүмкін бе екенін сұрадық. Айтуынша, қазіргі таңда қалаға көшу жоспарда жоқ.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Әзірге ауылымда еңбек етуді жалғастырамын. Деcе де, кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында резидентураға түсуді ойлап жүрмін. Егер ол мүмкіндігім жүзеге асса, Астана қаласына баруым да ғажап емес, – дейді жас маман.

Сондай-ақ ол елімізде соңғы жылдары медицинаға деген жастардың қызығушылығы артқанын атап өтті.

Жыл сайын мемлекеттік грант болсын, ақылы түрде болсын медицина саласына түсіп жатқандар саны көбейіп келеді. Бұл – еліміздегі медицина қызметкерлеріне деген тапшылықты жоятын жақсы белгі. Биыл да бірге оқыған достарым әртүрлі сала бойынша резидентураға түсті. Олар үшін өте қуаныштымын. Барлығына оқуларына сәттілік тіледім. Еңбектері жемісті болғай, – дейді Қамар.

Ауылда да жарқын болашақ бар

Қамар Әбдіқадыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мән-маңызына ерекше тоқталады.

Мұндай бағдарлама елімізге қажет. Іске асып жатқаны үшін қуаныштымын. Қазіргі жастардың көбі қалада қалуды қалайды. Алайда сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсе, ауылда да жарқын болашақ бар деп айтар едім, – дейді жалпы тәжірибелі жас дәрігер.

Жас маман тек бүгінгі жетістіктерімен шектелмей, алдағы уақытқа да айқын жоспар құрып отыр.

Жоспарларым өте көп. Соның ішінде болашақта резидентураға тапсырып, қазір ауылымда жетіспей отырған мамандық – анестезиолог болуды қалаймын. Барлығы Алланың қалауымен. Сонымен бірге балалар массажы бойынша да білім алғым келеді. Өйткені бұл – қазіргі таңда қажетті салалардың бірі. Аналар білікті маман таба алмай қиналып жүрген жағдайлар тәжірибемде жиі кездеседі, – дейді жас дәрігер.

Сондай-ақ Қамар алдағы уақытта ауыл тұрғындары арасында ауру көрсеткішін азайтып, сырқатты дер кезінде анықтап, емдеу, асқынулардың алдын алғысы келеді.

Қамар Әбдіқадырдың жеке мұрағатынан 

Мақсатым – өзім еңбек етіп жүрген өлкемде аудан деңгейінде білікті маман атану. Сонымен бірге отбасымда ардақты ана, аяулы жар болуды да армандаймын, – дейді тәжірибелі жас дәрігер Қамар Әбдіқадыр.

Қамар Әбдіқадыр секілді дәрігерлердің ауылға келуі – халыққа сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, ауылдық денсаулық сақтау саласының жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосуда. Қамардың айтуынша, ауыл тұрғындардың алғысы мен сенімі оны жігерлендіреді. Алдағы уақытта ол кәсіби біліктілігін арттырып, резидентураға түсуге де ниетті.

Бағдарламаның арқасында ауылдағы халыққа білікті медициналық қызмет көрсетіліп қана қоймай, жас мамандарға да тәжірибе жинауға мүмкіндік беріліп отыр.