Жаңалықтар

200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы
200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет
Фото: El.kz 10.10.2022 16:14 3257

Еліміздің басты құндылығы – адам. Ұлт саулығы жақсы болғанда ғана қоғам дамиды. Дегенмен еліміздегі медицина саласында қордаланған түйіткілдер аз емес. Мәселелердің бәрі бір мезетте шешілмейтіндігі тағы аян.

Сондықтан да, Президент үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды, соның ішінде ауыл медицинасының сапасын жақсартуды тапсырған болатын. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мамандарынан сұраған едік.

Денсаулық сақтау саласының шығыстарын қаржыландыру 2022 жылы білім беру жүйесін дамытуға, оның ішінде техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды PhD докторанттарын, магистранттарды және резидентура тыңдаушыларын даярлауға бағытталғандығын атап кеткен жөн. Денсаулық сақтау ұйымдары кадрларының біліктілігін арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ, ғылымды дамытуға және ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға технологиялар трансфертіне және UMC корпоративтік қорының клиникаларында жұмыс істеу үшін қызметтің негізгі бағыттары бойынша жетекші шетелдік мамандарды тарту жұмыстары жүзеге асырылуда.

 Медициналық сақтандыру жүйесінің қолжетімділігі

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1- қаңтардан бастап қолданылады. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өскен. 2022 жылы халыққа медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге бағыттау жоспарланған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді дейді сала мамандары. Десе де, бұл жүйені білсе де, әлі күнге дейін МӘМС жүйесін ала алмай, бұл қандай жүйе деп түсінбей жүргендер бар. Алдымен осы сұраққа жауап беріп кетсек.

200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет

МӘМС жүйесі - мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі қағидатына негізделген. Олардан түскен қаражатты ауру кезеңінде сау азаматтардан ауру азаматтарға, мұқтаждығы аз азаматтардан мұқтаждығы көп азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Белгілі болғандай, адам жұмыссыздық немесе ауру жағдайларынан сақтандырылмаған, әрбір адам әлеуметтік осал болуы мүмкін. Осыған байланысты, қолданыстағы МӘМС жүйесі ауру, жарақат, жүктілік және босану, мүгедектік, қарттық және тағы басқа жағдайдаларда халықтың денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген жүйе.

МӘМС жүйесін енгізумен барлық ақылы диагностика, оның ішінде бұрын адамдар өз қалтасынан төлеуге тура келген МРТ, КТ, ИФТ, ПТР сияқты қымбат тұратын зерттеулер сақтандырылу мәртебесі болған кезде қолжетімді болғанын атап өтеміз. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына МӘМС аударымдарының және жарналарының мөлшеріне қарамастан, медициналық, дәрілік көмекке тең қолжетімділікке кепілдік береді. Атап айтқанда, әрбір сақтандырылған адамға олардың табыстарына қарамастан профилактикалық қарап-тексеру, жоғары технологиялық қызметтер, медициналық оңалту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен қатар медициналық көмектің барлық көлемін алуға мүмкіндік береді.  

 «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы

Президент келесі жылдан бастап ұлттық жобаны қолға алуды тапсырды. Бұл құжат, ең алдымен әсіресе, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған еді.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы түйіткілді түйіндерді шешуге атсалысуда.

Ұлттық жобаның міндеттерінің бірі - медициналық-санитариялық алғашқы көмек жетіспейтін ұйымдарын оның ішінде медициналық пункттерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу, екі жыл ішінде ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Осылайша, әзірленіп жатқан Ұлттық жоба шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі әкімдіктермен бірлесіп, 655 МСАК объектілерін салуға қажет деп тапқан. Оның ішінде медициналық объектілері мүлдем жоқ ауылдарда 20 объект, медициналық объектілердің меншікті ғимараттары жоқ ауылдарда (жалға алынатын, үйде) 208 объект, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған объектілердің орнына салу (тозуы жоғары ғимараттар, авариялық, бейімделген ғимараттар) 427 объект көзделініп отыр.

МСАК объектілерін салу 2023-2024 жылдар кезеңінде бюджет қаражаты есебінен жоспарлануда. Нәтижесінде шамамен 1 млн. ауыл тұрғындарын медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен қосымша қамту; ауыл халқына медициналық көмекті жандандыру; ауылдағы медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану; МСАК қолжетімділігін арттыру; уақытылы медициналық көмек көрсету, асқынулардың алдын алу күтілуде.

Елді мекендердегі емдеу мекемелері туралы

Ауыл тұрғындарына 5695 денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде 5 194 МСАК объектісі және 203 аурухана көмек көрсетеді. Өңірлерді дамытудың перспективалық жоспары негізінде «Дені сау ұлт» Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендерде 6 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттердің, дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталды. 

200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет

Қазіргі уақытта ауылда МСАК-тың 17 объектісінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 8 ғимаратты ашу жоспарланып, 2 нысан бойынша қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр.

Бұдан бөлек, өңірлер аудандық ауруханаларын қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен, перзентханаларды қажетті медициналық жабдықтармен жарақтандыру жұмысының 84,5 пайызы орындалған.

Ауылдардағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімдігі

Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін консультациялық-диагностикалық қызметтің қолжетімділігі арттыру жұмыстары қолға алынуда. 2022 жылдың 8 айында ТМККК шеңберінде КДҚ көрсетілген қызметтер саны 86,8 млн.қызметті құрады. Бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25,7 пайызға ұлғайып отыр. Ал КТС-тен тыс көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 26,2 пайызға артқан.

200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарына транспорттық медицина ұйымдастырылады. Республикада диагностикалық қызметтер мен мамандардың кең бейінін (профилактикалық скринингтер, консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және басқалары) ұсына отырып, 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

Өткен жылмен салыстырғанда ЖМК қызметтерімен қамту екі есеге артқаны байқалады. Биылғы жылдың 8 айында ЖМК қызметтерімен 2200 - ден астам елді мекен қамти отырып, 1 119 463 тұрғынға қызмет көрсеткен. Оның ішінде 335 281 балалар, 495 141 диагностикалық зерттеулер жүргізілген.

147 станцияны қамту және ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жоспарланған. Ағымдағы жылдың 23 мамырынан бастап «Жәрдем», ал 20 маусымында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары іске қосылды.

Қазіргі уақытта Атырау, Ақтөбе, Алматы, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау облыстарындағы 80-нен астам станция медициналық пойыздармен қамтылып, 38 мыңнан астам ауыл тұрғындарына, соның ішінде 9 мың балаға бірқатар медициналық қызметтер көрсетілді.

Медицина кадрларын дайындау

Бүгінде медицина саласын бітірген жас мамандардың ауылда жұмыс істеуге деген құлшыныстары артпаса, кеміген емес.

200-ден астам ауылға медициналық мекеме қажет

Бұған себеп, үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар. Ауылдарда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау мақсатында республикалық бюджетте 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы және 1500 АЕК мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит төлеу бар. Сонымен қатар, өңірлердің барлық әкімдіктері жас мамандар үшін тұрғын үй бөледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің түлектерді дербес бөлу жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес ағымдағы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған 2981 түлек алдын ала бөлінді, оның ішінде ауылға 797 маман барды.

Фото: El.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға