Жаңалықтар

Ауылда тұратын ерлі-зайыптылар балаларымен бірге ұлттық қолөнер кәсібін дөңгелетіп отыр

Ауылда тұратын ерлі-зайыптылар балаларымен бірге ұлттық қолөнер кәсібін дөңгелетіп отыр
Фото: Есенқұловтар отбасының жеке мұрағаты 17.02.2024 18:35 1129

Түркістан облысында Ақдала елдімекенінде тұратын ерлі-зайыптылар ұлттық қолөнер кәсібін дөңгелетіп отыр. Шебер отбасы мемлекеттен тиісті қолдау да алған. Осылайша Есенқұловтар әулеті ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ерлі-зайыптылар Алмагүл Шереханқызы мен Нартай Есенқұлов шағын шеберхана ашқан. Отбасылық кәсіпті қолға алған олар 2020 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен 555 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған екен. Ерлі-зайыптыар алғашында тек жүн өндірумен айналысса, кейін ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді тіккен.

Шебер әйел Алмагүл Шереханқызының айтуынша, бала күнінде анасының жанында жүріп қой қырқып, жүн сабап, ұршық иірген. Тіпті киіз басып, алаша тоқып өскен.

Бүгінде бұл отбасында отанасы емес, отағасы да бармағынан бал тамған шебер. Нартай Есенқұлов ағаштан домбыра, садақ секілді түрлі бұйымдарды жасайды.

(Есенқұловтар отбасының жеке мұрағаты)

Әулеттің перзенттері де қолөнерге етене жақын. Мәселен, үйдің үлкен ұлы Ерболат Нартайұлы отбасылық кәсіпті ағаш өңдеумен толықтырып, ыдыс-аяқ және ұлттық аспаптар жасайды. Ол да кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грант иегері атанып, аталған отбасы екінші шеберхана ашқан.

«Кіші ұлым Ердәулет Түркия елінде былғарыдан бұйым жасауды үйреніп келіп, бізді де сол кәсіпке баулыды. Қазір былғарымен айналысып жатқанымызға үш жылдай уақыт болды. Ал былтыр 900-ге жуық үміткердің арасынан жеңімпаз атанып, 5 миллион теңгелік гранттың арқасында былғарыдан кебіс, аяқ киім түрлерін тігуді де қолға алдық. Одан бөлек, кенжеміз суда сурет салу, сазбалшықтан бұйым жасау секілді өнерді үйреніп жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттарды да іске асырамыз. Жалпы өнімдерімізге деген сұраныс өте жоғары», - дейді екі ұл, бір қыздың анасы Алмагүл Шереханқызы.

(Есенқұловтар отбасының жеке мұрағаты)

Қолөнершінің айтуынша, ол бірнеше жыл бұрын шаштараз ашқан. Күні бүгінге дейін оқушылардың шашын қиюмен айналысады. Одан бөлек қыз ұзату, бесік той, тұсаукесер секілді тойларды 14 жылдан бері басқарып келеді. 

Кәсіпкер әйел бүгінде 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол қосымша жұмыс күшін тарту үшін мансап орталығы ұсынатын «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сынды бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланған екен.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға