Жаңалықтар

Ауылдық елді мекендердегі қоқыс мәселесін шешу үшін жаңа қаржыландыру жүйесі іске қосылды

Ауылдық елді мекендердегі қоқыс мәселесін шешу үшін жаңа қаржыландыру жүйесі іске қосылды
Фото: ©El.kz/Амангүл Тілейқызы 26.03.2025 10:52 385

Қазақстанның ауылдық аймақтарында қоқыс басқару жүйесі әлі де өзекті мәселе болып тұр. Үкіметтің баспасөз брифингіне қатысқан экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, елді мекендердің шалғай орналасуы мен заң талаптарына сай келмейтін полигондар бұл саланың дамуын тежеп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде бұл мәселені шешу үшін талаптар жеңілдетіліп, «Экоқолдау» қаржыландыру жүйесі іске қосылған. Аталған жүйе ауыл тұрғындарын қоқыс жинауға ынталандырып, тапсырылған пластиктің әр тоннасына 71 мың теңге төлеуді қарастырады.

Қоқысты басқару жұмысы шағын және үлкен қалаларда, аудандық орталықтарда қолға алынған. Кіші елді мекендерде әлі проблема бар. Мәселенің түпкі себебі – елді мекендердің арасы өте алшақтау болған соң, экономикалық тұрғыдан тиімсіз, екіншіден, ауылдық елді мекендердегі полигондардың заң талаптарына сәйкес келмеуінде. Осыған байланысты былтыр 4-5 өңірді алып (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, СҚО), мамандармен біріге отырып, неге бұл жерлерде полигон салынбайтынын қарадық. Бұл жерде полигон салу үшін қыруар қаражат керек, – дейді Нысанбаев.

Ведомство басшысының сөзінше, СҚО-да 500-ден астам елді мекенге жалпы 175 млрд теңге керек.

Соған байланысты біз өңірлермен біріге отырып, талаптарды азайттық, 17 талаптың бүгінгі күні 8-і қалды. Сол себепті бұл қазір Мәжілісте қаралуда. Сондай-ақ «Экоқолдау» қаржыландыру жүйесін іске қостық. Бұл ауылдық елді мекендердің қоқысын алып кетуге ынталандырады. Бөлек жинап алып өткізсе, соған қаражат төлеуге әзірміз. Мысалы, ауылдан пластиктің 1 тоннасын жинап келсе, 71 мың теңге береміз. Кез келген адам сол жүйеге тіркеліп, жинаған көлемін тапсырып отырса қаражатын ала алады, – дейді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға