Жаңалықтар

Ауыл мұғалімдерінің пәндік білімі төмен – Әнуар Жанғозин

Ауыл мұғалімдерінің пәндік білімі төмен – Әнуар Жанғозин
Фото: nis.edu.kz 18.05.2023 10:10 2086

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин ауылдық мектептер мен қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықтың төрт себебін атады.

Көптеген ауыл мектептеріне тән негізгі 4 проблеманы анықтадық. Бұл сабақтарды тиімді жоспарлау және өткізу үшін мұғалімдердің пәндік білімі мен әдістемелік құзыреттілігінің жеткіліксіз болуы. Оқушыларды тиімсіз бағалау, оқу процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ретсіз пайдалану. Сонымен бірге материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, - деді ол.

Сондай-ақ білім беру саласын дамытамыз десек, ауылдық мектептердегі білім сапасына ерекше мән беруіміз керек екенін айтты.

Еліміз үшін білім берудің түп негізі ауылда жатыр. Қазақстанда орта білім беру саласындағы мекемелердің 60%-дан астамын ауыл мектептері құрайды. Олардың ең жоғары үлесі Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында. Ауыл мен қала мектептерінің білім беру сапасындағы алшақтық Қазақстанның бүкіл білім беру жүйесінің дамуына тікелей әсер етеді, - деді Әнуар Жанғозин.

Зияткерлік мектептер төрағасы ауыл мектептерін қолдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Зияткерлік мектептер жалпы білім беретін мектептермен бірлесе қала мен ауыл білімі арасындағы айырмашылықты азайтуға негізделген маңызды стратегияны жүзеге асыруда. Ауыл мектептеріндегі білім сапасы мәселелерінің өзектілігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2020 жылы ауыл мектептерін қолдау бойынша жобаларын бастауына басты себеп болды, - дейді ол.

Жанғозинның айтуынша, енді ауыл мектептерімен 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі.1-бағыт мектептің қазіргі жағдайы мен негізгі процестерін толық диагностикалау мен зерттеуді қамтиды. 4 және 8 сынып оқушыларының пән бойынша білімдерін бақылау және 14 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін бағалау. 2-бағытта зияткерлік мектептердің мамандары мен мұғалімдері әр мектептің анықталған проблемалары негізінде толық әдістемелік қолдау көрсету қарастырылған. 3-бағыт мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған.

Зияткерлік мектептер басшысының сөзінше, ауылдық мектептерді дамыту жобасының бастапқы кезеңі 6 облыстағы 14 мектепті қамтыды. 2021 жылы бұл жоба «Aitas» ЖШС мен «Bilim Land» компаниясы инвесторларының назарын аудартып, олар 3 облыстағы 7 мектепті оқу жабдықтарымен жабдықтады.

Қазіргі жобаның әдістемесі әртүрлі ауыл мектептерінде сынақтан өткізіліп, қажетті түзетулер енгізілді деуге болады. Табысты жоба 2022 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен бүкіл Қазақстанға NIS әзірлеген методиканы таратуға мүмкіндік берді, - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, 2022 жылы жоба барлық өңірлерден 17 мектепті қамтыса, биыл тағы 63 мектеп, ал 2024 жылы 111 мектеп осы жобаға енгізіледі. Ал 2026 жылға қарай еліміздің барлық облыс орталықтары мен моноқалаларындағы 191 ауыл мектебін толық жабдықтау, мұғалімдерді жүйелі әдістемелік қамтамасыз ету, ауылдық және шағын жинақты мектептерге әдістеме бойынша тәжірбиелерді енгізу жоспарланған. 

Сондай-ақ ол осы жоба барысында білім деңгейі мониторингі үздіксіз жүргізіліп отыратынын айтты.

4 және 8 сынып оқушыларының білім сапасын анықтау үшін біз 2022 жылдың қараша айында негізгі пәндер бойынша кіру мониторингін және ағымдағы жылдың сәуір айында шығу мониторингін жүргіздік. Мониторинг 2500-ден астам оқушыны қамтыды. Әр мектепте әр оқушы мен пән мұғаліміне білім беру мен оқуды реттеу үшін 24000-нан астам жеке нұсқаулықтар берілген, - деді Әнуар Жанғозин.

Бұл мониторингтің нәтижесі қандай? Оның сөзінше, мониторинг нәтижелері алшақтық бар екенін көрсеткен. Оған сәйкес, мектептерде оқушылардың білімін дұрыс бағаламау мен тым жоғары баға қою болған.

Жанғозин 2023 жылы ақпан айында 14 жастағы шамамен 1200 оқушыны қамтитын функционалдық сауаттылықты бағалау жүргізілгенін айтты. Ол мәліметтер оқушылардың математикалық сауаттылығы шамамен 27%, оқу сауаттылығы 38%, жаратылыстану 39% құрағанын көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ функционалдық сауаттылық деңгейінде де алшақтық бар екенін айтты.

17 мектептің функционалдық сауаттылық деңгейінің көрсеткіші 25%-дық алшақтықты құрайды. Бұл ретте мектеп 24,3% ең нашар нәтижені көрсетіп отыр, үздік көрсеткіш 49,2%, алайда бұл төмен көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Мониторинг нәтижелері есеп түрінде әр мектепке берілді, - деді Жанғозин.

Ол осы нәтижелерді сараптап, үш бағыт бойынша әдістеме әзірленгенін айтты. Олар: сабақты бақылау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау. Бұған қоса, мектептердің техникалық жабдықталуы жақсарғанын айтты.

Қазір мектептерде өздерінің STEM кабинеттері, телестудиялары, арт-студиялары, робототехника және технология кабинеттері, оқу шеберханалары мен ғылыми зертханалары бар. NIS мектеп кітапханаларына жалпы көлемі 13 000 дана қажетті әдістемелік әдебиеттерді сыйға тартты. Жоба бір жылдан аз уақытқа созылғанына қарамастан, біз оның тиімділігін қазірден көріп отырмыз, - деді ол.

Сондай-ақ мониторинг нәтижелері 4-сынып оқушылары математика және қазақ тілі пәндерінен үлгерімдері жақсарғанын көрсетіп отыр. Мұндай оң көрсеткіш 8-сынып оқушыларында 9 пәннің 7-еуінде байқалған. Бірақ жаратылыстану ғылымдары пәндерінің нтижелері әлі де төмен екен. Жанғозиннің сөзінше, оқу сауаттылығы мен жаратылыстану пәндерінен жоғары нәтижеге қол жеткізу үлкен күш-жігерді қажет етеді. Ол сондай-ақ жұмыс әлі де жалғасатынын айтты.

Осылайша, біздің жоба ауыл балалары мен педагогтердің өмірін өзгертеді, оларды Зияткерлік мектептердің экожүйесіне біртіндеп тартады. Мұғалімдер тамыз және халықаралық НЗМ конференцияларына қатысуға, Наурыз кездесулерінде тәжірибе алмасуға, Зияткерлік мектептер базасында пәндік тағылымдамадан өтуге, бағалау бойынша демалыс мектептерінде оқуға мүмкіндік алып отыр, - деді Жанғозин.

Әсіресе, ауыл балаларын робототехника сияқты тың ғылым салаларға тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Биылғы жылы 13 оқушы 3D-биопринтинг, ақылды протездер және биоинтерфейс бойынша Наурыз кездесулерінде өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы қарқынды өзгерістерге барынша сай келетін, шығармашылық алаңдары мен ғылыми жобалары бар 191 тірек мектептің кәсіби қоғамдастығын құруға барлық мүмкіндік бар»,- деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғози.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға