Ауыл оқушыларына арналған пәндік олимпиаданың ІІ кезеңі басталды
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін 188 аудан орталығында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың ІІ аудандық кезеңі басталды. Онда мектепішілік кезеңнен іріктелген 74 000-нан астам оқушы өз білімдерін көрсетуде.
Олимпиада 13 пән бойынша, жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда өткізіледі:
• I кезең (мектепішілік) – 2024 жылдың қыркүйегі;
• II кезең (аудандық) – 2024 жылдың қазаны;
• III кезең (облыстық) – 2024 жылдың қарашасы;
• IV кезең (республикалық) – 2024 жылдың желтоқсаны.
Естеріңізге сала кетейік, республикалық олимпиаданың бастапқы кезеңіне 113 мыңнан астам 9-11(12) сынып оқушылары тіркеліп, оның 99 мыңы қатысқан еді. Өткен жылмен салыстырғанда 13 мың қатысушыға артты.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бұл олимпиада алғаш рет өткен оқу жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткізілді. Ол Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және нығайтуға бағытталған. Олимпиаданың алғашқы жылының қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған ауыл оқушыларының саны 8 есеге артты.
Анықтама үшін: Олимпиада кезінде ауыл оқушылары жан-жақты қолдау тауып, алдағы зияткерлік сайыстарға дайындалу үшін «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Сондай ақ, жеңімпаздар еліміздің жетекші оқу орындарының гранттарына ие болады.