Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрі ақтөбелік фермерлермен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі ақтөбелік фермерлермен кездесті
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі 23.05.2024 07:27 535

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Ведомство басшысы  облыс әкімі Асхат Шахаровпен бірге Әйтеке би және Хромтау ауданындағы шаруаларымен кездесті. Көктемгі егіс егу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі күнге облыста 283,1 мың гектарға жаздық дақылдар егісі жүргізілді. Бұл өңірдің жалпы егіс алқабының 47,1 пайызын құрайды. 
 
Президент тапсырмасы аясында өңірімізде минералды тыңайтқыштардың көлемін 27,2 мың тоннаға жеткізу жүктелген. Бүгінде тыңайтқыштар сатып алуға 2,7 мың тоннаға келісім жасалып, әзірге 2,5 мың тоннасы жеткізілген.
 
Министр Айдарбек Сапаров жақсы өнім алу үшін жеткілікті көлемде тыңайтқыш енгізудің маңыздылығын, сондай-ақ бұл үшін министрлік қажетті жағдай жасайтынын айтты. Оның мәліметінше, елімізде тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілген, ал қазақстандық өндірушілер тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен жөнелтеді. Соның арқасында шаруаларға егін егу кезеңінде бірден төлем жасаудың қажеті жоқ.

Министр атап өткендей, биылғы егіс жұмыстарына 376 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде Ақтөбе облысына 7,2 мың тонна дизель отыны тиесілі.

Бұдан өзге министр Әйтеке би ауданындағы «Алтынсарино», «Құмқұдық» шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Осы ауданда шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан өңдеу жұмыстарының қарқынын білді. Сондай-ақ Хромтау ауданындағы «Ақжар Агро» ЖШС мен «АКМЭЗ» ЖШС май экстракциялық зауытында болды. Аталған зауыт өнімі ішкі нарықта сұранысқа ие, сондай-ақ Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және Тәжікстанға жеткізіледі.

Жұмыс сапарының соңында Айдарбек Сапаров шегірткемен күресу шаралары бойынша жедел кеңес өткізді. Онда Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне әкімдіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді, сондай-ақ шекара маңындағы аумақтар бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Кеңесте облыс әкімі өңірімізде шегірткеге қарсы жаппай іс-шаралар қарқынды жүргізіліп жатқанын, көктемгі егіс егу жұмыстары басты бақылауда екенін жеткізді,-делінген облыс әкімдігі мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға