Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы қаржы көп ұрланатын тізімде алдыңғы үштікте тұр - депутат

Ауыл шаруашылығы қаржы көп ұрланатын тізімде алдыңғы үштікте тұр - депутат
Фото: parlam.kz 12.06.2024 15:23 1085

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасына қатысты мәселе көтеріп, ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

«Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген аталы сөз бар. Күллі әлем жақын арада адамзат баласын азық-түлік дағдарысы күтіп тұр деп болжап, қамданып жатқанда, біз қайғысыз, қара суға семіріп жүрміз, - дейді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, экономиканың өсу қарқыны бойынша аграрлы сала ең төменгі көрсеткішке ие. 2005-шы жылдан бері ауыл шаруашылығы бойынша қабылданған бірде-бір мемлекеттік бағдарламалар соңына дейін іске аспаған. Аграрлы саясат тұрақсыз болғандықтан соңғы 20 жылда субсидия беру ережелері 57 рет өзгерген. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы бюджеттік қаражаттың ең көп ұрланатын салалардың тізімінде алдыңғы үштіктен түспей жүр.

Соңғы 10 жылда дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімнің үлесі 3 есе өскен. Қаншама бағдарлама жасалса да еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындардың нақты өндіріс қуаттылығы еш уақытта 30 пайыздан асқан емес. Онымен қоса бірқатар экспорттық бағыттарды уысымыздан шығарып алдық. Баға саясаты фермерлердің емес, алыпсатарлардың қолында. Олардың пайдасы шаруаларға қарағанда 4 есе көп. Ауыл адамдарының несібесін базар қақпасын торлаған делдалдар алып жүр. Базарларда мал шаруашылығының өнімдерін тексеретін ветеринариялық-санитариялық зертханалар жеке-меншіктің қолында болған соң, олардың сапасы шала-пұла тексеріледі. Ветеринариялық анықтамалардың сатылып жүргенін де айту керек. Мұндағы ең өкініштісі - соңғы 5 жылда жаздағы құрғақшылық пен қыс мезгіліндегі мал жұты қалыпты жағдайға айналды. Фермерлер осындай дағдарысқа душар болып жатқанда ешкімнің олармен шаруасы жоқ!, - дейді Анас Баққожаев.

Депутат былтыр сатылмай қалған жүгері мен пияз мәселесіне тоқталды.

Ауыл дүкендерінде ағзаға қажет барлық тауарлар бар деп айту қиын. Электр энергиясы, жылу мен коммуналдық тарифтердің өсуі жаңадан құрылған жобалардың дамуына тұсау болып отыр. Соңғы жылдары агросалаға жеке инвестициялар әлсін-әлсін келе бастаған еді, алайда тәуекелге тап болғанда мемлекет қол ұшын созбаған соң, олардың барлығы ауыл шаруашылығы бизнесінен ат-тонын ала қашты. Көптеген шаруашылықтар сатылып жатыр. Құрметті Олжас Абайұлы, осының барлығы азық-түлік қауіпсіздігіне арналған арнайы заңның жоқтығынан болып отыр. Өздерін аграрлы мемлекет деп санайтын бірқатар елдерде азық-түліктік доктринасы бар. Ал бізде жоқ, - дейді депутат.

Осыған байланысты «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына жіберген болатын.

Алайда тиісті қолдау таппады. Үкіметтің қорытындысында «Жаңа заңның қажеті жоқ, 2005 жылы қабылдаған «Агроөнеркәсіп пен ауылды аумақтарды дамыту туралы» және басқа да заңдарымыз бар деген сылғыртпа жауап берілді. Қолданыстағы заңдар қазіргі заманның талабына сай емес! Оны түбегейлі жаңарту керек, - дейді ол.

Анас Баққожаев аталмыш заң жобасында нақты нәтижеге қол жеткізетін, фермерлердің баяғыдан күткен реформарға жол ашатын бірнеше жаңа нормалар ұсынғанын атап өтті.

Олармен дұрыстап таныссаңыз, көптеген мәселеде көзіңіз ашылады. Алайда біздің ұсынған новеллаларды ешкім дұрыстап сараптаған жоқ! Егер барлық заңдарымыз дұрыс болса, онда неге Қазақстанда «азық-түлік дағдарысы» деген түсінік бекітілмеген? Оның негізгі факторлары қандай? «Аш қалуымыз мүмкін» деген дабылды қандай жағдайда қағамыз? Жүйелі түрде алдын-ла болжам неге жасамаймыз? Сұрақ көп, жауап жоқ. Осыған байланысты «Ауыл» фракциясының депутаттары Азық-түлік қауіпсіздігі туралы дайындаған заң жобасын уәкілетті министрліктің деңгейінде емес, Үкіметтің деңгейінде қайта қаралып, пысықталуын талап етеді, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға