Жаңалықтар

Ауыл медицинасының ахуалы қалай? Министрлік өкілі жауап берді

Ауыл медицинасының ахуалы қалай? Министрлік өкілі жауап берді
Фото: Жеке мұрағат 12.07.2023 17:33 1395

Бүгінгі ауыл медицинасының ахуалы билікті де, бұқараны да алаңдататыны анық. Себебі еліміздің шалғайдағы ауылдарын сапалы медициналық қызметпен қамту қашанда өзекті мәселе. Бұл ретте түкпірдегі ауылдарды тегіс аралап шығатын жылжымалы медициналық кешендер мен пойыздардың жұмысы қаншалықты тиімді деген де сұрақ туындайды. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті амбулаторлық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Әсел Қыдыралиевамен осы тақырыпта аз-кем әңгімелескен едік.

El.kz:  Әсел Қазбекқызы, ауылдықтардың көбінде тұрақты жұмыс жоқ. Сол себепті оларда ай сайын үзбей медициналық сақтандыруға жарна төлеуге мүмкіндік бола бермейді. Сақтандырылмағандықтан көбі емханалар қабылдамайды деп ойлайды. Осы қаншалықты орынды? Жалпы ауылдықтарға медициналық көмек қалай көрсетіліп жатыр?

Әсел Қыдыралиева: Бірден айтайын «жұмыссыз болғандықтан, медициналық көмек ала алмай қалады» деген пікірден аулақ болуымыз керек. Тұрақты жұмысы жоқ азаматтар тұрғылықты жері бойынша «Жұмыспен қамту орталығында» ресми түрде жұмыссыз болып тіркелсе, 15 жеңілдік санатына кіріп, мемлекет есебінен сақтандырылған мәртебесін алады. Бұл бір. Екіншіден, ауылдық аймақтарда тұратын азаматтармен қатар, еліміздің барлық азаматы мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде медициналық көмек ала алады. Алғашқы медициналық көмек те қолжетімді, яғни жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауына бара алады. Бұған жедел медициналық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар, онкологиялық аурулар, туберкулез, ЖИТС кіреді. Жыл сайын шалғайда орналасқан елді мекендерде тұратын азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін ауыл медицинасына аса мән беріліп келеді.

El.kz:  Қазір ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның басты бағыты – шалғай ауылдардағы азаматтарға медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Бұған не кіреді? Басым бағыттары қандай?

Әсел Қыдыралиева:Ауыл азаматтарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру Денсаулық сақтау министрлігінің, Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып саналады. Ауыл медицинасын модернизациялау жобасы негізгі үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – ауылдық жерлерді медициналық ұйымдармен қамту. Екінші бағыты – медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету. Үшінші бағыты – жедел медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін ауылдарда 655 медициналық нысан салынады. Олардың ішінде 250 медпункт, 160 дәрігерлік амбулатория бар және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Бұрын-соңды медициналық нысан болмаған елдімекендер таңдалды. Сонымен қатар апаттық жағдайда тұрған нысандар жаңартылады. 32 аудандық аурухана ауданаралық көпбейінді аурухана ретінде қайта модернизациялаудан өтеді.

El.kz:  Жылжымалы медициналық кешен арқылы ауыл тұрғындары толық тексеруден өте алатынын білеміз. Десе де, мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді. Медициналық кешен мен пойыздардың жұмысын халық қалай қабылдап жатыр? Карантиннен кейін қандай өзгерістер бар?

Әсел Қыдыралиева: Жылжымалы медициналық кешен мен пойыздарға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрық бар. Осы бұйрыққа сай, өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларымен жоспар бекітіледі. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы карантинге байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұрды. Медициналық пойыздар мүлде жүрген жоқ. Жылжымалы кешендер 2021 жылдан бастап, ал пойыздар 2022 жылы жұмысын жалғастырды. Айта кету керек, республикалық және жергілікті бюджет аясында бұрын 49 медициналық кешен жұмыс істесе, қазір оның саны    149-ға жетті, яғни 100 медициналық нысан іске қосылды. Әр өңір өзінің елді мекендерін жоспарға енгізеді. Соған сай халық саны есептеліп, күндері белгіленіп, қажет құрал-жабдықтар, мамандармен толықтырылып сол ауылдарға жол тартады. Жалпы мұндай кешендер профилактикалық мақсатта жұмыс істейді. Ауруларды ерте анықтап, нәтижесінде асқынудың алдын алады. Қазір барлық өңір жоспардан қалмай жұмысын жалғастыру үстінде. Яғни жалпы тәжірибелік дәрігер медициналық тексеруден өткен өз учаскесіне кіретін 1700-ге жуық пациентін, оның ішінде балалар мен ересек адамдардың тізімін алады да, қай адамды динамикалық бақылауға алу керек соны амбулаторлық-дәрілік заттармен қамтамасыз етеді. Яғни медициналық кешенде қаралып, сонымен шектеледі деген сөз емес. Әр тоқсан сайын жылжымалы медициналық кешендерде қызмет алған азаматтарға қанша консультативтік-диагностикалық, лабораториялық қызметтер, қай өңірлерде қандай ауру түрлері басым, сонымен қатар қанша азамат қамтылғаны туралы аналитикалық талдау жүргіземіз.

El.kz:  Осы орайда шалғай ауылдар дегеннің анықтамасын айқындап өтсеңіз. Мұндай ауылдар аудан орталығынан қанша шақырым жерде болуы керек?

Әсел Қыдыралиева: Аудан орталығына 5-10 шақырым жерде орналасқан жақын ауылдардың тұрғындарына ауданға келіп-кету оңай. Ал 100 шақырымнан және одан да шалғай жерлерде орналасқан елді мекендердің азаматтарына әрі-бері жүріп тұру қиындық тудырады. Егер ауылдың халқы екі мың болса, ол жерде дәрігерлік-амбулаторлық пункт болуы керек, яғни өз дәрігері болады. 500 тұрғыны бар ауылда медициналық бекет болуға тиіс, азаматтар медбикенің көмегіне жүгінеді. Ал дәрігер керек болса, оған аудан орталығына бару қажет. Демек мұндағы тұрғындар медициналық көмек алу қолжетімсіз болады. Сол себепті мұндай ауылдарға медициналық кешендерді жібереді. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар ауданнан екі шақырым жерде орналасқан, бірақ ортаны өзен немесе көл бөліп жатқан ауылдар бар. Оларға да дәл осы медициналық кешендер қызмет көрсетеді.

El.kz:  Медициналық кешендерде, пойыздарда қандай салалық мамандар жұмыс істейді? Құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

Әсел Қыдыралиева: Жылжымалы медициналық кешендерде және пойыздарда туберкулездің алдын алу мақсатында міндетті түрде флюорограф, маммограф, ултрадыбыстық зерттеу аппараттары, офтальмолог, лор мамандарына қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Ал бейінді мамандарға келер болсақ, міндетті түрде терапевт немесе жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, кардиолог, неврапатолог, хирург, онколог, лор мамандары болады. Дәрігерлерді жіберер алдында елді мекеннің қажеттілігі, ауру түрлері ескеріледі.

El.kz:  Медициналық кешен ауылда қанша уақыт болады? Азаматтар алдын ала құлақтандырыла ма?

Әсел Қыдыралиева: Жоспарға сай, әр өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы барлық ауданға хабарлама жібереді. Әр елді мекеннің азаматтары алдын ала хабардар етіледі. Бұл жерде халық саны ескеріледі. Халық саны аз ауылдарда бір күн тұруы мүмкін. Ал адам саны едәуір көп елді мекендерге 2-3 күн тұрақтайды.

El.kz:  Ұлытау, Жетісу және Абай секілді жаңадан құрылған облыстар да бұл қызмет түрімен толық қамтылды ма?

Әсел Қыдыралиева: Әлбетте. Былтыр жыл соңында оларды 2023 жылдың жоспарына енгіздік. Медициналық пойыздар мен кешендер логистикаға сәйкес аралайтын болады.

El.kz: Азаматтар кешендер мен пойыздардың көмегі арқылы анализдер де тапсыра алады. Ал оның нәтижесін қалай біледі? Нәтижесі Damumed қосымшасына келе ме?

Әсел Қыдыралиева: Иә, олар электронды медициналық ақпараттық жүйелерге салынады. Бұл жерде тек Damumed-ке ғана түспейді. Себебі кейбір өңір басқа ақпараттық жүйелермен де жұмыс істейді. Айта кетерлігі, медициналық кешендер мен пойыздарда жұмыс істейтін дәрігерлер әр пациенттің анамнезін тіркелген емханасына өткізеді. Әрі қарай қажет болса науқастар динамикалық бақылауға алынып, жалпы тәжірибелік дәрігердің бақылауына жібереді. Яғни әр адам жіті бақылауда болады.

El.kz: Ауылдықтарда қандай аурулар жиі кездеседі?

Әсел Қыдыралиева: Қазір ел азаматтарының 41 пайызын ауыл азаматтары құрайды, яғни жартысына жуығы ауылда тұрады. Елді мекендерде ең жиі кездесетін ауру түрлеріне – тыныс алу, қан айналым жүйесі аурулары, ас қорыту және несеп мүшелерінің аурулары кіреді.

El.kz: Биыл пойыздар мен кешендер қандай аймақтарға барып үлгерді? Жалпы қанша ауылды қамту жоспарда бар?

Әсел Қыдыралиева: Осы жылы жылжымалы кешенмен 2 мыңға жуық елді мекенді аралайды, ал пойызбен 117 стансаға барады. Бірінші тоқсанның қорытындысын айтар болсақ, 500-ге тарта ауылға жылжымалы медициналық кешен барып үлгерді. 200 мыңнан аса халық, оның ішінде 40 мыңға жуық бала профилактикалық тексерумен қамтылды. Ал медициналық пойыздар жұмысын 26 сәуірде бастады. Сарапшылар күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Айта кету керек, бұл жұмыстарды Президенті әкімшілігі мен Үкімет жіті бақылап отыр.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға