Ауыл мектептеріндегі білімді қалай қаланың деңгейіне жеткіземіз. Депутат шешімін айтты
Еліміздегі мектептердің 72,2 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар оқушылардың 46 пайызы ауыл мектептерінде білім алып жүр. Әр оқушының болашақ білім деңгейі мен біліктілігі оның мектеп қабырғасындағы үлгеріміне байланысты. Ендеше ауыл мектептерінде білім беру мүмкіндіктерінің деңгейі қандай? Осы сұраққа El.kz тілшісі жауап іздеп көрген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл және қала мектептерін үйлестіру қажеттігін атап өтіп, білім беру саласындағы проблемаларды саралады. Шын мәнінде, бұл өте өзекті мәселе: Мәселен, бір Ақмола облысының өзінде тәуелсіздік алған уақыттан бері 150 мектеп жабылды. 2020-2021 оқу жылында орта мектептерде 834 мұғалім жетіспейді, оның 543-і ауылдық мектептерде екен. Ал 66 мектепте спорт залдары жоқ.
Ауылдық білім ошақтарында оқып жүрген оқушыларға білім сапасын арттыру үшін не істеу керек? Осы туралы білім саласында ұстаздық, менеджерлік қызметтер атқарған, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан сұрадық.
Осы ауыл мектептеріне толық жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Ауыл мектептеріне барып қалған кезде төбесі қақыраған 30 жыл, тіпті 50 жыл күрделі жөндеу көрмеген. Білімнің сапасына қол жеткіземіз десек, күрделі жөндеуден бастауымыз керек. Көптеген зерттеулерге сүйенсек, мектеп заманауи жабдықталған сайын, жайлы, қолайлы болған сайын баланың оқуға деген құштарлығы, білім алуға деген талпынысы жоғарылайды, - дейді депутат.
Ол осы ретте Финляндия мемлекетін мысалға келтірді. Мысалға ол жақта зерттеу жүргізген ғалымдар осындай қорытындыға келген. Яғни жалпы қолайлы білім ортасы деген түсініктің қалыптасуына әсер еткен фин ғалымдары, фин педагогтары деп отыр.
Олар мектепті дамытып, мектептің заманауи болуы білім алушының білім сапасына әсер етуіне қатысты зерттеулер жасаған. Зерттеулер жасап қана қоймай білім саласындағы практикада қолданып отыр. Күрделі жөндеу жылдағыдай 100 мектеп, 200 мектеп емес, 1000 мектепті қамтуы керек. Сол кезде ғана ауыл мектептерін қаланың мектептері деңгейіне жеткізе аламыз, - дейді – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Ол қазіргі таңда қала мектептеріне жан басына шаққанда қаржыландыру методикасы енгізілді. Әрбір балаға 490 мың теңге көлемінде жылына қаржыландыру бөлінеді. Осы қаржыландырудың аясында мектептерге күрделі жөндеу өткізу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, оқушыларды олимпиадаға қатыстыру сияқты мектептің қолайлы ортасын қалыптастыруға бір мүмкіндік болды деп отыр.
Мемлекет басшысы 2020 жылы ауылдағы 4000 мектепке жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу туралы тапсырма берді. Мен өзім бұл сұрақты екі рет депутаттық сауал ретінде көтердім. Жалпы ауылдағы 1 баланың білім алуына қанша қаражат кетеді? Оның методикасы қандай? Осыны сұрадым. Әлі күнге дейін Үкіметтен ешқандай жауап жоқ, - дейді мәжілісмен.
Сосын ол ауылдағы әрбір бала қалада оқитын баладан робототехника, нанотехнологияның не екенін біліп, физика пәнін зертханалар мен лабороторияда өткізетін болса, баланың білім сапасы жоғары болып келеді деп санайды.
Ал білім сапасы жоғары болған сайын еңбек нарығында да, білім сапасын анықтайтын тестте де жоғары балл жинақтай алады. Ол кейін еңбек нарығында жақсы нәтиже көрсетіп, елдің экономикасының дамуына үлес қосатын болады,- деді Жұлдыз Сүлейменова.
Теңсіздіктің негізі мектептегі білім беруден басталып отыр, білім сапасының әртүрлілігі уақыт өте келе Қазақстан азаматтарының экономикалық мүмкіндіктеріне тікелей әсерін тигізеді.
Тегін орта білім алу мен оған тең қол жеткізуге Қазақстан заңдарымен кепілдік берілген. Бірақ іс жүзінде бұл қағиданың жүзеге аспай жатқанын байқаймыз. Орта мектептегі білім алушылар арасындағы айырмашылық қаржыландыруда да, материалды-техникалық базада да, білім сапасында да көрініп отыр. Анық айырмашылық ауылдық және қалалық мектептер арасында байқалады.
Біріншіден, жеткіліксіз жабдықтау мәселесі бар, көптеген ауыл мектептері халықаралық нормативтік талаптарға сәйкес емес. Оқу бағдарламасының нәтижелері мен тиімділігіне әсер ететін маңызды фактор білім ошағының жабдықталу деңгейі. 2012 жылы PISA халықаралық бағдарламасының зерттеу қорытындыларына сәйкес, оқушылардың оқу сапасы мектептің заманауи техникалық жабдықталуының әсері бар екенін көрсетті.
2016-2017 оқу жылында ауыл мектептерінің 22, 5% - ы мектепте пайдалану үшін жаңартылған ғимараттарда, ал 64 мектептің 59-ы ауылдағы білім беру орталықтары болып табылады. Қазақстан Республикасының 2018 жылғы білім беру статистикасының ұлттық шолуында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 5293 гимназия жөнделген ғимараттарда орналасқан, бұл мектептердің жалпы санының 90% құрайды. Ауылдық мектептердің 9%-ында кітапхана мәселесі шешілмеген,8% -ында тамақтанатын орын жоқ.
2005 жылдан бастап Қазақстан оқу орындарын тілдік және мультимедиялық зертханалармен, сондай-ақ интерактивті тақталармен жарақтай бастады. Бірақ арада 19 жыл уақыт өткеніне қарамастан әлі де заманауи жабдықтар жетіспейді.
Екіншіден, ауылдық мектептер ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қолжетімділігі тұрғысынан артта қалып отыр. Қазақстанда білім беруді ақпараттандыру мен компьютерлендіруді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2005 жылы 41 оқушыға бір компьютер болса, 2010 жылы 1 компьютерге 18 оқушыдан келді, ал 2016 жылы 10 оқушыға бір компьютер болды. Мемлекет білім беру жүйесін ақпараттандыру саясатын қолдайды, бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр, бірақ бұл салада күрмеуі қиын күрделі мәселелер бар. Қазақстан бүкіл әлемдік ақпараттандырудың қолайлы деңгейіне әлі жете алмады. Әлемдік ақпараттандырудың халықаралық стандарты бойынша 5-6 адамға бір компьютерден келуі тиіс.
Үшіншіден, кейбір ауылдық мектептер интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ескере кететін бір жайт, ғаламторға қолжетімділікті арттыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.