Жаңалықтар

Ауыл тұрғындары мен балалар үшін кәсіби тексерістер тізімі ұлғайды

Ауыл тұрғындары мен балалар үшін кәсіби тексерістер тізімі ұлғайды
09.07.2022 03:39 1471

Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын профилактикалық тексеру қызметтерін кеңейту туралы бұйрықты бекітті, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жаңашылдықтар елдің ауыл халқына медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мақсатында зерттеу түрлері мен нысаналы топтарды кеңейтуге қатысты.

Бұл қалалық және ауылдық халық арасында медициналық қызметтердің қолжетімділігі бөлігінде орын алып отырған дисбалансты кезең-кезеңімен теңестіруге, сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды қамтамасыз етуге, тұтастай алғанда, ауыл халқы арасында аурулардың алдын алуға бейілділік мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруді жүргізу үшін жаңа нысаналы топты анықтау есебінен 18 жастан 29 жасқа дейін халықты қамтуды ұлғайту көзделген. Айта кетер жайт, бұған дейін жастар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған. Жас адамдарды зерттеу жүрек-қантамыр жүйесінің, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының, онкологиялық аурулардың (қуық асты безінің) ауруларын ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ айқындалды: «Жастар» 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек – 1» 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек – 2» 45 жастан 65 жасқа дейін және «Зейнеткер» 66 жас және одан жоғары.

Ауыл тұрғындарына асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді.

0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында ағымдағы жылы 1 жас, 3, 6 және 14 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қоса отырып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін кеңейту жоспарлануда. Көрсетілген жас санаттарында қосымша жалпы клиникалық зертханалық талдаулар енгізілген.

Сонымен қатар  жастар денсаулық орталықтарының базасында жасөспірімдер мен жастар арасында, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін аурулардың, мінез-құлықтық қауіп факторларының, ерте жүктіліктің, суицидтердің, лудоманияның және психикалық, репродуктивтік денсаулықтың басқа да бұзылуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға