Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері талқыланды

Ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері талқыланды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі 03.04.2023 16:17 853

Салалық мемлекеттік органдардың өкілдері Ақтөбе облысының фермерлерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ауыл шаруашылығы жануарларына жем сатып алу шығындарын субсидиялауды қалдыруды ұсынды.

Айта кетейік, қолданыстағы ережелерге сәйкес, бұл бағытты субсидиялау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау алушылар үшін тиісті нормативтер мен өлшемдерді әкімдіктер бекітеді. Бұл өңірлердің климаты мен географиялық орналасуымен аймақтардың жемшөп базаларының айырмашылығына байланысты.

Бұған дейін АӨК субсидиялау тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобына осы бағытты қаржыландыруды жою жөнінде ұсыныс енгізілген болатын, оны жұмыс органының мүшелері қолдамады. Алайда ережелерге өзгеріс енгізілетін болады. Жобада төтенше жағдай немесе жем дайындауға теріс әсер еткен ауа-райының қолайсыздығы жағдайында жемшөпті субсидиялау көзделген. Сондықтан, қыстау кезеңінде тапшылықты толтыру және азықсыз қалуға жол бермеуі үшін қыстауға кірген малға қойылатын зоотехникалық талаптар шегінде ірі және шырынды азықтардың құнын субсидиялау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ фермерлер субсидиялаудың Gosagro.kz ақпараттық жүйесінің жұмысына назар аударды. Кездесуге қатысушыларға веб-портал іске қосылған сәттен бастап ақауларды жою бойынша ауқымды техникалық жұмыс жүргізілгені түсіндірілді. Қазір мемлекеттік ақпарат жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бүкіл ел бойынша фермерлер жалпы сомасы 55,6 млрд теңгеге 6 614 өтінім берді. Оның ішінде 5,6 млрд теңгеге 462 өтінім мақұлданды.

Қазіргі уақытта деректер Qoldau жүйесінен Ауыл шаруашылығы басқармаларының жеке кабинеттеріне енгізілді. Осылайша, инвестициялық субсидиялау және өнімді қайта өңдеу бағыты бойынша АШБ өткен жылғы қарыздар жабылғаннан кейін ғана жаңа өтінімдерді төлеуге көше алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға