Жаңалықтар

Ауыл әкімдерінің сайлауына облыс және аудан әкімдері кандидат ұсына алатын мүмкіндік бар – Жанар Боқанова

Ауыл әкімдерінің сайлауына облыс және аудан әкімдері кандидат ұсына алатын мүмкіндік бар – Жанар Боқанова
05.11.2023 10:00 1091

Елімізде екі жылдың ішінде 1705 ауыл әкімі сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Электоралды оқыту орталығының басшысы Жанар Боқанова елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы қалай өтіп жатқаны жөнінде айтып берді.

Елімізде 2021 жылдың шілде айынан бері ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. 2023-2024 және 2027 жылдары аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық режимде өтеді.

«2023 және 2024 жылдары 45 өңір бойынша сайлау өтеді. 2027 жылдары республикалық маңызы бар өңірлерде де сайлау өткізу жоспары бар. Ең бастысы халықтың сенімді өкілге дауыс беруі. Себебі басшылыққа сайланған өкілге халық алдында маңызды міндеттерді атқару тапсырылады. Бүгінде елімізде ауыл әкімдерінің сайлау өте белсенді өтіп жатыр. Жергілікті елді мекендерде халық белсенді қатысып, өзі таңдаған өкілге дауыс беруде. Ауыл әкімдерінің сайлауына партиялар да өз ұсыныстарын берді. Өзін-өзі ұсынған азаматтардың қатары да аз болған жоқ. Егер партия атынан ұсынылған және өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға ұсыныс білдірмесе, облыс әкімдері мен аудан әкімдері кандидат ұсынуға құқы қарастырылған», - деді Боқанова.

Жанар Боқанова сайланған әкім халықтың көңілінен шықпаған жағдайда жаңа императивтік мандат енгізілгенін атап өтті.

«Бұл жаңа норма. Жаңадан сайланған әкім бір жылдың ішінде өзіне жүктелген міндеттерді дұрыс орындамай, халықтың көңілінен шықпаса онда оны қайтара алады. Бірақ оның заң бойынша тәртібі бар. Атап айтқанда заң бойынша биліктің халық алдында жауаптылығы және дауыс беріп, сайлаған азаматтар да жауапты болуы керек. Яғни, ол ауылдың тұрғындары әкімге өздері дауыс беріп, өздері сайлады, егер болашақта елді басқаруда кемшіліктер туса өздерінің де қатыстары бар дегенді білдіреді. Халық сайлау арқылы елді басқару құқығын әкімге береді. Әкім сол арқылы елді басқарады. Бұл демократияның бір көрінісі», - деп түсіндіріп берді.

Маманның айтуынша, халыққа да, билікке де өз-өзін басқаруға мүмкіндік беріледі. Өңірлерде туындаған мәселелерге тек қана орталық билік жауапты болмайды. Өңір басшылары мен тұрғындары да жауапты.

Жанар Боқанова елімізде сайлаудың белсенділігі өте жоғары болғандықтан болашақта әкімдерден де нәтижелі жұмыс күтетінін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға