Жаңалықтар

Ауылдан шыққан 450 оқушы олимпиадада бақ сынады

Ауылдан шыққан 450 оқушы олимпиадада бақ сынады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 17.12.2024 11:55 103

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Қорытынды кезеңге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан 450 оқушы қатысты.

Үш күнге созылған білім сайысының нәтижесі бойынша ең жоғары бағаға қол жеткізген 197 оқушы жүлдегер атанды, оларға 36 - алтын, 65 - күміс, 96- қола медаль табысталды.

Қазақ тілінде оқытатын мектептер арасында орыс тілі пәнінен олимпиадаға қатыстым. Олимпиада арқылы өз білімімді сынап қана қоймай, Қазақстанның әр өңірінен келген өзім қатарлы балалармен танысып, достастым. Бұл – ауыл оқушыларына өздерін сынауға, тәжірибе жинауға және республикалық деңгейдегі жарыстардың қалай өтетінін көруге тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетімізге, оқу-ағарту министрлігіне және барлық ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, –дейді Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының 11-сынып оқушысы Ернияз Ерланұлы.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен Алматы облысының құрама командасы марапатталды. II дәрежелі диплом Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарының командаларына, III дәрежелі диплом Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының командаларына берілді.

Жеті жеңімпаз елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына ие болды (SDU – 4, Халықаралық Қ.А. Ясауи университеті – 3).

Еске сала кетейік, Республикалық олимпиада 13 пән бойынша үш кезеңде өткізіліп келеді. Биыл мектепішілік кезеңге 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынаса, финалдық кезеңге 1 000-ға жуық оқушы іріктелді. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 450, ал жаратылыстану-математика бағытында 486 оқушы білім бәсекесіне түсті. Барлығы екі бағыт бойынша 418 жүлдегер анықталды.

Ақтық кезеңге қатысушы 940 оқушының барлығы болашақ интеллектуалдық жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданды. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылдың наурызында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатыса алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға