Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін кімдер көріп отыр?

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін кімдер көріп отыр?
Фото: Коллаж El.kz 11.10.2024 15:15 549

«Ауыл аманаты» жобасы аясында еліміз 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған. Жоба бойынша былтырғы жылы республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.  El.kz тілшісі осы жобаның игілігін көріп отыран кәсіпкерлермен тілдесті.

ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов былтыр Қызылорда облысына осы жоба бойынша 3 миллиард теңге бөлінгенін, жалпы еліміз бойынша Президенттің арнайы тапсырмасы аясында бөлінген қаражаттың 80 пайызы былтырғы жылы малға жұмсалғанын атап өтті.

 «Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын құру, жаңа құрал – «тауарлы несие» енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ азаматтарды өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге оқыту орталықтарын іске қосу көзделген.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  өңірлерді аралап, кәсіпкерлер мен кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауыл халқының табысын арттыруға бағытталғанын, жобаның тиімділігін жоғары бағалап, мемлекет фермерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігін айтып, тапсырма берген болатын.

Сондай-ақ мемлекет басшысы тауарлық кредит беру тәсілін кеңінен қолдану қажет екенін айтты. Бүгінде тауарлық кредит беру «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Әсіресе, Ақтөбе облысында аталмыш бағдарлама бойынша мемлекет тарапынан берілетін 2,5 пайыздық несиемен қатар, тауарлық несие де қарастырылған.

«Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың сөзінше, Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданындағы «Жансая» шаруа қожалығы Батыс, Солтүстік, Ақтөбе облыстарының шаруаларына 640 бас асыл тұқымды жылқыларды тауарлық кредит ретінде таратып берген.

Ал келесі жылы Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарының шаруаларына тағы 600 бас мұғалжар жылқыларын таратып беруді жоспарлап отыр. Партия төрағасы мәжілісте осы мәселені көтеріп, жобаның олқы тұстаныа да тоқталып, премьер–министрінің орынбасары Серік Жұманғаринға депутаттық сауал жолдады.

Мәжілісмен депутаттық сауалында:

Ауыл партиясы белсенділерімен жүзеге асырып отырған тауарлық кредит беру жобалары толығымен мемлекеттік қаржысыз жүзеге асырылып отыр. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны сөзсіз. Біз осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан барынша мүмкіндік туғызып, олардың  өз істерін одан әрі толыққанды жүргізуіне жағдай жасауымыз қажет. Үкімет кез келген бағдарлама қабылдаудың алдында еліміздегі бар тәжірибені терең зерттеп, агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған тиімді қаржыландыру, шаруалардың жұмыстарын үйлестіру, оларды оқыту, ынталандыру бойынша жоғары деңгейде жұмыстарды атқаруға тиісті. Ал қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін оқыту мәселелері оң нәтиже көрсетіп отырған жоқ, – деді депутат Серік Егізбаев.

Депутаттың сөзінше, фермерлер қолданыстағы оқыту бағдарламаларының тиімділігі өте төмен, саны көп, сапасы жоқ индикаторлық анықтамалармен шектеліп қана отырғанын айтуда. Сондықтан оқыту тәсілдерін қайта қарап, озық жобалар негізінде фермерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін мүмкіндіктерді ашу керек деп отыр.

«Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметке мына мәселені ұсынды:

Бірінші – Ақтөбе облысындағы тәжірибені жан-жақты толықтай зерделеуді;

Екінші – республика бойынша тауарлық кредит беруге ниет білдірген фермерлердің тізімін жинақтауды;

Үшінші – тауарлық кредит беретін фермерлерді ынталандыру және қолдау механизмін бекітуді, ол механизмде міндетті екі жақты сақтандыруды, таратылатын малдың негізгі бөлігі асыл-тұқымды болуды және тағы басқа шарттарды қарастыруды  жөн көреді.

Бұл шаралар өңірлердегі мал басын көбейтуге, асыл тұқымдық қасиеттеріне байланысты малдың өнімділігін арттыруға, жалпы экономикамызға оң әсерін тигізетінін айтты.

Қой шаруашылығы саласында тауарлық кредит беруді Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының «Нұралы» шаруа қожалығы бес жылдан бері 4 мың бас қой малын аудан  тұрғындарына тауарлық кредит ретінде таратып беріп отыр. Бұдан өзге шаруашылық ірі қара малды да тауарлық кредит ретінде беруді қолға алған.

Несие алушы ауылдастары 5 жыл ішінде жыл сайын алынған төлдің 50% қайтарып отырады. Яғни, тұрғындар жергілікті шаруа қожалықтарынан ешқандай кепілсіз мал ала алады. Халыққа мұндай мүмкіндік беріп отырған кәсіпкерлердің бірі «Нұралы» шаруа қожалығының иесі – ақтөбелік Кәмшат Төлеуова. Шаруашылығындағы төрт-түліктен ауыл тұрғындарына тауарлық несие беріп, Шалқар ауданында бірнеше кәсіпті игеріп отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы әлеуметтік тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға, жұмыссыз жүрген 10 отбасына Кәмшат Шәкірбекқызы 120 бас сиыр таратып берген. Олар малдың төлімен есептеседі. Яғни, 7 жылмен берген. Оның ішінде бір жылында оларды мазаламайды. Сиырды 7 жылдың ішінде алты рет төлдетіп беру керек. Олар тек қана төлмен 40 пайызын беріп отырады. Ал несие алушы сүт, құрт, май сатып пайда табады, белгіленген мерзімнен соң малға толық иелік етеді. Ал кәсіпкерге келер пайда малдың жайылымына, жем-шөбіне алаңдамай, біраз уақыт төлін алады. Кәмшат Шәкірбекқызының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына тауарлық несиені енгізу оң шешім болған.

Біздер негізі тауарлық несиені 2019 жылы бастағанбыз. Ол кезде тек қана қойға бердік. Себебі қой өте жеңіл, 5 ай ғана көтереді. Басында бергенде қозылай, тоқтылай бердік. Бір жыл бойы ештеңе алған жоқпыз. Тоқтылай берген жылы қошқар салуға тыйым салынды. Одан кейін өзіміз қошқарды әкеліп, қолдан ұрықтандырдық. Бір жылдан кейін 2021-ден бастап төлін жинадық. Қазір 4000 бас беріп отырмыз. Тауарлық несие әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолайлы, – деді кәсіпкер Кәмшат Төлеуова.

Айта кетейік, 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға 17 мың шағын несие беру және ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарына сәйкес 100 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Бүгінгі таңда 91,8 млрд. теңге 14,5 мың шағын несие арқылы берілді, оның есебінен 15,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Бағдарлама шеңберінде кооперативтер құруды ынталандыру үшін кооперативтерді несиелеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін несие беру көзделген.

«Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 6,7 млрд. теңгеге 321 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды.

Кооперативтерді қолдау үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде инвестициялық салымдарды өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 50%-ға дейін ұлғайту көзделген:

Техника мен жабдықтар (тракторлар, комбайндар, тіркеме және аспалы техника) сатып алу;

Сүт өңдеу объектісін құру және кеңейту, сүт қабылдау пункттерін құру, жабдықтар мен техника сатып алу.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін корпоративтік табыс салығының немесе жеке табыс салығының, әлеуметтік салықтың, мүлік салығының, көлік құралдарына салынатын салықтың жалпы белгіленген тәртіппен есептелген сомаларын 70%-ға дейін азайтуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі салық жеңілдіктері қарастырылған.

Кәсіп бастаймын деген кез келген адамға мемлекетте жасалған. Мысалы, әлеуметтік осал топтарға кіретін отбасыларға қайтарымсыз грант та қарастырылған. Қайтарымсыз грант арқылы кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Жәмилә Томашова. Ол – Алматы облысы, Балхаш ауданына қарасты Миялы ауылының тұрғыны. Қайтарымсыз грант бойынша әкімдік арқылы Мейрімен Сауранбектің «Қарызсыз қоғам» атты  бес күндік сабағына қатысып, кәсіп бастауға шешім қабылдаған екен.

«Ауыл аманаты» жобасының игілігін кімдер көріп отыр?

жеке мұрағат 

Өзімнің бұрыннан оқып алған тігіншілік мамандығым бар. Жалғызбасты көп балалы анамын. Жұмыссыздықта тіркеуде тұрған едім. Одан қысқарған соң қандай кәсіп бастасам, не істеуім керек деп жүргенде осы жоба сәйкес келіп қалды. Содан бағымды сынап көрдім. Әрі бес күндік сабаққа қатысқан соң, тігін шеберханасын ашуға бел будым. Бағдарламаға қатысу үшін және оның шарттары қиын болмады. Өзімнің қолымнан шыққан көрпеше, тіккен киімдерді, перделерді комиссия мүшелеріне көрсеттім. Еңбегімді бағалап, қолымнан келетінін көріп қайтарымсыз грант 400 АЕК (1 476 800 теңге) берді, – дейді тігінші Жәмилә.

Тігінші сырт киімдер мен қатар, көрпеше, қыз жасауын тігеді. Кәсіпкердің сөзінше, жан-жақты бола білсең ғана өз ісіңнің мықты маманы боласың.

Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Өзіміздің қазақы нақыштағы киімдерді көп шығаруға ниет етіп отырмыз. Тігінші ретінде алдыңда мақсат болу керек. Сол мақсатқа жету үшін 99 пайыз еңбек ету қажет. Ерінбесең алға қойған мақсатқа жетуге болады. Қиындықтан да мойымай, қорықпай тек алға жүріп отыру қажет. Қайтарымсыз грантқа қажетті техникалар сатып алдым. Тапсырыстар да бар, – дейді Миялы ауылының тұрғыны тігінші Жәмилә Томашова.

Қатарымсыз грантты кез келген адам ала бермейді. Яғни, гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Олар көп балалы аналар, мүгедектігі барлар, аз қамтылған отбасылардың мүшелері және мүгедек бала тәрбиелеп отырған жандар, асыраушысынан айырылған адамдар үміткер бола алады. Сондай-ақ солтүстік өңірлерге қоныс аударатын қоныс аударушылар мен қандастарға да беріледі.

Грант алу үшін міндетті түрде жұмыссыз деген статус немесе дара кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелуі туралы мерзім үш айдан аспауы керек. Бұл жоба жаңа бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік деуге болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға