Жаңалықтар

Аутсайдерлер күні

Қазақстан Премьер-лигасының кезекті туры өз мәресіне жетті
Аутсайдерлер күні
01.06.2018 22:24 3705

Көктемнің соңғы күніндегі кездесулер тартысқа толы болды. Әсіресе, Алматының орталық стадионында өткен ойын жанкүйерлер есінде ұзаққа сақталуы тиіс. Аутсайдер командалар бұл турда бар шеберліктерін ортаға салып, ұпай қорын толықтыра түсті.

«Жетісу» – «Шахтер» 1:0 (1:0)

Гол салған: Малакян, 14

Алғашқы 15 минуттық «Жетісу» футболшыларының басымдылығымен өтті. Олар бірнеше мүмкіндіктерді жіберіп алғанымен, 14 минутта армяндық легионердің көмегімен есеп ашты. Оң қапталдан оқтай зулаған Оганесян Бойовичке пас қалдырған, 9-нөмерлі шабуылшының соққысы діттеген жерге жетпеді. Бірақ, қорғаушыдан кері серпілген доп тағы бір посткеңестік аяқдопшы Малакянды тауып, ол мүлт кетпеді. Бұл – Эдгардың беташар голы! Ал «Шахтердің» алдыңғы шептегі ойынына қан жүрмеді. Тіпті, жергілікті команданың қақпасын қорғаған Шабановтың аумағына доп жетпей жатты. Ал жетісулықтардың есепті еселеуге деген талпынысын жоғары бағалауға болады. Алға ұмтылған Мавутор қауіпті соққы жұмсағанымен, Шацкий бұл жолы өз иелігін бере қоймады. Одан соң, Ибраев пен Жалилов кезекті шабуылдың басын бастағанымен, тағы да түйіндеуге келгенде сәттілік серік болмады. Белсендірек болған Сабырхан жоқ жерден Бойовичке керемет пас шығарған. Ал Миланның тепкен добы маңдайшадан биік ұшты.

Ойынның екінші бөлігінде жергілікті команда таблодағы көрсеткішті ұстап қалу үшін тырысып бақты. Бірақ, «Шахтер» ойыншыларына алға ұмтылып, гол салу тапсырмасы берілмегендей. Алыстан соққы бағыттағанға жаны құмар Стоянович  те, Кояшевич те бұл ойында Шабановты жиі мазалағысы келмегендей. Владимир Журавель шәкірттеріне қандай тактика бойынша ойнауды тапсырғаны түсініксіз. Әйтеуір Вухтың шығуымен орталық қазақстандықтардың ойынына аздап қан жүгіргенімен, ауыз толтырып айтар шабуылға куә болмадық. Ал қарағандылық кипер бірлі-екілі қауіптің бетін қайтарып, есептің еселенуіне жол бермеді. Негізгі уақыттың аяқталуына аз қалғанда Ткачук екінші рет ереже бұзып, алаңнан қуылды. «Шахтер» ойыншылары бүгінгі ойындағы осы бір қызыл қағазымен ғана есте қалғандай. Кездесудің қосымша уақытында Хромцев Огонесяннан пас алып, ойынның нүктесін қоюға дайын болған, бірақ спортшының ойлағаны іске аспады.

«Шахтер» қатарынан бесінші ойында ұтылып, гол соға алмай жүр. Клуб басшылығы қандай шешім шығарарын күтейік. Неде болса, жаздық трансферде айтарлықтай өзгеріс болуы ықтимал. Ал «Жетісу» 14 ұпаймен, 7-орынға көтерілді.

«Тобыл» – «Қызыл-Жар» 0:1 (0:1)

Гол салған: Пуношевац, 42

Алаң иелері ойынды қарқынды бастады. Алғашқы минуттардан-ақ Нұрғалиев қызылжарлықтардың иелігін бағындыруды көздеген. Бірақ, жартылай қорғаушының тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Содан соң, Пунашевацтың көтерген спорттық снарядын Коронель өз дегеніне икемдей алмады. Жарты сағаттықта бұдан басқа алып бара жатқан қызықты ойын бола қоймады. Тек матчтың алғашқы бөлігі аяқталуға 3 минут қалғанда Петропавловсктан келген футболшылардың «асығы алшысынан тұрды». Грузия елінен келген Григалашвили Мульдиновке доп жеткізген, ал Тимур жерлете теуіп, Непогодовтың шеберлігін бір сынады. Өз кезегінде қостанайлық кипер допты тура алдына қайтарды. Пуношевацтың аяғын дәл тапқан доп қайта қақпаға бағыт алып, торда тулады.

Гол жіберіп алған «Тобыл» ойыншылары үш ұпай үшін барын салды. Ойынға жаңадан қосылған Нөсербаев Тұрысбекке пас жеткізген. Бауыржанның тепкен добы діттеген жерден табылмады. Одан кейін сол Тұрысбектің тағы бір тамаша мүмкіндігі болған, бірақ шабуылшының допты тура бағыттауға шеберлігі жетпеді. Қонақтар қарап жатпай, Мульдиновтың қиыс соққысымен жауап қатты. Келесі кезек тағы да қостанайлықтарға жетіп, есепті теңестіруге шақ қалған еді. Мирошниченко әуелетіп келген допты Цирин иелігіне ендіре алмады.

Бұдан соң алаңға Нұрбол Жұмасқалиев шығып, ойынның бағытын өзгертуге ат салысты. Қазақ футболының ардагері үшін бұл маусымдағы алғашқы матч еді. «Қызыл-Жар» автобус тактикасы арқылы жеңіске жетті деуге толық негіз бар. Олардың орта шептегі ойыншыларын бұзып өту, жергілікті теңбіл допшылар үшін алынбас қамалдай болғаны анық. Екінші таймның соңғы он минуттығы Цириннің керемет сейвтерімен есте қалды. Алғашында Жұмасқалиевтен келген допты қайтарса, келесі тоғыздыққа бағытталған Нөсербаевтың соққысына тосқауыл қоя білді. Бұл матчтың үздік ойыншысына ретінде Циринді атауға әбден болады. Қостанайдағы жеңіс – қызылжарлық ойыншылардың сырт алаңдағы алғашқы жеңісі. Ал жергілікті клубтың бас бапкері Никитенко екі жетілік үзілісте командасының нәтижелі ойын көрсете алмауын талқылайтыны белгілі. Үш ұпайды қанжығаға байлаған қонақтар турнир кестесіндегі соңғы орынды «Ақтөбеге» қалдырып, жоғары көтерілді. Олар үшін ендігі қарсылас соңғы уақыттары барлығына ұпай таратып жүрген «Шахтер» болмақ!

«Ордабасы» – «Атырау» 0:2 (0:1)

Гол салғандар: Зенькович, 25, Аденидже, 89

Салынбаған пенальти: Диакате, 53 (қақпашы)

Бас бапкер Дерменджиев 1-2 күн бұрын берген сұхбатында команданың 3-4 айдан бері жалақы алмай келе жатқанын айтқан еді. Шымкенттік ойыншылар бұл проблемаға қарамай, ойынды қарқынды бастап, жеңіс үшін ойнайтындықтарын көрсетті. Бірақ, бұл кездесуге жарақат алып қалған білікті аргентиналық қорғаушы Фонтанелло шықпағандықтан, орталық қорғаныста біраз қиындықтар туындады. Оның орнын басқан Ұлар Жақсыбаев барынша тырысқанымен, алғашқы гол дәл соның иелігіндегі аумақтан кірді. Қалмұратовтың пасын Зенькович керегіне жаратып, алаңға бұл маусымда алғаш рет шығып тұрған Лорияны қапы қалдырды. Форвардтың баспен ұрған соққысы, Давид үшін қиындық туғызды.

Ойынды құтқаруға шын кіріскен ордабасылықтардың бір шабуылы өз нәтижесін беруі тиіс еді. Нагаевтан пас алған Досмағамбетов қанша тырысқанымен, спорттық снарядты маңдайшадан жоғары тепті. Екінші таймда 100 % пайыздық мүмкіндік желге ұшты. Өз айып алаңында Сергиенко Бочаревты шалып жығып, төреші нүктені көрсетті. Ал соққы жасаған Диакатенің соққысын Логиновский қайтарып, ерлік жасады. Мүмкін, есеп теңескенде ойынның келесі бөлігі басқаша өрбір ме еді? Кім білсін?

Шымкенттік жаттықтырушы алаңға Ли мен Джигауриді жіберіп, шабуылды күшейткен. Қос ойыншы атыраулық киперді қаншама айналшықтағанымен, бір гол салуға дәрмендері жетпеді. Өз жанкүйерлері алдында намысқа тырысып, ең болмағанда есепті теңестіру үшін алға ұмтылған ордабасылықтардың дегені жүзеге аспады. Керісінше, Живкович пен Хайруллиннан келген қауіпті соққылар Лориядан қайтты. Әсіресе, соңғысының бағыттаған добын қақпадан алып шыққан Давид суперсейв жасады. Ал ойын соңында Аденидженің голы қорғаушы мен қақпашының түсініспеушілігінен орын алды. Жаңа командасы үшін өткізіп жатқан алғашқы ойында осындай «миға сыймайтын» гол жіберу Қазақстан құрамасының экс-киперіне аса ауыр соққан да болар. Төреші қосқан қосымша минутта Ли есепті қысқартуға ниетті еді. Оның тепкен добы Логиновскийден әрі аспады. Жергілікті команда осымен 6-шы жеңілісін мойындап, турнир кестесінде ізінен келе жатқан клубтардың ұпай қысқартуына жол берсе, «Атырау» қонақта сенімді ойнап, екі апталық үзіліске жақсы көңіл-күймен кетті.

«Қайсар» – «Астана» 0:2 (0:1)

Гол салғандар: Твумаси, 22, Мұжықов, 65

Негізгі ойыншылар Исламқұлов, Жанғылышбай, Курьор, Джа Джеджелердің ойынға араласа алмауы қасқырлар бапкерін құраммен біраз толғантқан болар. Не болса да, ел чемпиондарына қарсы ойында, жергілікті ойыншылар бар білгендерін көрсетті. Тек оларға қарсыластары секілді шеберлік пен біліктілік жетіспегені анық. Алғашқы минуттан ганалық шабуылшы Патрик Твумаси белсенді болып, Григоренконың қақпасын біраз торуылдады. Томасов, Деспотовичтердің белсенділігі нәтиже бермегенімен, алғашқы гол ойынның 22 минутында соғылды. Томасов өз әріптесіне қиыннан қиыстырып пас жеткізген, ал Патрик мүлт кетпей, қақпашыдан айласын асыра алды. Бұл голдан соң, өз жанкүйерлерін жерге қартпауды ойлаған «қайсарлықтар» есепті теңестіруге шақ қалды. Бұрыштамадан келген допты қайтаруға оқталған Эрич қателікке бой алдырып,  Аржановтың иығына тиген доп қақпа торының сыртына жанасты.

Екінші таймда алаңда  жан алысып, жан берісу болмаса да астаналықтар есепті еселеуге ниетті екендіктерін танытып жүрді. Сондай сәттің бірінде сербтік форвард Деспотович қасқырлар қақпашысының дәл қолына тепті. Одан кейін стандарт кезінде Логвиненкодан келген былғары допты Томасов  Григоренкодан өткізе алмады. Қақпашы өз орнында!

Ойынның 65 минутында сол қапталдан хорват легионері Мұжықовқа пас берді. Серікжанның алдын орауды көздеген Григоренконың дегені болмай,  жартылай қорғаушы есепті еселеп кетті. Томасов екі нәтижелі паспен көзге түсті. Ал«Қайсардың» бес кездесуге созылған «құрғақ ойынына» нүкте қойылды. Бірақ, негізгі қақпашы Марсель Исламқұловтың гол жібермеген минуттары 557-ні көрсетіп тұр. Бұл рекордтық көрсеткішті ол қашанға дейін сақтайтыны белгісіз.

«Ертіс» – «Ақжайық» 2:0 (2:0)

Гол салғандар: Стаменкович, 25, Салами, 39 (пенальтиден)

«Ертіс» ойынды қарқынды бастағанымен, алғашқы қауіпті соққы қонақтардан келді. Иван Антиповқа қарымта шабуылды қорытындылауға сәтсіздік жетпей қалды. Калмыков өз орнында! Ойынның 23 минутында алаң иелері стандарт орындауға мүмкіндік алды. Попадюктің көтерген добы Стаменковичтің басына жетіп, Боровик қорғаған қақпаның торын тапты. Оралдық кипердің мұндай соққыны қайтаруға еш дәрмені болмады. «Ақжайық» көп ұзамай өз аймағында ереже бұзып, төреші нүктені көрсетті. Бұрыштамадан келген доп үшін таласта, африкалық ойыншы Малик Мане Шабалинді шалып шығып, 11 метрлік айыпдобымен жазаланды. Нүктеге келген Салами гол соғып, командасын жеңіске бір табан жақындата түсті.

Бірінші тайм аяқталар тұста Нигерия ұлттық құрамасының шабуылшысы дубльдің авторы атануға шақ қалды. Боровиктің сол қапталын көздеген Гболаханның тепкен добы ойлаған жерінен табылмады. Сол сияқты оралдықтардың да есепті қысқартуға мүмкіндігі болды. Алға ұмтылған Сапанов маңдайшадан биік тепті. Ал екінші таймда Есімов қарсыластарынан тамаша өтіп, соққы жасауға тырысқанымен, ойлағаны іске аспай, доп Шабалинді тапты. Боровик іске араласып,теңбіл допты шығарып үлгерді. «Ертістің» шабуылын ойынға тыңнан қосылған Фонсека күшейтті. Бірақ, ол да өз мүмкіндігін пайдаға асыра алмады. Қонақтар да қарап жатпай, Ткачук пен Худобяк ықпалымен қауіптірек ойнауға тырысты. Қалмықовты қапы қалдыру мүмкін болмағандай. Ол Ерсәлімовтың қиыннан қиыстырған соққысын алтылықтан алып шығып, ойынға жиылған жанкүйерлердің қошеметіне ие болды. Осылайша, «Ақжайықтың» басты сұрмергені Адеринсол Эсеоланың жоқтығы білініп қалды.

Ойынның бітуіне он минут қалғанда Салами қос бірдей шабуылға нүкте қоя алмады. Сондай-ақ, Орал командасының сапындағы шабуылшы Мане есепті қысқартуға бір табан жақын қалған еді. Сол қапталдан Нұрғалиевтен пас алған Малик баспен қақпа маңдайшасынан биік ұрды. Тартысты кездесуде үш ұпайға қол созған «Ертіс» 4-ші сатыда келе жатқан «Ордабасыны» қуып жетуге аз қалды. Нағыз қызықты кездесулер алда болатын секілді. Бірақ, келесі тур қос клуб үшін оңайға соқпайды. Себебі, «Ертіс» Астана қаласына қонаққа келсе, Оралда жергілікті клуб пен «Қайрат» бақ сынасады. 17 маусымдағы кездесулердің де тартысқа толы болатынына күмән келтірмейміз.

«Қайрат» – «Ақтөбе» 3:2 (1:2)

Гол салғандар: 1:0 Исламхан, 3, 1:1 Пиззелли, 15, 1:2 Пиззелли, 30, 2:2 Иличевич, 77, 3:2 Сильвейра, 89

12 мыңға жуық жанкүйер жинаған ойын осы турдағы ең тартыстысы болды. Матч бастала сала, шабуылға шыққан «Қайрат» капитаны қақпа маңына дейін жетіп, шабуылшыларға пас берем деп ойлаған. Бірақ, қорғаушылардан кейін серпілген доп Исламханды қайта тауып, ол жерлете қақпаның оң бұрышын дәл көздеді. Есеп 1:0. Бұл голдан соң, қонақтардың ірі жеңілісі болуы ықтимал деген болжамдардың күлі көкке ұшты. Себебі, ойынның 15 минутында «Ақтөбе» ойыншылары қақпаға жақын маңнан айып добын тебуге мүмкіндік алды. Ал бұл соққыны Армения құрамасының бразилиялық ойыншысы Пиззели орындап, турдағы ең әсем голдардың бірін соқты. Оның тепкен ала добын Плотников көзбен ғана шағырп салды. Есепті теңестіріп, естерін жиған қонақтар алға ұмтылды. Олардың қауіпті шабуылдары бірінен соң бірі орын алып, халық командасының жанкүйерлерінің жүйкесі жұқара бастады. Олардың алаңдауына түпкілікті себеп болған тағы сол – Пиззели. Қақпа алдындағы тағы бір қателікті сәтті пайдаланған жартылай қорғаушы командасын есепте алға шығарды.

«Қайрат» үшін бұл бірінші таймдағы соңғы сәтсіздік емес еді. Шабуылшы Чума Анене жарақат алып, орнына Иличевич ойынға қосылды. Ал матчтың келесі бөлігінде жас қорғаушы Әліптің орнын Жуков басты. Тыңнан қосылған қос аяқдопшы алматылықтардың ойынына қан жүгіртті. «Қайраттықтардың» қатарына Угу Сильвейра қосылып, бапкер жүктеген тапсырманы тамаша орындады. Бәрін басынан бастасақ. Ойынның 77 минутында Андрей Аршавин қорғаушылардың арасынан өтіп, Угуға пас жеткізген. Оның соққысын қорғаушылар қайтарғанымен, Иличевичтің жолын бөгей алмады. Есеп – 2:2! Орталық стадион дүр сілкінді. Бірақ, ақтөбеліктер қарымта шабуылға шығып, 3-голды соғуа тамаша мүмкіндікері болған. Пиззели мен Валиллун Постниковтың иелігін бағындыруға сәл-ақ қалды. Ойынның соңғы минутында Исаэльдің айып алаңға шығарған добы Сильвейраның басын тапты. Ол екі қорғаушының ортасынан Нұрмұхаметовтен айласын асырып кетті. Тартысты ойында қайсарлық көрсеткен «Қайрат» футболшылары ерледі. Дегенмен, Карлос Феррердің шәкірттерінен нақты бір ойын жүйесін көру қиын. Футболшылардың шеберліктері мен біліктілігі арқасында халық командасы чемпиондық үшін таласып келеді. Шамасы қай жерге дейін жететіні әзірге беймәлім!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға